astana-view

Кәсіпкерлерге газ жеткізуді барынша жеңілдету керек

2017 жылғы 02 Ақпан
- Маңғыстау облысы
5686 просмотров

Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды

Жуырда Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлік нысандардағы газ жабдықтары мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған Палатадағы Өңірлік кеңес төрағасы Жанабай Сүйіндіков пен ӨКП директоры Олжас Қаржауов, «ҚазТранГазАймақ» АҚ облыстық филиалының директоры Алпамыс Қисметов және өзге де құзырлы орган өкілдері қатысты.

Жергілікті бизнесмендерді алаңдатқан негізгі түйткілдер ретінде «ҚазТранГазАймақ» компаниясының кей кәсіпкерлерге техникалық шарттарды өткізбеуі, уағдаластықтарды жаңа мерзімге ұзартпауы сияқты шағымдар жайы тыңдалды. Сонымен қатар, кәсіп иелері, коммерциялық нысандарға газ желілірен тарту жағы ақсап тұрғанын жеткізді.

Мәселен, «Шипагер» сауықтыру орталығына «ҚазТранГазАймақ» АҚ мамандары тексеріс жүргізген. Нәтижесінде «Шипагер» сауықтыру орталығына газ жабдықтары талапқа сай емес деген ескерту берілген. Тиісті құрал-жабдыққа пломба қойылып, 9 миллион  теңгеден астам айыппұл салу туралы акт жасалған.

Бірақ, бұл айыппұлға «Шипагер» орталығының өкілдері келіспеген. Өйткені, газ жабдықтарына пломба қою туралы ұсыныс «ҚазТранГазАймақ» компаниясына хат жүзінде бірнеше рет жазылған екен. Бұдан тыс, газ есептегішінің көрсеткіші дұрыс емес.

Содан «Шипагер» сауықтыру орталығы аталған әрекеттің қаншалықты заңды екенін анықтау мақсатында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келді. Мұндай мәселе бір ғана кәсіпкердің басындағы жағдай емес, Палатаға 15-ке жуық кәсіпкер ұқсас арызбен жүгінген. Сондықтан өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы құзырлы мекеме өкілдеріне байланысқа шығып, көтерілген мәселе бойынша жұмыс тобын құру туралы ұсынысын білдірді. Жұмыс тобы құрамында қала және аудан әкімдіктері, Кәсіпкерлер палатасы мен қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлім мамандары бар. Топтың негізгі міндеті, проблемалық нысандарды аралау, қос тараптың мәселесін заң аясында шешу, айына бір рет кәсіпкерлермен кездесу. Сондай-ақ, талапқа сай, «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның аудандық бөлімшелері сол жердегі кәсіпкерлерге газ жабдықтарын қосу туралы шешімді қарастыруы керек немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжаттарды жіберуге де көңіл бөлген жөн. Тағы бір ескерер жайт, «ҚазТранГазАймақ» АҚ кәсіпкерлердің көп шоғырланатын жерлерге шағым кітапшасын қоюы қажет.

Дөңгелек үстел барысында осы мәселелердің барлығы жіті сарапталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер