astana-view

Табыс көзі – ғаламторда

2017 жылғы 30 Қаңтар
- Қостанай облысы
7677 просмотров

Сауданың кілті – интернет-маркетингте

Өңірдегі «Бизнес-кеңесші» курстарына қатысқан кәсіпкерлер осындай пікірге тоқтап отыр. 

Қостанай, Рудный, Лисаковск, Федоровский және Таран аудандарында өткен курстарға жүзден астам адам қатысты. Курстың мақсаты – ықыласы бар адамға қолжетімді формада бизнес негіздері бойынша білім беру.

Қатысушылардың да қызығушылығы жоғары. Олардың саны артпаса, кеміген жоқ дейді Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлері. Алайда тыңдаушылардың сұранысы да жыл өткен сайын өзгеріп келеді.

«Мәселен, бүгінгі күні тауарларды интернет, әлеуметтік желілер арқылы сатуға қызығушылық танытқандардың саны көп. Бұл тиімді әрі өміршең бағыт деген ұғым қалыптасқан. Біз осындай сұраныстарды ескере отырып, ІТ-технологиялар саласындағы мамандардың көмегімен, тағы да тегін дәрістер ұйымдастырмақпыз», – дейді бизнес-тренер Руслан Ищанов.

Курстарда байқалғандай, облыс орталығынан келген қатысушылардың мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылығы артқан. Ауыл тұрғындарының өзі де бұл мәселеге қатты назар аударып отыр. Көптеген қатысушылар жылқы шаруашылығымен, селекциялық жұмыстармен, жем-шөп шығарумен айналысқысы келетіндерін айтқан. Сонымен бірге тұрғындар қызығушылық танытқан бағыттар қатарында бау-бақша шаруашылығы, тасымалдау және қоғамдық тамақтандыру қызметтері бар. Білім беру кезінде іскерлік байланыстар орнату үдерісі де жолға қойылған.

«Олар кімнің немен айналысатынын, жоспарларын білгісі келеді. Байланыс деректерімен алмасады. Мәселен, үйрек, қаз өсіретін адам өз өнімдерін өткізетін жерді облыс орталығынан тапқан кезі де болған. Тіптен, бір идеяның жетегімен келіп, курста дәрістер тыңдап, барлығын өлшеп, таразылап, басқа бір идея қажет екенін түсініп жататындар бар. Олар бүгінгі таңда екінші идеяларын да табысты түрде жүзеге асырып отыр», – дейді Руслан Ищанов.

Айта кету керек, Қостанайда «Бизнес-кеңесші» курсы алғаш рет жаңа, арнайы жабдықталған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өтті. Биыл Палатаның алдында әр аудан мен моноқалада кемінде төрт курс өткізу міндеті тұр. Бұл жолы да білім тегін беріледі дейді бизнес-тренерлер. Оған кез адам қатыса алады. Курстардың өту кестесін kostanay.palata.kz сайтының өңірлік парақшасындағы «Сервистік қолдау» бөлімінен көруге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер