astana-view

Құрманғали Ашанұлы: Замана көшінен қалмаймыз десек, менталитетімізді нарыққа бейімдеуіміз қажет

2014 жылғы 19 Наурыз
3968 просмотров

Бүгінде Қазақстанда Ішкі жалпы өнімнің 20%-ын шағын және орта бизнес субъектілері өндіреді екен. Елбасы өз Жолдауында бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу керектігін атап көрсетті. Енді бұл межеге жету үшін тағы қандай шараларды жүзеге асырған жөн? Мүмкіндіктер мен кедергілердің арақатынасы қандай? Елімізде шағын бизнеспен алғашқылардың бірі болып айналысқан, осы саланың алғашқы «қарлығаштарының» бірі – Құрманғали Ашанұлын, осы мәселелер бойынша әңгімеге тартқан едік.  - Елбасы өзінің биылғы «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне баса назар аударды. Ондағы айтылған межелер жөнінде пікіріңіз қандай?

- Енді, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында жаңа межелерді белгілеп, алдымызға нақты міндеттерді қойып берді ғой. Мен мұны толық қолдаймын. Және бұған жетуге біздің толық мүмкіндігіміз бар. Әлеуетіміз жетеді. Тек бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,  осы мақсаттарға жету жолындағы кедергілерді жоюымыз қажет. Мен енді, шағын және орта бизнес саласының өкілі болғандықтан, көп жәйтке қанықпын. Біздің Ішкі жалпы өнімдегі үлесіміз бұдан 10 жыл бұрын да 20% еді. Қазір де солай! Неге? Кедергілер жетіп артылады. Бірінші кедергі – жылжымайтын мүлік. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің көбісі кезінде жекешеленіп кеткен ғимараттарда орналасқан. Яғни, жалға ақша төлейді. Меншікті жылжымайтын мүлік жоқ. Ал жалдық баға қымбаттаған үстіне қымбаттап жатыр. Жер теліміне қатысты жағдай да дәл осындай. Сол үшін мемлекет жер телімдерін, орын-жайлардың жалдық төлемдерін бірнеше жылға кейінге шегеріп, шағын және орта бизнес субъектілеріне берсе, олар дамып кетер еді. Шығаратын өнімдері де қомақты бола түседі.

- Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілетін басты көмектердің бірі – ол несие. Осы жерде екінші дәрежелі банктердің көрсетіп жатқан қызметтеріне көңіліңіз тола ма?

- Өзіңіз ойлаңызшы. Мен түсінемін, банк те коммерциялық мекеме. Бірақ шағын және орта бизнесті дамытуға беріліп жатқан несиелердің жалпы пайыздық мөлшерлемесі жоғары, 18-20%-ға дейін барады. Ал сақтандыруға қатысты төлемдерін қоссаңыз, одан да көбейіп кетеді. Оның үстіне несиенің берілетін мерзімі де аса көп емес, бірнеше айдан бір жылға дейін. Бұл өте аз. Сол үшін пайыздық мөлшерлеме қысқартылып, несиенің берілу мерзімі ұзартылса, құба-құп болар еді.

- Жалпы, Қазақстанда шағын және орта бизнестің ірі бизнеске айналып кету мүмкіндігі қандай? 

- Шағын бизнесті ірі бизнеске айналдыру – бұл арман. Мысалы, мен, егер: «бизнесімді одан әрі кеңейтейін, ірі бизнеске айналдырайын», – деп, әкімдікке барсам, ондағы осы салаға жауапты шенеуніктерден: «Жарайды, мен саған ғимарат берейін, бірақ мені өзіңе құрылтайшы етіп ал», – деген секілді әңгімелер естисің. Бұдан ұнжырғың түседі. «Маған мұның керегі не?», – деп ойлайсың. Сонда мен оны асырауым керек пе? Менің бизнесім дами ма, әлде құлдырай ма – онда оның шаруасы болмайды. Одан да тыныш қана шағын бизнесімде отыра бермеймін бе? Міне осындай бюрократиялық кедерілерден арылсақ, шағын бизнесті ірі бизнеске айналдыруға болады.

- Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту үшін тағы қандай ұсыныстар айтар едіңіз? 

- Біріншіден, менталитетті өзгерту керек. Қазақ ақкөңіл, кең пейілді, қонақжай халық. Бірақ дарақылыққа бейім келеміз. Тойшылмыз. Ал кәсіпкерлік – бұл өте кірпияз дүние. Бұл жерде тәртіп керек. Баукең айтпайтын ба еді, «тәртіпке бағынған құл болмайды», – деп. Міне бұл салада тәртіп керек. Заман ағымы солай. Болашақ -  кәсіпте. Кәсіпкерлікпен айналысайық. Бірақ бізде қазір қалай? Ата-аналарымыздың көбісі балаларын бірінші кезекте ақын, жазушы, әнші, әртіс болса екен дейді. Енді барлығы бірдей өнер қуып кете бермейді ғой! Сол үшін баланы бала кезден кәсіпке де бейімдеген дұрыс. Яғни технократтық тәрбие беру қажет. Мұның ешқандай зияны жоқ. Мәдениетімізге де, салт-дәстүрімізге де. Шын дарынды адам далада қалмайды. Сол үшін тіпті мектепке  кәсіпкерлік туралы бөлек пән де енгізу қажет деп санаймын. Замана көшінен қалмайық десек, менталитемізді өзгерту керек.

- Кітап демекші, өзіңіз де осы салада қалам тербеп жүрген жандардың бірісіз. Қазір де жазып жүрсіз бе? 

- Иә, қазір «Кәсіпкерлік және ұлттық мүдде» деген кітабымды жазып жатырмын. Ал бұған дейін «Қазақ кәсіпкерлігінің әліппесі» деген кітабымды екі рет, 2000 данамен шығардым. Оны оқып, өз істерін ашып, маған ризашылығын білдіріп жатқан жастар жетерлік. Бұған да шүкіршілік етемін. .

- Ал бұл істе кәсіпкерлік ұйымдар, әкімдік тарапынан қандай да бір көмек, қолдау болды ма? 

- Жоқ. Ешқандай қолдау көрсетілген емес. Мен кітаптарымды өз маңдай теріммен, өз ақшама ғана шығарып жүрмін.

- Кезінде телеарналардан кәсіпкерлік мәселесін көтеріп, жиі көрініп қалушы едіңіз. Қазір олай емес... 

- Өйткені шақырмайды. Қазір шағын және орта бизнес туралы бағдарламалар кемде-кем. Олардың орнына шоу бағдарламалар көбейіп кетті. Қазір әртістер ақыл айтатын болып жүр. Ал егер экономистер, кәсіпкерлер эфирге жиі шығып, қазіргі нарық әлеміндегі ахуалдар жайында ақыл-кеңестерін беріп тұрса, таяуда теңге бағамы өзгерген шақта, адамдар жапа-тармағай банктерге ұмтылмас еді.

- Елбасы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге алдағы жылдың басына дейін мораторий жариялады. Мұның кәсіпкерлерге тигізетін көмегі қандай? 

- Енді тексерістердің 30 пайызға қысқаратын түрі бар. Бұл мораторий кәсіпкерлер үшін өте жағымды жаңалық! Енді көктемде гүлдейтін қызғалдақтар секілді шағын бизнес субъектілері көбейеді. Өйткені адамдар осы сәтті пайдаланып, аяқтарынан тұрып кетуге тырысады. Бірақ нарық заңдылығы қатал ғой! Жүз субъекті ашылса, бертін келе, олардың тек екеуі ғана бизнесті әрі қарай дамытып алып кетеді екен. Бұған енді біздің менталитетіміздің де әсері бар. Мысалы біреу кәсібін ашса, алыстағы туыстары оны жағалай бастайды. Қонақтар көбейеді дегендей. Содан айналымдағы бар дүниесін алып, келгендерді риза қылады. Сонымен бизнесі де тұралай бастайды. Дегенмен бәрібір мойымау керек. Тек тоқтаусыз еңбек ету қажет. Еңбек түбі – зейнет. Мен қазақ кәсіпкерлігінің өркендейтіндігіне кәміл сенемін.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер