astana-view

Бүгінгінің бухгалтері нені білуі қажет?

2017 жылғы 26 Қаңтар
- Жамбыл облысы
9058 просмотров

Бухгалтерлер клубына мүше болудың өз артықшылықтары бар

Сарапшыларға сұрақтарды бетпе-бет қою, тұрақты түрде өтетін кездесулерде талқыланатын салықтық және бухгалтерлік есепке қатысты тақырыптарды көтеру, мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымданып, Кәсіпкерлер палатасы арқылы күрделі мәселелерді шешу бастамасын көтеру. Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Бухгалтерлер клубына мүше болған әрбір бухгалтер осындай және басқа да көптеген артықшылықтарға ие болады.

«Бухгалтер жұмысының ерекшелігіне байланысты проблемалар, қандай да бір жаңалықтарға қатысты түсініспеушіліктер орын алғанда немесе бір заңға енгізілген өзгерістер екінші заңға қарама-қайшы келіп жатқан жағдайда қайда барып жүгінерін білмейді.  Тіпті мәселені талқылап, ол бойынша кеңес алып, шағымданатын жері жоқ. Палата алғаш рет барлық бухгалтерлердің басын қосып, оларды бір ортаға жинады. Онда олар тың білім алып қана қоймай, сонымен бірге өз проблемаларын да шеше алады. Себебі, біздің бизнесмендердің құқығы бұзылса, бірінші болып бухгалтерлері хабардар болады.

Бізде мұндай жағдай болған. Бизнесменді жалған кәсіпкер деп танығаннан кейін, мемлекеттік кірістер органдары оның жанар-жағармай сататын контрагенттеріне ҚҚС бойынша 230 миллион теңгеден астам салық салу туралы хабарлама жолдаған. Палата бұл мәселемен айналысқанда, бірінші болып дабыл қаққан ұйымның бухгалтерлерімен әріптестік орнатқан», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова.

Сонымен бірге, Клубтың бухгалтер мүшелері енді тұрақты түрде жалпы республикалық кездесулерге шақырылатын болады. Кездесуге әр өңір бейнеконференция көмегімен қосыла алады. Мұндай телекездесудің бірі Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы кеңсесінде өтті. «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен бірлесе ұйымдастырған семинар-жиынында кез келген адам мамандарға өздерін қызықтыратын сұрақтарын қоя алды.

Бухгалтерлер клубының кезекті жиынында бухгалтерлік есептің ең өзекті мәселелері талқыланды. Мысалы, электронды шот-фактуралар, фискальды драйверлер, жалған кәсіпкерлік, сонымен бірге 2017 жылы орын алатын статистикалық есеп берудегі өзгерістер.

Мұны қатысушыларға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Статистика департаментінің жетекші мамандары түсіндіріп берді. Кездесу қорытындысы бойынша бухгалтерлер келесі отырысқа мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алатын проблемалар мен электронды шот-фактуралардың қыр-сырын сауатты түрде түсіндіріп бере алатын мамандарды шақыруды ұсынды. Кәсіпкерлер палатасы құзырлы органдардың қызметкерлері мен кәсіпорындардың тәжірибелі бухгалтерлерін шақыруды көздеп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер