astana-view

Адами капиталды дамытуға бағытталған іс

2017 жылғы 04 Сәуір
2562 просмотров

Ұлттық қауымдастық кәсіпкерлік негіздерін оқытудың бағдарламасын дайындайды

«Атамекен» алаңында «Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы» мүшелерінің отырысы өтті

Жиынға «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, «Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы» директоры Сәуле Сегізова, аталған қауымдастық директорының орынбасары Индира Тукбатова, «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев, «Новое поколение» халықаралық білім беру орталығының бас директоры Бақытжамал Сыздықова, сондай-ақ, видео-байланыс арқылы Қазақстанның 10 өңіріндегі қауымдастық мүшелері де қатысты.

«Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов «Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан аккредиттеуден өткенін, Комитет жұмысына белсене қатысып, нормативті-құқықтық актілерге 60-тан астам сараптама қорытындысын шығарғанын ерекше атап өтті.

«Қауымдастық жалпы білім беретін мектептің 10, 11 сыныптарына экономика және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша оқу жоспары мен оқу әдістемелік жоспарын жасауға белсене атсалысты. Мектеп бағдарламасына кәсіпкерлік негіздері туралы курс қосу жақсы нәтиже береді. Норвегия, Финляндия секілді елдерде бұл тәсіл қолданылады. Сонымен қатар, қауымдастық бастамасымен кітапханаларды, әсіресе ауылдық жердегі кітапханалардың кітап қорын толықтыруға, модульдік кітапхана құру жүзеге асырылып келеді. Бүгінде 4 кітапхананың кітап қоры толықтырылып, қайта жабдықталды, биылғы жылы 5 кітапхана толықтырылады. Жастардың білім алуы, қосымша кітап оқуы өте маңызды», ­– деді Талғат Доскенов.

Сонымен қатар, Комитет төрағасы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту әдістемесін дайындауда Назарбаев университетімен, Педагогикалық ғылымдар академиясымен бірлесіп жұмыс істеуге, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған баламалы оқулыққа мен оқушыларға арналған портал ашуға байқау өткізудің ережесін дайындауға шақырды.

Өз кезегінде «Новое поколение» халықаралық білім беру орталығының бас директоры Бақытжамал Сыздықова Қазақстан мектептеріндегі тілдік консорциумның жұмысы жайлы ақпарат берді. «Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы» жанынан 2016 жылы Тіл консорциумы ұйымдастырылған. Бүгінде мектептегі ағылшын тілі пәні мұғалімінің біліктілігін арттыру арқылы оқушылардың білім сапасын жақсарту жұмыстарын атқарып келеді. Ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігін кезең-кезеңімен арттыру, негізгі пәндер бойынша ағылшын тілінде сабақ өткізу, сөйлеу, ойлау қабілеттерін арттыру секілді бірнеше бағытта жүргізіледі.

Ал «Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы» директорының орынбасары Индира Тукбатова ұйымның 2016 жылы атқарған жұмысына тоқталды. Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығы бір жарым жыл ішінде білім саласындағы 60-тан астам мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың бірігіп, білім саласындағы мәселелерді белсенді атсалысып келеді. Заң қабылдау процестеріне қатысу арқылы, сараптамалық қорытынды беріп, нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауға үлес қосып келеді. Ұйым Cambridge English Language Assessment, PEARSON, TVET UK, INTO, StudyGroup, Navitas сынды халықаралық білім беру ұйымдарымен серіктестік байланыс орнатқан.

«Қазіргі таңда негізгі жұмыс 3 мәселеге бағытталып отыр. Бірінші, үштілді білім беруде мұғалімдердің біліктілігін көтеру, екінші функционалдық сауатттылық, үшіншісі – білім берудің барлық деңгейіне кәсіпкерлік негіздерін оқытуды енгізу, адами капиталды дамыту. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында бірлесе отырып, білім беру саласында бәсекелестікті қалыптастырып, тиімді білім беру жүйесін қалыптастыру маңызды», – деді Индира Тукбатова.

Сондай-ақ, қауымдастық директорының орынбасары білім беру саласындағы мекемелердің мүдделерін қорғауда, міндеттемелерді Қауымдастықтың өз қаражаты болу керектігін мәселесін көтеріп, осы мақсатта Білім беру және ғылым мекемелерінің ұлттық қауымдастығының мүшелері жарна төлеу ұсынысын талқыға салды. Осыған орай қауымдастық мүшелері ұсыныстарын жолдаулары керек.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту депаратаментінің директоры олжас Ордабаев әлеуметтік маңызы зор білім беру саласындағы мәселелерді қарауда, мемлекеттік органдардан жолданған нормативті-құқықтық актілерді сараптауда қауымдастықтың атқарып отырған қызметі зор екенін атап өтті.

Жиын барысында қауымдастық мүшелері пікір алмасып, білім беру саласындағы оқулық, адами капиталды дамыту, сараптамалық қызмет, оқытушылардың біліктілігін көтеру, сауаттылықты арттыру мәселелері көтеріліп, талқыланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер