Қару бизнесінің қауіпсіздігі маңызды
Заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша қару дүкендерінің орналасуы мәселесін кәсіпкерлер талқыға салды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қару бизнесімен айналысатын кәсіп иелері «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңына енгізілген өзгерістердің талаптарын түсіндіруге қатысты өтініштерін білдірді. Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Ішкі істер министрлігі мен бизнес өкілдерінің арнайы кездесуі ұйымдастырылып, заңнамадағы өзгерістердің жұмыс істеу механизмі талқыланды.
«Желтоқсан айында заңға өзгерістер енгізіліп, қаңтар айында күшіне енді. Қару-жарақ сататын дүкендер 18 айдың ішінде заң талаптарына сай жасақталуы керек. Сондай-ақ, азаматтық және қызметтік қару сататын дүкендердің рұқсат етілген лицензия алынғанын таяу уақытта анықтап, заң талабына сәйкестендіру керек деп санаймыз», – деп атап өтті «Қорамсақ» қауымдастығының вице-президенті Сергей Кантов.
Сонымен қатар, Сергей Кантов қару бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерде бірқатар сауалдар туындап отырғанын жеткізді. «Қорамсақ» қауымдастығы өкілінің айтуынша, қару дүкендерінің тұрғын үйдің астында орналасуына заңда рұқсат етілмеген, алайда тұрғын үйге жақын және сауда үйлерінің ішінде орналасқан дүкендердің мәселесі алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі, қару сатумен айналысатын 103 компанияның шамамен 55-60%-ына көшу керек болса, олардың әрқайсысы шығынға ұшырайтыны анық. Себебі заң талабына сай қажетті орынды табу, көшу белгілі бір қаражат сомасын талап етеді.
«Заңнамаға тиісті өзгертулер мен толықтырулар Қауіпсіздік кеңесіндегі Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен енгізілді. Өзгертулерді енгізу жұмысы барысында аккредителген қауымдастықтар мен бизнес-қоғамдарының өкілдіктерінің ұсыныстары ескеріліп, талқыланып, келісіліп жасалды», – деп атап өтті ІІМ Әкімшілік полиция комитеті лицензиялау-рұқсат ету жұмысы басқармасының басшысы Нұртай Сартаев.
Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, дүкеннің орналасуына рұқсатты өзге мемлекеттік органдар береді, ал дүкеннің дұрыс орналасуын, рұқсат берілгенін тексеру Ішкі істер министрлігінің құзыретінде.
Осы ретте «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Ирина Тюгина кәсіпкерлерді тиісті орындарға хат жазуға шақырды. «Қазақстан бойынша қару сататын 111 сауда нысаны бар. Осы әрбір дүкен иесі Ішкі істер министрлігіне және жергілікті органға дүкеннің орналасуы заң талабына сай екендігін анықтап беру туралы хат жазу керек. 30 күннен кейін тиісті жауап беріледі. Себебі, хат жазылып, сауал қойылғаннан кейін, дүкеннің орналасқан жерін туралы мәселені мемлекеттік мекемелер өзара талқылап, шешеді. Сауал жолданғаннан кейін қозғалыс болатыны анық», - дейді Ирина Тюгина.
Сонымен қатар, жиын барысында «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңындағы өзгерістерден кейін ҚР Үкіменің №1176 қаулысына енгізілетін өзгертулер туралы мәселе көтерілді. Анықтап айтқанда, дүкен инвентаризациясы тәртібі, сондай-ақ, демалыс және мерекелік күндерде дүкенді тексеру мәселелері ортаға салынды.
Бұл туралы да ІІМ Әкімшілік полиция комитеті лицензиялау-рұқсат ету жұмысы басқармасының басшысы Нұртай Сартаев түсіндіре кетті. «Ішкі істер министрлігі дүкендегі қару-жарақты, оқ-дәрілерді санап отырмайды. Тоқсан сайын бір түгендеу жұмысы бойынша жүргізілген актілерді тексереді. Сонымен қатар, демалыс және мерекелік күндерде дүкен басшысымен келісіп тексеріледі. Ақтөбедегі оқиға сабақ болу керек. Қарулардың ашық қойылуы, арнайы орындарда сақталмауы адам өліміне алып келді. Сондықтан да дүкен жабық болған уақытта, қару-жарақтың арнайы орынға қойылу тәртібін қатаң сақтау керек», – деп атап өтті ол.
Қарлыға МЫРЗАЛИМОВА
Пікір қалдыру:
Пікірлер: