astana-view

Тимур Құлыбаев: «Машина жасау локомотиві Қазақстан экономикасына жаңа қарқын береді»

2017 жылғы 14 Наурыз
7752 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы машина жасауды дамытудағы кезек күттірмейтін мәселелерді назарға алмақ. Серпілісті саланың болашағы мен жалпы ахуалы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Машина жасау және металл өңдеу комитетінің жұмыс жиынында талқыланды.

Қазақстанның жалпы машина жасау саласы мен оның салалық тармақтары, айтар болсақ: мұнай-газ, тау-кен, автомобиль құрастыру, темір жол мен ауылшаруашылығы машиналарын шығару сынды салалар экономиканы дамытатын негізгі драйверлердің біріне айналуы тиіс және оған қол жеткізуге мүмкіндік те жеткілікті.

«Өндіріс құралының өндірісі» әрдайым кез келген мемлекеттің негізгі экономикалық дамыту күші болатыны анық. Алайда, бүгінде дәл осы саланың өнімдеріне қатысты импорт үлесі өте жоғары: бұл салада жергікті қамту деңгейі өте төмен, ал қолда бар жобалардың көбінде құрастырмалы өндіріске басымдық берілген, оның ішінде локомотивтерді, автокөліктерді, комбайндарды, тракторларды, автобустарды, құрылыс техникаларын және тағы да басқа құрастыру өндірісі қалыптасқан.

Бұл ретте, «Атамекен» ҰКП басшысы машина жасау, әдетте, сабақтас салаларды дамыту үшін ең қуатты мультипликативті нәтиже береді, халықтың жұмыспен қамтылуын бірнеше есе арттырып, осылайша ел экономикасының жоғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Ең алдымен – бұл автомобиль шығару. Индустрия министрлігінде барлық есептер мен нарық сараптамасы бар. Жүз мың автокөлік шығаруды қолға алғанда ғана автокөліктің сыртқы қаңқасы, автокөлік резинасы, шыны мен пластмасса өндірісінде жергілікті қамтуды қолға алуға болады. Тек осындай көлемде өндіріс қалыптасқан жағдайда ғана қалдықтарды қайта өңдеу, жинау және т.б. мемлекеттік қолдау шаралары орынды болады», – деп есептейді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы назар аударған мәселенің келесі бір бөлігі – ауылшаруашылығы машинасын жасау. Оның ішінде көтерілген мәселе Қазақстанның түрлі климаттық аймақтарындағы егістік алқаптарының ауқымдылығына қатысты болды. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенінде түрлі экологиялық таза өнімдерді өсірудің айрықша мүмкіндігі. Алайда, ауылшаруашылығы техникасы паркінің жағдайы көңілге қонарлықтай емес. Шаруалар техникаға деген сұранысты импорт есебінен жабады, негізінен ескірген кеңестік дәуірден қалған техниканы пайдаланады.

Отандық ауылшаруашылығы техникасын шығарушылардың үлесі болмашы – тек 5%. Мәселенің төркіні кәсіпорындардың әр өңірде шашыраңқы орналасуы, ал олардың өндірістік жоспарының үйлестірілмеуі салдарында жатыр.

Қазақстанның экономикасы үшін темір жол көлігінің жоғары маңыздылығын ескере отырып, темір жол машинасын құрастыру өнімдеріне деген талап күшейіп келеді. Бұл саладағы жағдай айтарлықтай жағымды: Қазақстанда локомотивтер мен жолаушылар вагонының өндірісі жолға қойылған. Бірақ дөңгелек жұбын, рельстер мен арқалықтарды өндіру үшін өнеркәсіптік құйма мәселесін шешу қажет. Оның үстіне, ішкі нарықта мұндай өнімнің тұрақты тұтынушысы бар, ол – «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы.

Мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машинаны жасауға қатысты айтар болсақ, бұл салада бұрғылау жабдығы мен ілмекті арматура өндірісін шоғырландыруға мүмкіндік бар. Елімізде тау-кен саласында да шығаруға болатын өнімдер тізбесін анықтау керек. Ұлттық палата басшысы бұл саланы дамыту айтарлықтай әлеуетті екенін атап өтті. Өйткені жер қойнауын пайдаланушылардың барлығында келісімшарт бар және мемлекет Қазақстандағы өндірістерді шоғырландыру мақсатында, мұнай және тау-кен өндірумен айналысатын компанияларды  ынталандыруда нақты тетіктерді қолдана алады.

Тимур Құлыбаев Ұлттық палата сарапшыларына машина жасаудың және оның әрбір саласындағы жүйелі мәселелерді шешу жолдарын Үкімет, Парламент депутаттары және тиісті министрліктермен бірлесіп зерттеуді ұсынды. Дайындалған сараптамалық материал Үкіметтің қарауына ұсынылуы керек. Сонымен қатар, өндіріс саласына жауап беретін арнайы құрылым ашу мәселесі айтылды. Себебі машина жасау саласын қаржылай қолдау, мемлекеттің назарында болуы маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер