astana-view

Туризмді дамытуда ұлттық парктердің рөлі зор

2017 жылғы 22 Ақпан
8714 просмотров

«Атамекен» алаңында ұлттық парктердің бас жоспары талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Алматы облысы мен Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың бас жоспарын талқылау мәселесіне арналған жиын өтті.

«Бүгінгі жиын Алматы қаласы мен облысында орналасқан ұлттық парктердегі инфрақұрылымды дамытудағы бас жоспармен танысуға, парк аумағынды жүргізілетін туристік маршруттарды талқылауға арналып отыр. Туризмді дамытудағы мәселелерді анықтап, ұсыныстарды ортаға салу үшін мемлекеттік органдардың, ұлттық парктердің, туристік агенттіктердің өкілдерінің басын қосып отырмыз», – деп таныстырып өтті «Атамекен» ҰКП Қызмет көрсету саласы департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Алтаева.

Қарлығаш Алтаеваның айтуынша, «Атамекен» ҰКП туризмді дамытуға қатысты бірқатар заңнамаларға өзгертулер енгізуді ұсынды. Оның ішінде жер беру процедурасын жеңілдетуді, ерекше қорғаудағы табиғи орындарға барғанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, барлық топтағы мүгедектерге, балаларға жеңілдік беру туралы ұсыныстар да бар. Егер заң қыбалданса уәкілетті органмен эскиз жобасы мен келісімшартты келісудің қажеті болмайды. Ал жеңілдік беру туралы ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған, алдағы уақытта ҚР Ұлттық экономика министрлігімен қаралатын болады.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы м.а. Марлен Айнабеков «Әрбір ұлттық паркті дамытудың бас жоспары бар. Бүгінде Ұлттық парктерде 255 маршрут жасалған. Комитет ерекше қорғаудағы жерлер мен туристік фирмалардың өзара байланысының жол картасын дайындауды жоспарлауда», – деп атап өтті.

Жиын барысында «Алтын Емел», «Көлсай көлдері», «Шарын», «Жоңғар Алатауы», «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін дамытудың бас жоспары жеке-жеке таныстырылып, туристік маршруттардағы өзгертулер туралы талқыланып, бірқатар ұсыныстар тыңдалды.

«Алтын-Емел» МҰТП директорының орынбасары Данияр Тұрғамбаев инфрақұрылымды дамытуда бүгінге дейін Мәдениет министрілігінің қаржысы, ұлттық парктің жеке бюджеті қолданылғанын айтып, алдағы уақытта су порты туристік орталығы лотқа қойылып, жеке инвестиция тарту арқылы салынатындығын жеткізді. Сонымен қатар, жер нысандарына тиісті құжаттар 2016 жылдың соңында реттелген, ал инвестиция тарту жұмыстары енді қолға алынатынын атап өтті.

Туристердің демалысы үшін автомобильдік, жаяу және атпен саяхаттаудағы жолдардың бағыттары таныстырылып, бірқатар аймақтарда жол сапасының төмендігі айтылды.

«Былтырғы жылы барлық ұлттық парктердің туристік маршруттарына тексеру жүргіздік. Ең басты мәселе – жол сапасы. Жөндеуден өткізілсе, көп мәселе шешілер еді. Сонымен қатар, жатын орны, жеке бас гигиенасын сақтау орындары жетіспеушілігі де өзекті», – деп атап өтті «Arnai tours» ЖШС Бас директоры Жанат Бокишева.

Ал «Almaty City Tour» Анатолий Савичев туристік логистика қысқарту үшін туристік маршруттарға өзгерту енгізу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша «Алтын-Емел» ұлттық паркіне қатысты «Ақтау» аталған таудан «Әуенді бархан» құмына дейінгі аралықта тікелей жол болған, ал қазір Басши арқылы айналып жүру тым ұзақ, 90 шақырымдай артық жол жүріледі.

Ал ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Мақсат Елемесов жол салу мәселесіне қатысты түсінік берді. «Егер үлкен жол салынатын болса, қарақұйрық, бұлан секілді  тұяқты жануарлардың көшуіне кедергі келтіреміз. Ауыл арасындағы жолдарды жөндеу, грейдер алу мәселесі қаралып жатыр», – деп атап өтті Мақсат Елемесов.

Жиын барысында ішкі туризмді дамытуда ұлттық парктердегі ақпараттық тақталардың ілінуі, бағыттардың көрсетілуі, туристердің жатын орны мен гигиеналық орындардың болуы мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, әрбір парктің сайтын ашу, оған ақпараттық-танымдық материалдардың жариялау да айтылды. Себебі отандық туристердің пікірі шетелдік қонақтардың келуіне жол ашпақ.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге Ұлттық парктер территориясында туристік қызметті қолдау жоспарын дайындайды.

Келесі жиналыс 27 ақпанда Қарағанды облысы ұлттық парктерінің басшыларының қатысуымен көткізіледі.

Анықтама үшін:

Алматы облысы мен Алматы қаласындағы ұлттық парктерге келушілер саны:

МҰТП атауы

Келушілер саны (оның ішінде шетелдіктер), адам

2014

2015

2016

  1.  

«Алтын-Емел»

4330  (372)

4098 (384)

5808

  1.  

«Іле Алатауы»

114 665 (478)

117 005 (760)

117 571 (718)

  1.  

 «Көлсай көлдері»

15899 (461)

18 125 (682)

22 092 (1388)

  1.  

«Шарын»

4676  (2347)

8000  (2600)

9603 (2380)

  1.  

«Жоңғар Алатауы»

375 (24)

470 (6)

1005

Дерексөз: МҰТП мәліметтері


Еншілес ұйымдар

Серіктестер