astana-view

Ләззат Рамазанова: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдердің стартап жобаларды қолдауға дайын»

2017 жылғы 19 Мамыр
- Қызылорда облысы
13034 просмотров

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы хатшылығының меңгерушісі, «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова Сыр өңіріндегі Іскер әйелдер кеңесінің мүшелерімен кездесті

Кездесу барысында Ләззат Рамазанова елдегі және әлемдегі экономикалық өзгерістер жаға мүмкіндіктер ашып отырғандығын айта келіп, бүгінде өз ісін бастаушы кәсіпкер әйелдерді қызықтыруы мүмкін жобалар толқынын қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер қыз-келіншектердің елдегі стартап жобаларын қолдауға дайын. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту, оны кеңейту мемлекеттегі басым бағыттардың бірі. Соңғы уақытта баршамыз көріп отырмыз, мұнайға қатысты, өзге де үлкен бизнестердің әрі қарай дамуына қатысты мәселелер бар. Сол үшін қарапайым ауылдағы, аудандардағы, өңірлердегі қыз-келіншектердің кәсіпкерлікке деген құштарлықтарын ояту біздің Кеңестің басты мақсаттарының бірі», - деді Ләззат Рамазанова.

Шарада өңірде кеңеспен атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысуға деген қыз-келіншектердің ынтасы жоғары екендігін жеткізді.

«Өңірдегі кеңес жұмысы қыз-келіншектердің кәсіпкерлік саласындағы біліктілігін көтеруге бағытталып отыр. Бұл ретте «Қыз-келіншектер бизнесі» атты оқыту жобасы өңірдегі нәзік жандылар арасында кең қолдауға ие болды. Осы ретте, қыз-келіншектердің сұранысын ескере келе облыстағы Іскер әйелдер кеңесі аталмыш жобаның екінші кезеңін бастап кетті. Одан өзге «Тренерлер мектебі» жобасын бастап жатырмыз. Сондай-ақ балабақша, оқу орталығы сынды жобаларды ашу бойынша онлайн оқыту жобаларын жүргізудеміз. Қосымша аймақтағы қоғамдық бірлестіктермен де бірлескен жобаларды жүзеге асырғымыз келіп отыр», - дейді өңірлік кеңес төрайымы Жанна Аманова.

Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасынан қызмет түрлерін алатын қыз-келіншектер саны да артып келеді. Мәселен, 2016 жылдың өзінде Палатадан сервистік қызмет алған 1496 азаматтың 690-ы кәсіпкер ханымдар болса, «Бизнес кеңесші» жобасы аясында біліктілігін жетілдірген 1006 қатысушының ішінде қыз-келіншектер саны 429.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер