astana-view

Ақтөбелік компаниялар «Теңізшевроил» жобаларына қатыса алады

2017 жылғы 26 Сәуір
- Ақтөбе облысы
8999 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ақтөбелік компанияларды «Теңізшевроил» ЖШС жобаларына қатыстыруға атсалыспақ

Бүгінде Ақтөбе облысындағы 53 компания «Теңізшевроил» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншілестері болып табылады. Олардың 8 – отандық тауар өндіруші болса, 45-і – импорттық тауарларды (сорғылар, қозғалтқыштар мен компрессорларға арналған қосалқы бөлшектер), жұмыс пен қызмет түрлерін жеткізетін компаниялар.

 Ақтөбе облысы мен мұнай өндіретін компания арасында тығыз байланысты орнату мақсатында Кәсіпкерлер палатасы, әкімдік пен бизнес өкілдері «Теңізшевроил» ЖШС бас диреткоры Тэд Этчисонның қатысуымен бірнеше кездесу өткізілген болатын. Барлық қатысушылардың мақсаты бір екені анықталды, ол – отандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерінің қол жетімділігін арттыру. Өзара ынтымақтастық жұмыстары тиімді жүргізілу үшін Кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұқанов байланыс, ақпарат алмасу бойынша оңтайлы әдісті ұсынды.

«Палата жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерінің мемлекеттік сатып алуларға қатысуына ықпал жасап отыр. Осы бағыт бойынша «Теңізшевроил» компаниясымен де байланыс орнатқымыз келеді», – деді Нұрлыбек Мұқанов. Палата басшысы Мұнай өндіруші компания өкіледріне шамамен 3000 тауарлық аталым шығарып отырған жергілікті 270 кәсіпорын туралы ақпарат бар компакт диск табыстады. Сонымен қатар   Кі кодтар туралы толық деректер базасы, «СT-KZ» сертификаты бойынша тауардағы қазақстандық қамту үлесі туралы ақпарат берілді.

«Егер сіздер ресурсты сметалар мен жалпы ақпарат беріп отырсаңыздар, біз ол ақпаратты өзіміздің базамен салыстырып, компанияның тендеріне қатыса алатын дайын кәсіпорындарды ұсынып, осылайша жергілікт қамту үлесін көтеруге атсалысар едік», – деді Нұрлыбек Мұқанов.

Осы кездесуде Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасымен жұмыс істеп, мәселелерді шешуге атсалысатын «Теңізшевроил» ЖШС-ның нақты қызметкерлері анықталды. Қазіргі таңда компаниялар «Теңізшевроил» ЖШС екі жобасына белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр. Олар қолданыстағы «Теңіз» атты мұнайдың кен орнын кеңейту жобасы және Сағалық қысымды басқару жобасы.

 «Бірінші жоба іске асса, өндірілетін мұнай көлемі 12 миллион тоннаға дейін өседі деп болжанады. Яғни қазір жылына өндіріліп жатқан 26-27 млн тонна мұнайға тағы 12 млн қосылып, жылына 38-39 млн мұнай өндіріледі. Екінші жобаны іске асыру арқылы сағалық қысымды азайтып, 6 кешенді технологиялық желіде белгілі деңгейге дейін кірме қысымды көбейту арқылы Теңіздегі шикізатты өңдейтін зауытты жұмыспен толық жүктеуге болады», – деді «Теңізшевроил» ЖШС Үкімет және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері  Ырзабек Артығалиев.

Осы ірі жобаларға қатысуға қазақстандық 1500 компания өтінім білдірген. Теңізді кеңейту жұмыстарына қатысуға ынталы екендерін ақтөбеік кәсіпкерлер де айтқан.  Жоба шамамен 5-6 жылға созылады. Сарапшылардың айтуынша құрылыс жұмыстарының қызған уақытында нысанда 20 мың адам еңбектенеді.   

Бас директордың айтуынша «Теңізшевроил» ЖШС-на  жұмысқа қабылдау enbek.kz сайты арқылы жүзеге асып отыр.  Ол жерде жұмыс іздеушілер түйіндемелер ұсынып, өз алдына «Теңізшевроил»  бос жұмыс орны туралы хабарлама береді. Айта кетелік, облыс әкімдігі мұнай өндіруші компанияда жұмыс істеу үішн қысқа мерзімді оқу курстарына жергілікті бюджеттен ақша бөлмек. Кездесу аясында өңірге қонаққа келген «Теңізшевроил» ЖШС өкілдері Ақтөбенің ірі кәсіпорындарын аралады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер