astana-view

«Мамандықтар қаласына» саяхат

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Жетісу облысы
7887 просмотров

Өңірде алғаш рет «Profiland» кәсіби бағыт-бағдар беру жобасы ұйымдастырылды 

«Profiland» – Кәсіпкерлер палатасы, «Didakt-kz» кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығы мен Талдықорған қаласы Оқушылар сарайы бірлесіп ұйымдастырған шара. Оның басты мақсаты – мамандықтармен таныстырып қана қою емес, оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу. «Мамандықтар қаласы» Оқушылар сарайында орналасқан. 120-дан астам оқушы, білім беру мекемелері, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері қатысқан мұндай ауқымды шара облыста алғаш рет өткізіліп отыр.

«Біз шараны мектептерде немесе кабинеттерде өткізуді қаламадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз алаң дайындап, мамандармен бетпе-бет кездесіп, сұрақтар қою үшін, білім беру ұйымдарының өкілдерін, кәсіпкерлерді, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандарын шақырдық», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Салтанатты жиын барысында қашықтықтан жүргізілген эсселер байқауының жеңімпаздары мен лауреаттары марапатталды. Байқау 2016 жылдың 10 қазаны мен 25 желтоқсаны аралығында жүргізілген еді. Байқауға Талдықорған қаласы мен Алматы облысы аудандарының жалпы білім беретін мектептерінің 6-11 сынып аралығындағы 50-ден астам оқушысы қатысты. Оқушылар болашақ мамандықтары туралы ойларымен бөлісті. Сонымен, 1-орынды Игорь Ли (Қаратал ауданы С.И. Морозов атындағы №51 гимназия) алса, 2-орын Назерке Шынжырбекова (Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы мектеп) мен Сағыныш Каметаеваға (Қаратал ауданы Б. Римова атындағы мектеп-гимназия) бұйырды, 3-орынды Гүлнұр Айдарханова (Алакөл ауданы), Диляра Жетпісбаева (Панфилов ауданы Н.К.Крупская атындағы мектеп) және Раушан Мұхаметжандар (Қаратал ауданы Б.Римова атындағы мектеп-гимназия) өзара бөлісті. Оларға дипломдар мен облыстың кәсіпкерлері тағайындаған қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Қалған байқауға қатысушылар 10 аталым бойынша марапатталды. Сондай-ақ «Didakt-kz» орталығы «Кәсіби навигатор» клубының қатысушыларына дипломдар табыстады.

Шара «Мамандықтар қаласында» жалғасын тапты. Оқушылар онда «Х адамдар: Profiland-ке саяхат» квест-ойынын ойнады. Ойын шарты бойынша балалар берілген мамандықтың образына еніп, таңдаған мамандығының қиын да қызық тұстарын сезініп көрді. Қатысушылар 10 командаға бөлінді, оларға 10 станса бойынша құпия бағыттың парақшасы ұсынылды. Онда 10 мамандық қарастырылған: шаштараз, тігінші, өрт сөндіруші, әскери адам, фельдшер, ветеринар, газ-электр дәнекерлеушісі, жиһаз жасаушы, дизайнер, электрик. Оқушылар мамандықтармен танысып қана қоймай, өз қолдарымен орындықтар мен сөрелер жасап, күшіктің қысымын өлшеп, оған УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) жасады, құмда сурет салып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізді, жаңа киімдер тігіп, адамдарды құтқарды. Әр стансада оларды жаңа тапсырмалар мен сұрақтар күтіп алды. Ең жылдам 3 команда демеушілер ұсынған арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«Квестке қатысу ойыншыларға тәжірибе жүзінде мамандықтарға машықтануға, командада өнімді жұмыс істеуге, ортақ мақсатқа жету жолында тіл табысуға мүмкіндік береді. Командаларда түрлі мектептер мен сыныптардың оқушылары болғанын айта кеткіміз келеді», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарова. Оқушылар жоба үшін алғыстарын білдіріп, осы бұқаралық шараның маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті. Енді ұйымдастырушылар «Profiland-ті» жүйелі түрде, жиі өткізіп тұруды және оқушыларды бұдан да көбірек қамтуды жоспарлап отыр.

Мамандар даярлау Кәсіпкерлер палатасының басым бағыттарының бірі екенін атап өткіміз келеді. Сондықтан, Білім басқармасымен бірлесе отырып, облыстың барлық мектептерінде кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Палатаның ықпал етуімен Талдықорғанның Оқушылар сарайында «Didakt-kz» кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығы ашылды. Орталық кәсіпби тұрғыдан өзін-өзі анықтау үшін түрлі кездесулер, кеңес берулер мен тренингтер өткізеді. Мұнда тұлғалық бағыттау тәсілі мен заманауи әдістемелердің түр-түрі қолданылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер