astana-view

Болат Палымбетов: Кәсіпкерге қойылатын шамадан тыс талап сыбайлас жемқорлыққа мәжбүрлейді

2017 жылғы 13 Сәуір
- Батыс Қазақстан облысы
6724 просмотров

Оралда БҚО әкімдігі алқасының, прокуратура мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің және ҚР кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың қатысуымен «Бизнесті қорғаудың өзекті мәселелері» деген тақырыпта бірлескен отырысы өтті.

Облыста өткен аталмыш отырыс алғаш рет аудандық әкімшіліктермен онлайн-конференция форматында өтті және облыс прокуратурасының Facebook желісінде тікелей көрсетілді.

Отырысты БҚО әкімі Алтай Көлгінов ашты. Ол өз сөзінде бизнесті қорғаудың маңыздылығын айтып өтті. Сондықтан да отырысқа бизнеспен өзара қарым-қатынастағы облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары түгелдей шақырылды.

Өңір басшысы барлық мемлекеттік бақылаушы және құқық қорғау органдарын бизнеспен қарым-қатынас жасауда заңдылықты сақтауды қатаң қадағалауға шақырды.

«Біздің бизнеске қатысты жұмысымыз мынау: бірінші – бизнес мүдделерін қорғау, екінші – мемлекеттік органдардың ашықтығын жақсартып, әкімшілік кедергілерді барынша азайту, үшінші – жемқорлық қаупін азайту, - деп, түсіндірді Алтай Көлгінов. – Біз осы мәселелерді талдап, талқылау мақсатында және немен, қалай жұмыс істеу керектігін анықтау мақсатында бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовты арнайы шақырдық».

«ҚР Президенті Қазақстан халқына жолдауында Үкімет пен әкімдерге ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін бизнесті қайта реттеуге тапсырма берген еді, - деді Болат Палымбетов, - Қазақстанның әр өңірі кәсіпкерлікті жаппай дамыту үшін шаралар кешенін ұсынулары тиіс. Осы шараларды іске асыруда облыстық әкімдіктің, облыс прокуратура алқасының және кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысындағы өңірдегі бизнес климатты жақсарту тақырыбы өте өзекті».

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, бизнес-омбудсмен аппаратына кәсіпкерлерден келіп түсетін өтініштерді талдай келе, оларды 2-ге бөлуге болады:

Бірінші бөлігі – республикалық деңгейде шешілетін жүйелі мәселелер.

Екінші бөлігі - өңірлік деңгейде шешілетін өңірлік мәселелер.

Атап айтсақ, мелекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге қойылатын талаптар. Ал олардың жалпы саны 28 мыңнан асады, мұндай шамадан тыс талап бизнес жүргізуге қиындық тудырады, сыбайлас жемқорлыққа мәжбүрлейді. Сондай-ақ 61 бақылау-қадағалау мекемелері бар.

«Мысалы 41 санитарлық ережені талдай келе, 11 543 талап барлығын анықтадық. Осы тексерілген талаптардың ішінен 9 172-сін шамамен (80%) алып тастау керек деп шешілді, тек 2371-сі (20%) сақталады», - деп, мысал келтірді бизнес-омбудсмен.

«Менің ойымша, өңірлік палаталарда тіпті Ұлттық палатаның өзінде кәсіпкерлермен байланыс орнату жергілікті билік органдарына бизнестің кез-келген мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», - деді Болат Палымбетов.

Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов кәсіпкерлікті еліміздің экономикалық базасының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

«Іскерлік белсенділік пен кәсіпкерлікті дамыту халықтың әл-ауқатымен ғана емес, жұмыссыздық деңгейімен де тығыз байланысты, - деді ол, - және де құқықтық тәртіп пен қылмыстылық деңгейіне де әсер етеді».

Облыс прокурорының айтуынша, бизнесті қорғау жөніндегі жол картасының қолданып жатқан жүйелі шаралары бизнес жүргізуді барынша жеңілдетуде: санитарлық және өртке қарсы талаптар айтарлықтай қысқарды, экономикалық қылмысты қудалау қайта қаралды.

«Сонымен қатар, бизнестің дамуына кедергі келтіретін шешілмеген мәселелер әлі де көп, – деді облыс прокуроры. – Бизнесті қорғау жөніндегі жол картасының жұмысын қаралып, талқыланған мәселелерге қайта оралмайтындай етіп құру керек. Мәселе көтерілген екен, шешуге тиіспіз».

БҚО кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің төрағасы Хайдар Қапанов та дәл осыны айтты.

«Бизнесті жүргізіп, дамыту үшін жер телімдерінің қолжетімділігі жөнінде айтып жатқанымызға екі жыл болды, алайда мәселенің шешілетін түрі жоқ. Мәселелерді шексіз көтеріп талқылай берген болмайды. Алға жылжу керек», – деп, есептейді Қапанов.

«Біз өңірде бизнестің қорғаны бар екенін көріп отырмыз, - деді Болат Палымбетов. – Орталыққа түсетін шағымдар санының азаюы - көптеген мәселелер өңірлік деңгейде шешіліп жатқанының кепілі. Дегенмен, барлық кәсіпкерлер өз құқықтарын біле бермейді және қалай, қайда барып, өтініш айту керектігін де білмейді».

«Кәсіпкерлер үшін ең бастысы – мемлкеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығы, – деді ол, – Бұл тұрғыда мемлекеттік органдарға әлі де біраз тер төгуге тура келеді».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер