astana-view

Кооператив құрсаңыз, тәуекелін де ұмытпаңыз

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
5905 просмотров

АӨК (ауылшаруашылық өндірістік кооперативін) ашқаннан кейін фермерлер жер, жайылым, шабындық алуға қатысты бірқатар проблемаларға тап болған 

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы ауылшаруашылық өндірістік коопертивтерін құру жұмысын одан әрі жалғастырмақ. Жалпы облыс бойынша 957 мүшесі бар 85 ауылшаруашылық кооперативі құрылған. Сол сияқты тіркеуге ниет білдірген тағы 10 кооператив бар екен. Ауылшаруашылық кооперативтерін құру жұмыстары кезінде Кәсіпкерлер палатасы филиалы қызметкерлері шаруаларға көмек көрсетіп келеді. Олардың қатарында АӨК ашу, тіркеу, субсидия және лизинге техника алуға  қатысты жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары да бар. Бұл ретте тек Алға ауданында ғана 17-ге жуық кооператив ашылған екен. Олардың дені – егін және мал шаруашылығы копперативтері. Аудан өңірде АӨК құру көрсеткіші жөнінен көш бастап тұр.

Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллиннің қатысуымен өткен көшпелі жиналыс барысында облыстық Кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұқанов, ауыл тұрғындарын кооперация құру ісіне жауапкершілікпен қарап, барлық тәуекелдерді ескеруге шақырды.  Сонымен қатар ол, кооператив мүшелерінен келіп түскен, бірқатар мәселелер мен «Атамекен» Ұлттық палатасы қолға алып жатқан қолдау шалараларына тоқталып өтті.

«Күн сайын фермерлер көптеген мәселелермен бетпе-бет келіп жатады. Мұндай проблемаларды шаруаларға өз күшімен шешу қиынға соғатыны сөзсіз. Олардың басым көпшілігі жер алу, ауыл шаруашылығын субсидиялау мөлшерлемелерін кеш бекітуге қатысты болып отыр. Сосын салыққа қатысты көптеген сауалдар түсіп жатады. Сондай-ақ, АӨК мүшелері, бір есепті бірнеше ведомствоға қайталап өткізу жөнінде шағым түсірді. Және ол есептер жазбаша да, ауызша да сұралатын көрінеді», – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

«Алға өнімі» АӨК жетекшісі Арыстан Досымов салыққа қатысты екі есе «салмақ түсіп» отырғандығын айтты. Ол аудандағы алғашқы ауылшаруашылық кооперативтерін құрушылардың бірі екен. Бүгінде кооперативке 4 шаруа қожалығы біріккен. Олар биыл жазда қожалықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Алайда оған жер, жайылым мен шабындықтар алу сияқты мәселелер қолбайлау болып отыр дейді кооператив басшысы.

Осыған орай, Палата ауылшаруашылық кооперативтері қызметін жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстарды әзірлеп, Алға ауданы әкімдігі тарапынан қолдауға ие болыпты. Олардың қатарында жақын арада Палатаның аудандық филиалында ауылшаруашылық кооперативтерінің салық төлеу жүйесін, жер комиссиясы құрамына Алға ауданы Кәсіпкерлер кеңесі өкілін қосу, жергілікті атқарушы органдарға шаруалардың есеп беру тәртібін реттеу мәселелерін түсіндіру мақсатында дөңгелек үстелдер өткізу жұмысы да бар.

Аудан басшылығы, сонымен қатар, Қарабұлақ, Ақай, Тоқмансай, Қарақұдық ауылдарын ғаламторға қосу ісін де өз бақылауына алды. Аталған жұмыстар таяу арада қолға алынатын болса, ауыл кәсіпкерлері құжаттарды рәсімдеу әрі оларды жөнелтуге қатысты мәселелерден арылады деп күтіліп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер