astana-view

«Қазақтелеком» кәсіпкерлерге айыппұл төлейді ме?

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Жетісу облысы
5572 просмотров

Интернет байланысының жоқтығы кәсіпкерлерді заң бұзуға итермелеп отыр

«Қазақтелекомның» Алматы облысы аумағының 90%-ы интернетпен қамтамасыз етілгені туралы ақпаратына қарамастан, коммуникацияның жоқтығы салдарынан кейбір кәсіпкерлер POS-терминалдар орната алмай отыр. Бұл проблема Бухгалтерлер клубының төртінші отырысында сөз болды.

Текелі қаласы бухгалтерлерінің айтуына қарағанда, интернет байланысына қатысты туындаған проблемалардың кесірінен олар терминалдар орната алмай жүр екен. Осының кесірінен, оларға айыппұлдар салынуы мүмкін. Оператор филиалына бірнеше мәрте жүгінгенімен, одан еш нәтиже шықпаған. Сондықтан кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева «Қазақтелеком» АҚ филиалы басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, бизнеске қатысты туындаған мәселелерге жауап алуды ұсынды. Ұлттық операторға қойылар сұрақ та аз емес екен. Сонымен бірге, компаниялаар өкілдері бірыңғай ақпараттық жүйеде техникалық олқылықтар көптеп орын алады деген шағым айтты. Ал бұл, өз кезегінде, электронды шот-фактураларды жедел түрде беруге мүмкіндік бермейтін көрінеді. Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) басшысы Құлмұханбет Исаковтың айтуынша, қандай да бір қателік туындай қалған жағдайда бірден қолдау қызметіне хабарласқан жөн. Ол ондағы мамандар олқылықтың орнын толтыратынын айтып сендірді.

Бухгалтерлер клубының төртінші отырысы МКД алаңында өткенін атап айту керек. Кездесуге Талдықорған мен аудандардан 120-дан астам маман қатысты. Отырысты департамент басшысы Құлмұханбет Исаков ашты. Оның айтуынша, бірлесе атқарылған жұмыстың арқасында кәсіпкерлердің көптеген өзекті проблемалары тиімді түрде шешіле бастаған.

«Бүгінде бізде кері байланыс жолға қойылған. Бірлесе жасалған жұмыс та өз нәтижесін беруде. Мысалы, қазірде шағымдар азайып, сот процестері де кеми түсті. Менің ойымша, осындай түсіндіру жұмыстары аудандардағы бірлескен көшпелі отырыстарда жалғасын табуы керек», – деді Қ.Исаков.

Палата директоры Ләззат Шыңғысбаева жемісті ынтымақтастық орнағанын тілге тиек етіп, департамент басшылары мен сарапшыларына Клуб жұмысына белсене қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Семинар МКД түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Жанболат Өксікбаевтың сөзімен басталды. Жаңа өзгерістерге сай, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК ретінде тіркеуге алу хабарлама тәртібіне ауыстырылады. Хабарлама мемлекеттік кірістер органдарына немесе  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы бірлескен кәсіпкерліктің тіркеу деректері және (немесе) қатысушылары (мүшелері) туралы деректер өзгерген сәттен бастап он күннің ішінде ұсынылады.  

Түзетулер ҚҚС бойынша тіркеуден шығару жөніндегі бапқа да енгізілген. Егер, осыған дейін 571-баптың 4-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, ҚҚС бойынша тіркеу есебінен алу ЖК немесе заңды тұлғаның тіркеуі жарамсыз болып танылған жағдайда жүзеге асырылып келген болса, биылдан бастап тіркеу есебінен заңды тұлғаның қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған кезде ғана алынады. Сонымен бірге, осы баптың (ҚҚС бойынша тіркеуден шығару ҚҚС төлеушісі ҚҚС декларациясында екі үздіксіз салықтық кезең аралығындағы тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сату және сатып алу бойынша айналымдар туралы мәліметтерді көрсетпеген жағдайда жүзеге асырылады) 6-тармақшасы мүлдем жоқ.

«Ірі салық төлеушілерді бақылауды жетілдіру мақсатында Салық кодексінің 623-бабына түзетулер енгізді. Бақылануы тиіс салық төлеушілер қатарынан коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекеттік кәсіпорындар алынып тасталды. Сонымен бірге, ірі салық төлеушілерді іріктеу тәртібі нақтыланып, тізімге қала құрылысымен айналысатын заңды тұлғалар санатына жататын қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутекті шикізат саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар енді. Мәселен, 2017-2018 жылдары ірі бес компания мониторингтан өтуі тиіс», – деп атап өтті маман.

Биыл арнайы салықтық патенттен өзге салық салу режимдеріне өту 2017 жылдан 2020 жылға ауыстырылды (32 қызмет түрі бойынша). 448-баптан ауылшаруашылық кооперативтері ауыл шаруашылығы, теңіз (балық шаруашалығы) өнімдері өндірушілері және ауылшаруашылық кооперативтеріне арналған салықтық режимді қолдану мақсаты үшін меншік құқығындағы жер телімінің болу шарты алынып тасталды.

Сонымен бірге, бухгалтерлердің алдында Клуб модераторы Анар Қалабаева сөз сөйлеп, жаңа Салық кодексін жасау бойынша медициналық сақтандыру саласы мен ҰКП жұмысына қатысты өзгерістер туралы айтып берді. Мысалы, салықтық және кедендік заңнама саласындағы өзгерістер мен қолданыстағы нормалар туралы мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Ж.Нұршанова, үшінші елдер импортын әкімшілендіру және Кедендік одақ бөлімінің басшысы Ж.Ердаулетұлы, камералық бақылау бөлімінің басшысы Г.Сармурзинова, түсіндіру жұмыстарының бас маманы Д.Тарыбаев, кедендік бақылау бөлімінің басшысы Г.Оразова, күштеп өндіріп алу бөлімінің басшысы А.Әбділдинова әңгімеледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер