Электронды шот-фактураға өту бизнеске қаншалықты тиімді болды?
Республикалық Бухгалтерлер клубының алғашқы отырысы өтті
Былтырдан бері қазақстандық бизнес-қоғамдастық электронды шот-фактураға өту мәселесін бірнеше мәрте талқылағаны баршаға мәлім. Естеріңізде болса, бұл онлайн-есеп беру жүйесі 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап енгізілген. Сондай-ақ, биылдан бастап, аталған талаптарды орындамаған кәсіпкерлер айыппұл төлеуге мәжбүр болады: дұрыс рәсімделмеген шот-фактура сомасының 30%-ы. Сома көлемі қомақты болғандықтан, жекеменшік компаниялардың бухгалтерлеріне компьютер алдында ертелі-кеш отыруға тура келді. Десе де, жүйе ережелеріне қатысты бірқатар техникалық кемшіліктер әлі де бар дейді сала мамандары. Жалпы, шот-фактураның электрондық нұсқасы бизнесмендер ісін жеңілдету мақсатында енгізілді. Алайда, жаңа технологияларды меңгеру үшін, кәсіпкерлерге бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-маманды жалдауда біраз шығынға батуға тура келді. Мәселенің мән-жайына қанық болған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Бухгалтерлер клубы мүшелері бизнесмендерге көмек қолын созды.
«Бухгалтерлер клубының рөлі күн санап артып келеді. Біз барлық кездесулерге қатыстық. Мәселені талқылау үшін, Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік кірістер және әдіснама департаменті жетекшілерін де шақырды. Бізді құлақ қойып тыңдады. Осындай кезекті талқылаулардан кейін, заңнама актілері мен толтыру ережелеріне бірқатар түзетулер енгізілді»,– деп атап өтті «Sinooil» ЖШС бас бухгалтерінің орынбасары Галина Рамазанова.
Естеріңізде болса, Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Бухгалтерлер клубы былтыр құрылған еді. Орталық аппаратта оң нәтижелерге қол жеткізген ұйым, Палатаның өңірлік филиалдарында да осы сынды Бухгалтерлер клубының ашылуына түрткі болды. Осылайша, клубтың бірінші отырысында электронды шот-фактуралар мәселесі талқыланды. Басқосуда елдің 16 қаласынан мыңнан астам жекеменшік компаниялар байланысқа шықты.
«Бүгін бізде күн тәртібінде бухгалтерлерден келіп түскен 100-ден астам сауал бар. Олардың барлығы түсіндіруді қажет етеді. Бухгалтерлер клубына келетін қонақтар арасында – мемлекеттік кірістер, әдіснама және статистика департаменттерінің өкілдері бар. Осындай өзара бірлескен іс-қимылдардың арқасында, біз есеп беруге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді шеше алдық. Енді, Бухгалтерлер клубы Қазақстанның барлық өңірінде ашылған уақытта, клуб жұмысы бұрынғыдан да табысты болатынына сенімдімін»,– деді «Атамекен» ҚР ҰКП Бухгалтерлер клубының үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: