astana-view

Бизнестегі ханымдар туризмді қол алмақ

2017 жылғы 15 Ақпан
- Жамбыл облысы
10044 просмотров

Жамбыл облысында Іскер әйелдер кеңесінің отырысы өтті

Іскер әйелдер кеңесі 2016 жылғы жқмыс жоспарын қорытындылап, туризмді дамыту мен ЭКСПО–2017 көрмесін өткізу 2017 жылдың басым бағыты деп анықтады.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесінің жұмыс қорытындысы мен жоспарына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Кеңесті құрудың негізгі идеясы өңірдегі ханымдардың іскерлік ортадағы белсенділігін арттыру болып табылады. Бүгінде он аудан мен Шу қаласында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы 11 бөлімшесінің жанынан аудандық Іскер әйелдер кеңесі құрылды. Облыстық іскер әйелдер кеңесі жанында белсенді мүшелер кіретін Басқарма жұмыс істейді. Басқарма мүшелері Аудандық кеңес пен салалық топтарға жетекшілік етеді, сондай-ақ өз ісін бастаған іскер әйелдерге үлкен көмек көрсетеді.   

«Кеңестің ең басты міндеті ауылдағы іскер әйелдерді қолдау және олардың белсенділігін арттыру», – дейді ол. – Іскер әйелдер кеңесі барлық аудандарда көшпелі кеңес өткізіп, оған 800-ден астам ауыл әйелдері қатысты».

Нәтижесінде қаржылай емес қолдауды пайдаланған әйелдердің саны айтарлықтай артқан. Айталық, 2015 жылы олардың саны 701 болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 1126-ға жеткен, орташа алғанда 60%-ға өскен.

«2016 жылдың басынан бастап Тараз қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (КҚО) мен 11 аудандағы және моноқалалардағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары 8 мамандандырылған қызмет бойынша әйелдер кәсіпкерлігінің 1126 субъектісіне сервистік қолдау көрсеткен. 296 әйел бизнес негіздері бойынша оқып, біліктілігін көтерген, – деп мысал келтірді Қарлығаш Аралбекова. – «Бизнестік жол картасы» бағдарламасы аясында 30,5 млн теңге сомасындағы 10 жоба іске қосылып, 18 жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 241,2 млн теңгеге 79 жоба мақұлданып, 112 жұмыс орны ашылған. АӨК саласында 71 іскер әйел 315,8 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие алған, нәтижесінде 95 жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар, 132 млн теге сомасында 19 бизнес субъектісінің мүліктік құқығы қорғалды».

Төрайымның айтуынша барлық бағытта жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Іскер әйелдер кеңесі бастамаларының ең басты мақсаты – әйелдердің әлеуметтік және өмірлік бағытын айқындауға септесу, өз ісін енді бастаған және жеке ісімен айналысып жүрген әйелдерге көмек көрсету, оларды ынталандыру. Әсіресе ауылдық жердегі әйелдерге қолдау көрсету керек, себебі алыс аймақта орналасқан ауылдарда даму үшін мүмкіндіктер жете бермейді.

Баспасөз-конференциясында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының сүйемелдеуімен сәтті жүзеге асырылған жобаларға назар аударылды. Жуалы ауданында 10,5 млн теңге сомасына «Балбөбек» балабақшасы ашылған, Шу қаласында емдік-сауықтыру кешені жұмысын жетілдіру үшін жеңілдікпен несие алған, сондай-ақ «Атамекен Тараз» шағын несиелеу мекемесі қордайлық Айгүл Дәрменбаваның жобасын мақұлдап, кондитерлік цех ашуға 5 млн теңге бөлген.

Сәтті жобалардың қатарында «K-club» ЖК ерекше айтуға болады. Жұмагүл Әлмұқан есімді жас та жігерлі қыз Қаратау қаласында Монтессори жүйесі бойынша ағылшын тіліне оқыту курсын ашуға ниеттенген. Көпшіліктің ерекше курс туралы хабардар болуы үшін ІӘК былтырғы жылдың көктемінде көрмеге шақырып, өз қызметімен таныстыруды ұсынған. Нәтижесінде танымалдығы артып, сұраныс көбейген. 2016 жылдың соңында бастамашыл Жұмагүл Талас ауданындағы КҚО көмекке жүгінген. Орталық қажетті құжаттарды жинап, 3,5 млн теңгеге несие алуға көмектескен. Мұнан өзге, жас кәсіпкер жұмыстың жаңа бағыты – Монтессори жүйесі бойныша экологиялық таза, қауіпсіз ойыншықтар дайындау туралы айтқан. Орталық бастаманың бірегейлігін көріп, «Бизнес-Кеңесші» курсынан тегін оқытып, оны байқау грантына дайындады. Әрине, бұл байқауда жеңімпаз болып, қайтарымсыз 2 миллион теңге сомасында грант иеленді.

Жиында 2017 жылға арналған жоспар таныстырылды. Жаңа бағыт – туризмді дамыту қолға алынбақ.

«2017 жылы дамытуға тиісті маңызды бағыттың бірі – туризм деп анықтадық. Бизнесте түрлі саласының өкілі болып, осы мәселенің анық-қанығын білгеннен кейін туризмді дамытуға үлес қоса алатымызды байқадық. Туристік индустрияның Жамбыл облысы қауымдастығы, Туристік ақпарат орталығы секілді туризм саласының негізгі мамандарымен бірлескен меморандумға қол қоятынымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті ІӘК мүшесі, «Марракеш» мейрамханасының директоры Айгүл Ақшалова.

Ниеттерінің дәлелі ретінде Іскер әйелдер кеңесі, Туристік индустрияның Жамбыл облысы қауымдастығы және Туристік ақпарат орталығы Жамбыл облысындағы туризм саласын дамыту мен ықпал етудегі, сондай-ақ туристік қызметтің басым бағыттарын анықтауға қолдау көрсету үшін қолайлы жағдай жасаудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер