astana-view

Жеңіл өнеркәсіп саласы модернизациялауды қажет етеді

2017 жылғы 10 Наурыз
4496 просмотров

Ішкі нарықта жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық тауар өндірушілердің үлесі 5%-дан аспайды

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін технологиялық модернизациялау, оны тиімді әрі бәсекеге қабілетті сала ретінде қайта құру мәселелері «Астана – жаңа қала» АЭА индустриалдық паркінде талқыланды.

«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында «технологиялық модернизациялау – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын дамытудың негізі» деген тақырыппен өткізілген жиынға «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Думан Қадырбаев, «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ президенті С.Ю.Романовская, сонымен қатар Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер одағының, «Жасампаз» бірлестігінің, мүшелері мен отандық тауар өндірушілер қатысты.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Думан Қадырбаев жеңіл өнеркәсіп Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, экономиканы дамыту мүмкіндіктерін пайдалануда отандық тауар өндірушілердің «Жасампаз» бірлестігі айқын дәлел бола алатынын атап өтті. Бұл бірлестік үлгісінде жиһаз жасаушылар, етті қайда өңдеушілер де бірлестік құруды қолға алғанын жеткізді.

Жиында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Индустриалдық сертификат» жобасы таныстырылды. «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Бұл белгілі бір міндеттемелер жүктейді. Ұлттық палатасы «Индустриалдық сертификат» жобасын әзірледі. Индустриалдық сертификат – өндірушінің технологиялық, техникалық және ресурстық мүмкіндігін растайды. Елімізде қандай өндірушілер бар, қажеттілікті тауар өндірушілер қамтамасыз ете алады ма деген мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Өндірістік қуаты қаншалықты екені белгілі болады. Пилоттық жобасы осы жылдың сәуір, мамыр айларында іске қосылады», – деп түсіндіріп өтті «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі депаратментінің сарапшысы Дмитрий Зверев.

Сонымен қатар Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп дамыту мәселелеріне қатысты талқылаулар өтті. Жеңіл өнеркәсіп өндірушілері одағы директорының міндетін атқарушы Наталья Калмагорцева отандық тауар өндірушілермен жұмыс істеудегі өзекті мәселелер туралы айтып, «Атамекен» ҰКП, министрліктермен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарылғанын, оның ішінде 11 Заңнама мен Кодекске өзгертулер жобасына сараптамалық қорытынды дайындалғанын, министрліктердің 20-дан астам қаулысы мен бұйырықтары жобасына сараптамалық қорытынды жасалғанын атап өтті. Одақ «Индустриалдық сертификатты» дайындауға да тікелей қатысқандарын, сертификатты жасауда одақ мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстары қаралғанын хабарлады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар атап өткендей, әлемнің көптеген елдерінде жеңіл өнеркәсіп саласына ерекше мән беріледі, себебі бұл саланың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор, жұмыспен қамтуда, әсіресе, әйелдердің жұмыс істеуіне үлкен әсер етеді.

Жеңіл өнеркәсіп саласы азық-түлік тауарларын тұтынудан кейінгі екінші орында. Дүние жүзінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын елдердің басында Үндістан, Қытай елдері тұр. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қажетті алғышарттар бар – мемлекеттік қолдау, негізгі өндіріс пен адам ресурсы. Дегенмен, еліміздің ішкі нарығындағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемінде отандық тауар өндірушілердің үлесі 5%-дан аспайды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше 2016 жылдың 1 маусымында елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 933 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның басым бөлігі, 58% тігін кәсіпорындары, ал 31% – тоқыма бұйымдарын шығарса, 11% былғары және осыған жататын өнімдерді дайындайды. Жалпы көрсеткіштің 95% шағын бизнесте жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеуге құлықсыз. Себебі мұнда бірден пайда табу мүмкін емес. Мақта өсіру, былғары мен теріні өңдеу, пішіндеу, киім, аяқ киім тігу секілді жұмыстардың сауда немесе қызмет көрсету салаларына қарағанда ұзақ уақыт пен төзімділікті қажет етеді.

Жиын барысында «СемСпецСнаб» ЖШС директоры Айнұр Ахметова, «KAZARMZ» ЖШС директорының орынбасары Илья Пивоваров, «AZALA Textile» директоры Гүлнар Садырбекова жеңіл өнеркәсіп саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды.

«Импортты алмастыру бүгінде ең басты мәселе, отандық тауарларға қолдау білдіру керек. Бізде еуропалық жабдықтар қойылған, шығарылған өнімдердің сапасы жоғары. Тек танымалдылық жоқ. Біз енді индустриалдық сертификат алсақ, ірі жеткізілімдер жүзеге асырып, алдыңғы орынға шығамыз», – дейді «AZALA Textile» директоры Гүлнар Садырбекова

Сарапшылардың айтуынша, отандық тауарды арттырып, импортты алмастыру үшін өнімді қайта өңдеу, тауардың өткізілуі мен жеткізілуінің тиімді жүйесін ұйымдастыру, еңбек өнімділігін арттыру жұмыстарын жеңіл өнеркәсіп саласының өндірушілерін шоғырландыру арқылы жүзеге асыруға болады.

Осы ретте 2016 жылы құрылған отандық өндірушілердің «Жасампаз» бірлестігін атап өту керек. «Жасампаз» бірлестігі 12 отандық компанияны біріктіреді, сондай-ақ, 2016 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға қатысқан 31 қазақстандық өндіруші компания тартылған.

Мұнымен қоса, 2015 жылы жеңіл өнеркәсіп өндірушілерін шоғырландыруда 40-тан аса тоқыма, тігін, трикотаж, аяқ киім, тері өндірісі кәсіпорындарын біріктіретін Жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің одағы құрылған.

Қазіргі таңда бұл екі ұйым бірігіп, отандық өндірушілердің жұмыс бағдарламасына айналатын жеңіл өнеркәсіп саласының «Жол картасын» әзірледі. Кәсіпорындардың өкілдері тәжірибе жүзінде бұл саланы дамыту үшін қыруар қаржы талап етілмейді, ал мемлекеттік қолдау айтарлықтай демеу болады.

Дөгелек үстел барысында «Ұлттық тұтынушылар лигасы» мен «Жасампаз» бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп саласындағы мәселелерді талқылауды «Атамекен» ҰКП алаңында өткізу ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер