astana-view

Электронды және биржа саудасын жаңғырту қажет

2017 жылғы 22 Мамыр
- Астана қаласы
8408 просмотров

«Атамекен» ҰКП Сауда комитетінің отырысында электронды сауданы дамытудың тұжырымдамасын дайындау мәселесі талқыланды

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев электронды және биржалық сауда салаларын дамытуда ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Ақпарат және коммуникация министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын хабарлады. Басқарма Төрағасының айтуынша, бұл жұмыс топтары жеке-дара жұмыс істеп отыр. Уақыт талабына сай жұмыс істеп, халықаралық тәжірибені сараптай отырып, заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу ұсынысын дайындап, модернизациялауды қолға алу керектігін атап өтті.

«Қазақстан экономикасын модернизациялауда интернеттің рөлі, әлемдік, нарыққа қарай бейімделу туралы үлкен мәселе көтердік. Электронды сауданы дамытудың тұжырымдамасы дайындау мәселесін көтеріп отырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП Сауда комитетінің төрағасы Қайрат Мәжібаев.

Жиын барысында Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Әділбек Орынбаев Қазақстан Республикасында электронды сауданы дамыту мәселесін таныстырып, электронды сауда саласындағы көрсеткіштерге тоқталып, ұсыныстарын білдірді.

Қазақстанда электронды сауда дегенде банктік транзакциясыз жүзеге асырылатын тауарлар мен қызметтер түсінігі қалыптасқан, тиісінше 2015 жылы электронды сауда 155,7 млрд теңгені құрады. Ал әлемдік тәжірибеде электронды саудада электронды қаражат айналымы, ақпарат алмасу, сақтандыру қызметі, банкинг, маркетинг пен ақшаны қамтиды. 2015 жылы барлық  коммерциялық сипаттағы құқықтық қатынасты қосқанда 693,4 млрд теңге болған.

Елімізде 16-74 жас аралығындағы интернет қолданушылар саны 13,6 млн. Жалпы халықтың 80,2% интернетті пайдаланады. Ал онлайн сауда жасауда әйелдер жағы белсенді – 64%. Электронды саудадағы ең көп сатып алынатын тауар косметика – 21%, сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету, сырттан жабдық алдыру (11,1%), автокөліктің қосалқы бөлшектері (11%), киім (10%) сатып алынады.

«Электронды саудада біратар мәселелер орын алып отыр. Атап айтқанда, Қазақстанда электронды сауда сбъектісіне қатысты түсінік қалыптаспаған, электронды сауда операторы жоқ, электронды сауда субъектілерінің реестрі жасалмаған. Сонымен қатар, ел ішіндегі логистика, интернет сауда туралы ақпарат таратылмауы, электронды сауданы дамыту тетіктері орнатылмаған», ­– дейді «Атамекен» ҰКП сарапшысы Әділбек Орынбаев.

Электронды сауда саласында орын алған мәселелерді талдап көрсеткен сарапшы бірқатар ұсыныс берді.

Елімізде электронды сауданың қарқынды дамуы үшін арнайы тұжырымдамасын әзірлеп, қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізіп немесе салалық «Электронды коммерция туралы» заң қабылдау керек. Заңнамамен электронды коммерцияның операторын бекітіп, тауар, қызмет өндірушілері мен жеткізушілердің отандық платформасын құру керек.

Сонымен қатар жиын барысында «Отан» ҚР биржа саудасының одағы» директорлар кеңесінің төрағасы Болат Шайманов биржа сауда мәселесіне қатысты заңнамаға енгізуге ұсыналатын түзетулерді таныстырды.

«Елімізде тауар нарығын реттеуде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Дегенмен, Қазақстанның биржа нарығы дамыған жоқ. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген заңнама талабына сәйкес, биржа нарығындағы жарғылық капитал кемінде 100 000 АЕК болуы керек. Бұл талап қойылғалы бері, биржа нарығы 23-тен 9-ға азайып кетті», – деп Болат Шайманов. Биржа саудасының дамуына кедергі болып отырған бірқатар мәселелерді атап өтті.

«Қазақстан биржалық қауымдастығы» бас директоры Дмитрий Яровой да  биржа саудасындағы мәселелерге қатысты пікір білдіріп, биржа нарығын дамыту тұжырымдамасын көпшілік назарына ұсынды.

Онлайн байланыс арқылы жасалған видео-конференция барысында бизнес-қоғамдастық өкілдері электронды және биржалық сауда саласын дамытуға қатысты пікірлерін ортаға салып, қызу талқылады. Ұсыныстар жинақталып тиісті министрліктерге ұсынылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер