astana-view

Кәсіпкерлікке кедергі емес, көмек қажет

2017 жылғы 01 Ақпан
- Қызылорда облысы
7309 просмотров

Өңірлік палата директоры жергілікті кәсіпкерлердің проблемалары туралы облыс әкімдігі жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінде айтты

ӨКП директоры Ғалымбек Жақсыбеков атап өткендей, облыстық Кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері, кәсіпкерлік субъектілерінен 528 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде шамамен 250-ге жуығы кәсіпкерлер пайдасына шешіліп, кәсіпкерлердің жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрайтын мүліктік құқығы қорғалған екен.

«Келіп түскен шағымдардың басым көпшілігі (68%-ы) жер қатынастары, қала құрылысы және газ, электрмен жабдықтау субъектілері қызметіне қатысты проблемалар. Қазіргі таңда, кәсіпкерлердің мүдделері мен құқықтарын қорғай отырып, Палата, қызметкерлері 50-ден астам сот отырыстарына қатысты, олардың 80%-ы кәсіпкерлер пайдасына шешілді», – деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, Палата жетекшісі қалалық мәдениет және демалыс саябағында қызмет етіп келе жатқан кәсіпкерлер проблемасына баса мән берді. ӨКП жетекшісінің айтуынша, аталған кәсіпкерлер мәселесі осымен үшінші жыл қатарынан өз шешімін таппай келе жатыр екен.

Осылайша, Палатада 2014 жылдан бастап қалалық мәдениет және демалыс саябағында бизнес жүргізу мақсатында жер телімдерін жалға беру бағасын төмендету мәселесі және 3 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлермен жер телімін жалға беру жөнінде ұзақ мерзімді келісімшартқа отыру мәселесі қаралу үстінде екен.

«Бүгінгі таңда, қалалық саябақта жұмыс жасайтын кәсіпкерлер мүддесін ескере отырып, Кәсіпкерлер палатасы қала әкімдігімен бірге, аталған саябақты дамыту жоспарының тұжырымдамасын әзірлеуде», – деді ӨКП директоры.

Бұдан бөлек, Ғалымбек Жақсыбеков, қала орталығында орналасқан, түрлі тауарларды сатумен айналысатын дүңгіршіктер проблемасына тоқталып өтті. Айтуынша, кәсіпкерлер жұмыссыз қалмас үшін, оларға жер телімдерін заңсыз пайдаланып жатқандары туралы алдын ала ескерту жасалған екен. Ал, қазіргі уақытта аталған жерлерді тартып алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Мұндай проблемаға ескі базар және әмбебап дүкен маңында лоторея билеттерін, газеттер мен журналдар сататын кәсіпкерлер душар болған.

«Қазіргі таңда, Палатада аталған мәселе бойынаша кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер тіркелді. Және жеке қабылдау кезінде де кәсіпкерлер осыған байланысты шағым жасап отыр», – деді ӨКП басшысы. Ғалымбек Жақсылықов өз кезегінде, кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалмас үшін, оларға «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жер телімдерін жалға беріп, келісімшарт жасау туралы ұсыныс жасады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер