astana-view

Жамбыл облысындағы бизнес ұзақ мерзімді қаржыландыруға мұқтаж – Ұлттық палата

2017 жылғы 02 Мамыр
- Жамбыл облысы
7625 просмотров

Бизнес қосымша қор жинауға қатысты мәселені әрдайым көтереді

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Жамбыл облысына іс-сапармен барып, өңір кәсіпкерлерімен жүздесті. Төралқа Төрағасы «Қазфосфат» ЖШС-ның Тараздағы филиалы «Минералды тыңайтқыш» зауытында болды.

Кәсіпорын директоры Төлепбек Исаев қонақтарға азоттық-фосфорлы тыңайтқыш, үшкальцийліфосфат пен күкірт қышқылы өндірісін таныстырды. Аталған зауыттың қуаттылығы жылына 852 тонна өндіреді. Бұл жоба 2016 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір кезінде таныстырылған еді.

Сонымен қатар, «Атамекен» Төралқа Төрағасы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевпен бірге Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында өткен кеңейтілген отырысына қатысты.

Кездесуде Тимур Құлыбаев облыс кәсіпкерлерімен бірге мәселелер мен өңірлік бизнесті қолдауға бағытталған басымдықтарды талқылады. Жиынға «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Басқарма мүшесі, Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов, Ұлттық палата Төралқа Хатшылығының жетекшісі Лаззат Рамазанова қатысты. Сонымен қатар кеңес отырысына Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары, басқармалар, қаржылық ұйымдар, құқық қорғау органдарының төрағалары қатысты. Бизнес-қоғамдастық тарапынан Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «ҚазФосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, Өңірлік кеңес мүшелері, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Аспандияр Сейсебаев, оның орынбасарлары, сондай-ақ өңір кәсіпкерлері шақырылды.

«Біз әрбір өңір бойынша адал тауар өндіретін кәсіпорындардың тізімін жасаймыз, мемлекеттік сатып алуларды және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын өткізгенде оларға қолдау көрсетеміз, ­– деп атап өтті Тимур Құлыбаев. – Біз Ұлттық компанияның сатып алулары кезінде де осы тізімді пайдалануымыз керек. Бұл мәселе әкімдіктің қолдауынсыз мүмкін емес, толықтай демеу мен байланыс қажет».

Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы туралы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндап, бизнеске жан-жақты қолдау білдіру және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс атқару мәселесінде Тимур Құлыбаевпен ортақ пікірді ұстанды. Өңір басшысының айтуынша, кәсіпкерлер санының азаюы – дағдарыстың көрсеткіші емес, ол шаруа қожалықтарының ірілендіруінен орын алып отыр.

«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының аясында 2016 жылы «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» құралымен жалпы сомасы 25,6 млрд теңге болатын 195 жобаға қолдау көрсетілді, «Банк несиелері бойынша кепілдік беру» құралымен 564,7 млн теңге сомасындағы 70 жобаға қолдау таптығ ал «Өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша 1922,8 млн теңге сомасындағы 13 жоба мақұлданды», – деп атап өтті Кәрім Көкірекбаев.

Кездесуге қатысушылар туризм мәселесін ерекше көтерді. Еске салсақ, облыс әкімдігі мен Өңірік палатаның бірлесуімен Туристік ақпараттық орталығы құрылған.

«Біз өз дирекциямызға туристер баратын мәдени, тарихи және табиғаты жақсы жерлердің тізімін әкімдіктермен бірге дайындауға тапсырма бердік. Нәтижесінде республикалық картаға қайсысы енетінін, ал облыстық картаға қайсысы кіретінін қарастыруымыз керек. Республикалық картаға енгізілетін нысандарға қатысты инфрақұрылымды мемлекет жүргізуі талап етіледі, ал одан кейінгі жұмыс шағын және орта бизнеске арналады – шағын қонақ үй салу, кафе ашу және тағы да басқалары. Міне осындай өзара байланыс өңірге келушілер санын арттырады, – деп атап өтті Тимур Құлыбаев. – Бізде демалатын орындар бар, туризм – дұрыс бағыт, бұл саланы дамыту үшін әкімдіктермен бірге жұмыс істейміз».

Жиында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов өз баяндамасында Жамбыл облысының бизнесінде орын алған мәселелерді көтерді.

«2016 жылы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 217 өтінім түскен, оның ішінде 1,1 млрд теңге сомасында 43% өтінім оң шешілді», – деді Төлеміс Шотанов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары өңірде бизнеске келтіріліп отырған негізгі кедергілерді атады – қаржылық ресурсқа қол жеткізу, өнімді өткізу мәселесі, инфрақұрылымның жасалмауы мен білікті мамандардың тапшылығы.

2016 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП мен Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып құрған «Атамекен Тараз» Микроқаржылық ұйымы» ЖШС бүгінде 265 млн теңге көлемінде 34 несие берді. Қазіргі таңда микроқаржылық ұйымында 925 млн теңгенің 109 өтініші қаралу үстінде. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауылдағы шағын бизнес пен старт-ап жобаларына қаржылай қаражат үшін Микроқаржыландыру ұйымының қорын 700 млн теңге көбейту және келер жылдарға қаржыландыру үшін қосымша 1 млрд теңге сомасын салып  қою ұсынылып отыр.

«Шағын және орта бизнес субъектілерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Бұл аймақ аграрлы өлке саналатындықтан, кәсіпкерлер ұзақ мерзімді әрі қолайлы қаржыландыруға мұқтаж. Бизнес әрдайым қосымша қор жинау мәселесін көтереді. Микроқаржылық ұйымда қазірде жалпы құны 925 млн теңгенің 109 өтініші қосымша қаржыландыру үшін қарастырылу үстінде. 2017 жылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінетіндігін білеміз. Сонымен қатар, бізге мәлім ақпаратқа сәйкес қосымша 600 млн теңге қарастырылған, дегенмен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы бұдан да көбірек қаражат бөлуге болар еді», – деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

Іс-шараға қатысқан кәсіпкерлер мазалаған сауалдарын қойып, орын алған мәселелер жайында айтуға мүмкіндік алды. Кездесуде қойылған барлық сауалдар мен көтерілген мәселелер назарға алынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер