astana-view

Дәмін татып, бағасын берді

2017 жылғы 06 Наурыз
- Ақтөбе облысы
6335 просмотров

Ақтөбедегі тауар өндірушілер өнімдерінің сапасын тұтынушылар сынады

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Қазақстан өнімін сатып ал! Үздігін таңда!» акциясын бастады. Тауар өндірушілер бұл акцияны қызу қолдады. Осылайша олар талғампаз тұтынушының көңілін отандық тауарға аударуға болатынын түсінді.  

«Дина» гипермаркетіне келушілер үшін сауда залының ортасына қойылған барлық өнімнің дәмін татуға мүмкіндік жасалды. Өнімдер қатарында «Бал-ЮН» ЖШС мен «Саулебаева» ЖК шұжық өнімдері, «Айбек» АӨК консервілері болды. Ал тұтынушылар назарына сүт-қышқылды өнімдерді бірден төрт өндіруші ұсынды. Олар: «Агрофирма ТАУ», «Айс плюс», «Мәртөк сүт», «Молочные истории-А» серіктестіктері. Бұл өндірушілердің өнімдерін бүгінде барлық бөлшек сауда дүкендерінен табуға болады.   

Дегустацияға қатысқан тұтынушылар пікір білдіріп, бағаларын берді.

«Ірімшік керемет! Тағы бір тілімін алсам бола ма?» ­– деп бір бойжеткен «ТАУ» агрфирмасының өкілдерінен сұрап жатса, гипермаркетің тағы бір: «Айс плюс» ЖШС шығарған йогурт сондай дәмді әрі иісі тамаша, ал «Мәртөк сүт» ряженкасынің дәмі табиғи», ­– деп Кәсіпкерлер палатасының сарапшысына пікір білдірді.

«Мен сіздердің консервілеріңізді дүкендерден үнемі сатып аламын. Тіпті басқа өңірлердегі туыстарыма базарлық ретінде де апарамын», – деді «Айбек» АӨК-тің бұқтырылған етінен дәм татқан ақтөбелік келіншек.

Ақтөбеде ет консервілеу цехы өз жұмысын былтырғы жылдың көктемінен бастаған. Дегенмен, жергілікті бөлшек сауда желілерінің сөрелерін ғана толтырып қоймай, Ресейге экспортқа да шығып отыр. Өндірістік қуаты жылына 4,5 тонна консерві өнімдерін шығарады. Консерві өнімінің алты түрін дайындайды: бұқтырылған сиыр еті, бұқтырылған жылқы еті, бұқтырылған қой еті, тіпті сиыр еті қосылған ботқаның (арпа, күріш, қарақұмық) үш түрін шығарады.

«Бал-ЮН» компаниясы шұжық, ет деликатестері мен шала дайындалған өнімдерді нарыққа шығарғанына 20 жылға жуық уақыт болған. Өнімдері шет елдерге экспортталады. Бүгінде шығарылатын өнімдерінің түрі 100 аталымға жеткен.

Қала тұрғындары дегустацияға қатысты пікірлерін арнайы бланкілерге жазып қалдырды. Сатып алушылар дүкен сөрелерінде ақтөбелік өнімнің түрлері жыл сайын арта түседі деген үміттерін жасырмады.

«Қазақстанда жасалған» маркасымен отандық тауарлардың сөресі сауда орындарының барлығында бар. Сатушылардың айтуынша, отандық тауар өндірушілермен жұмыс істеген жайлы әрі тиімді. Өнімдердің сапасы жоғары және тұтынушылар сұранысы да бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер