astana-view

Елжан Біртанов: «Біз өзіміздің нормаларымызбен жеке инвестицияларды тежеп отырмыз»

2017 жылғы 11 Сәуір
1963 просмотров

Медициналық нысан құрылысына қатысты 60 ұсыныстың 20-дан астамы қабылданды

«Атамекен» алаңында денсаулық сақтау саласын қайта реттеу және кедергілерді азайтуға қатысты ұсыныстарды қарау үшін жұмыс тобының отырысы өтті.

Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның жетекшілігімен өткен отырыста ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Инвестиция және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Денсаулық сақтау министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің директоры Аслан Қинаятов және мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау саласының бизнес өкілдері әкімшілік кедергілер мен оны жоюға қатысты ұсыныстарын талқылады.

«Премьер-министрдің ұсынысымен денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді қарауға арналған жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП өкілдері, зауыттардың директорлары мен қоғамдық денсаулық қызметінің өкілдері бар. Ұсыныстар қабылдап жатырмыз, бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырдық. Құрылыс нормалары мен тәртібіне қатысты нақты ұсыныстар беріліп келеді. Бүгінде бизнес өкілдерінен 60 ұсыныс түсті», – деп таныстырып өтті Юлия Якупбаева.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов министрлік осы саладағы түрлі-түрлі кедергілерді жоюға қатысты жұмыстар жүргізіп, медициналық қызмет көрсететін жеке бизнеске тең жағдай құруға қатысты шараларға тоқталды.

«Бүгінде денсаулық сақтау нысандарының құрылысындағы нормалары мен тәртібіне қатысты ұсыныстар қабылдануда, әлі де жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, белгілі бір кабинеттің ауданына қатысты талаптарды алып тастау қарастырылған. Сонымен қатар, жабдықтар, келісімшарттар секілді көптеген талаптар қойылған. Алғашқы медициналық қызмет көрсетуге құқық беру үшін 6000 мың тұрғыннан кем болмау керек деген талапты өзгертіп, 2 мыңға азайттық, сондай-ақ штаттық нормативтерге қатысты да талаптар мен 10 мың тұрғынға кемінде 1 жедел жәрдем көлігі болу керек деген шарт та өзгереді. «Атамекен» палатасымен бірлесіп әкімшілік кедергілерді анықтап, негізді түрде дәлелденгендерін жоюға қатысты іс-шаралар қабылданады. Біз өзіміздің нормаларымызбен жеке инвестицияларды тежеп отырмыз. Денсаулық сақтау саласындағы кәсіпкерліктің дамуына, тұрғындарға сапалы, арзан қызмет көрсетуге жағдай жасау керек», – деді министр.  

Инвестиция және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жұмыс тобы құрылғалы бері 5 рет кеңес өткізіліп, денсаулық сақтау саласындағы медициналық мекемелердің құрылыс нысанына қатысты ұсыныстар қызу талқыланғанын атап өтті.

«Денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын оңтайландыру, жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар түсті. Жұмыс тобының алдында 28 сәуірге дейін құрылыс нормасы мен тәртібіндегі орын алған мәселелерді шешу тапсырмасы тұр. Егер «Атамекен» палатасы мен қауымдастықтар берген ұсыныс министрлікпен келісілсе, өрт қауіпсіздігі мен СЭС қызметінде мәселе туындамайды, ал құрылыс комитеті, ең алдымен, қауіпсіздік, ғимараттың беріктігіне мән береді. Ал медициналық бөлме аудан көлеміне қатысты нормалар шешіледі деген ойдамын, ең бастысы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық қызметтің талаптары сақталуы керек. Қазіргі 60 ұсыныстың 28-і енді. Ұлттық палата мен мемлекеттік орган келісім берсе, денсаулық сақтау нысандары құрылысының оңтайландырылған жаңа нормалары мен ережесі қабылданады», – деді Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар, жиын барысында медициналық жабдықтарды алу, отандық тауар өндірушілер мәселесі, медициналық жабдықтардың бағасы да жайлы сөз қозғалды. «Біздегі медициналық жабдық нарығы шағын. Отандық медициналық жабдық шығарушылар да, ірі инвестициялық компаниялар да өнім бағасында қатаң саясат қолданып отыр. Оның үстіне делдал компаниялардың бағаны шарықтатуы қиындатып отыр. Сондықтан қазіргі заңнамаға өзгерту енгізу қарастырылып отыр. Оның нәтижесінде министрлік дәрілердің де, медициналық жабдықтардың да бағасын реттеумен қатаң айналысуына мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, бүгінде медициналық жабдықтар қымбат бағада сатып алынады, номенклатура реттелмеген. Сондықтан аталған мәселелерді реттеудің әдіснамасы дайындалып жатыр.

Жұмыс тобының отырысында Елжан Біртанов жауапты қызметкерлерге медициналық нысан құрылысындағы нормалар мен қағидаларды зерделеп, бизнес өкілдері тарапынан түскен ұсыныстарды қарастырып, кедергілерді жою бойынша жұмыстарды толық аяқтауға тапсырма берді. Сонымен қатар, алдағы аптада отандық фармацевтикаға қатысты мәселелерді талқылау жоспарланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер