astana-view

Кеңес алу – бизнес бастаудағы бірінші қадам

2017 жылғы 24 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7635 просмотров

Гүлзипа Жапақова мемлекеттік бағдарлама арқылы  киім тігу ательесін ашқан 

Гүлзипа Сейітжапарқызы тігуді бала күннен жақсы көретін. Ол 2011 жылы хабарландыру арқылы тігін ательесіне жұмысқа орналасады. Осы кезде Гүлзина тігіншілік негізгі мамандығы екенін анық түсінеді. Жеке тігін шеберхананың жетекшісі болуды армандайтын-ды.

 «Осы кезеңде Хромтау қаласында ӨКП филиалы ашылды. Балам екеуміз палатаға кеңес алуға барамыз деп шештік. Осыдан біздің жұмысымыз басталды. Кеңес алу – бизнес бастаудағы бірінші қадам», – дейді Гүлзипа Жапақова.

Филиал директоры Жаңыл Шегірбаева Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мамандарымен бірге кәсіп бастағысы келетін жандарға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берді. Кәсіпкер ретінде тіркелу үшін барлық құжаттарды жинап, ана мен бала «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылығы қаржылық қолдау қоры» АҚ арқылы 2 млн теңге сомасында несие алған. Бұл бағдарламадағы тиімді шарттар бизнес бастауға үлкен жеңілдік жасайды. Төмен мөлшерлеме, негізгі қарыз бен сыйақы бойынша жеңілдік мерзімдері бизнеске қолайлы. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осылайша палатаның қолдауымен отбасылық бизнес жанданып,өңірде«ZIG-ZAG» атты су жаңа киім тігу ательесі ашылды. Кәсіпкерлер  несиеге тігін машиналарын сатып алды, жақсы мата мен қосалқы бөлшектер арнайы Корея мен Біріккен Араб әмірліктерінен отандық нарықта 20 жыл істеп келе жатқан сенімді жеткізушілер арқылы алынады.  

Кәсіпті жүргізу бойынша тиімді сабақтарды Гүлзипа Жапақова Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес-Кеңесші» мен «Бизнес-Өсу» курстарына қатысып, меңгерді.

Бүгінде ателье жалдамалы орын-жайда жұмыс істейді. Штатта 11 тігінші еңбектеніп жатыр. Жаз айларында жергілікті Жұмыспен қамту орталығы практикадан өту үшін студенттерді ательеге жібереді.

 «Біз сұраныс бойынша бәрін тігеміз. Өзіне арнап көйлек тіктіртетін келіншектер көп. Өйткені көбі өзіне ұнайтын стиль мен мөлшерді дүкендерден таппайды. Сыртқы киімге де тапсырыс жақсы. Кәсіпорында сыртқы киім тігу бойынша 2 маманданған білікті қызметкер бар. Көйлек тігу бойынша 5 маман бар, қалғандары дайын киімді жөнге келтірумен айналысады», – дейді ателье иесі.

 Хромтау қаласының іскер әйелі белсенді. Қашанда өндірісте жаңашылдықтарды енгізгісі келеді. Жергілікті тігін саласында еңбектеніп жатқан кәсіпкерлерге бәсекелес емес, әріптес ретінде қарайды. «Тәжірибе алмасу арқылы жетілуге жол ашылады», – дейді Гүлзипа апай. Іскер әйелдің жоспарында өзінің бренді бар 150 жұмыс орнын қамтитын  тігін фабрикасын құру. 

 
 
 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер