astana-view

Тимур Құлыбаев: Солтүстікте машина жасауды дамытудың әлеуеті зор

2017 жылғы 26 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
11628 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы Өңірлік кеңесінде машина-трактор паркін дамыту талқыланды

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Өңірлік кеңестің кеңейтілген жиынын өткізді. Кеңес отырысына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен өңірдегі бизнес өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Тимур Құлыбаев «Атамекен» үш жыл ішінде мемлекеттік органдардың барлығымен тығыз байланыс орната алғанын атап өтті. Ең алдымен министрліктер, құқық қорғау органдары және парламентпен байланыс жүзеге асырылды.

«Бүгінде кәсіпкерлер, әсіресе, шағын және орта бизнестің өз құқығын қорғауға, мемлекеттік органдардан қажетті рұқсат құжаттарын алуға мүмкіндігі болуы үшін, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды сезінуі үшін өңірлік деңгейде байланыс орнату міндеті тұр. Осылайша, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу секілді тиімді жұмыстар атқарылады», ­– деді Тимур Құлыбаев.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлік үшін қаржылық ресурстарға қол жеткізудің қиындығын айтты.

Қазіргі таңда облыста ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін 19 микронесиелік ұйым мен 13 ауылдық несиелік серіктестік жұмыс істейді. Алайда, кәсіпкерлердің айтуынша, бұл несиелік ұйымдарда біршама олқылық бар: қысқа мерзімді несиенің сыйақы мөлшерлемесі жоғары; серіктестік қатысушылары мен ауыл шаруашылығы жобаларын ғана қаржыландырады.

Кәсіпкерлер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының микронесиелеу бойынша тәжірибесін Солтүстік Қазақстанға да енгізуді ұсынды. Тимур Құлыбаев бұл бастаға қолдау білдірді.

«Былтыр алты облыста пилоттық жобаны ұйымдастырдық. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Барлығы да жақсы жұмыс істеуде. Облыста өсімдік және мал шаруашылықтары бар, қажетті құралдардың барлығы да орын алған. Сондықтан бұл тәжірибені қарастыру қажет. Әкімдіктердің микронесиелік ұйымдарда қор құруына рұқсат беруі үшін ҚР Үкіметінің отырысында бұл мәселені талқылаймыз. Сонда сіздерде қаражат қоры пайда болады», ­– деді Төралқа Төрағасы.

Тимур Құлыбаев нашар үлгі ғана емес, сондай-ақ жағымды үлгі де көпшілікке әсер ететін атап өтті.

«Бұл таңданарлық әсер. Егер бір адам оқып, кәсібін ашып, тез арада жақсы жетістіктерге жетіп жатса, өзгелер де оған қызығып, қашан, қалай, қайда екенін, ол үшін не істеу керектігін білгісі келеді», – деді Тимур Құлыбаев.

Кәсіпкерлердің ұсынысын Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақалов та қолдады.

«Бүгінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бағдарлама аясында 1,6 млрд теңге бөлінеді. Осы қаржыны жүйелі жұмсау керек. Микронесиелеу ұйымдары арқылы жұмыс істеу қолайлы», – деді Құмар Ақсақалов.

 Облыс әкімі машина жасау саласы даму мәселесін қозғады.

«Машина жасау саласын дамытуға күш саламыз. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері болуы керек, бұл Елбасының алдымызға қойған міндеттерінің бірі. Шаруалар өте сапалы техникамен жұмыс істеуі қажет екені анық. Егістіктерде америкалық John Deere тракторлары мен комбайндары жұмыс істеп жатқанына 20 жыл болды. Бұл техника уақытпен сыналған. Бүгінде біз бір гектардан 25 центнерге дейін өндіреміз. Алайда өнім жинау баяу жүріп жатыр, бізге өнімділігі жоғары техника қажет», – деді СҚО әкімі.

Тимур Құлыбаев өңір басшысының сөзін құптап, Солтүстік Қазақстан облысының машина жасауда әлеуетінің жоғарылығын атап өтті.

Қазіргі таңда облыста 13 мың бірліктен астам трактор, 7 мың бірлік комбайн және 1 мың бірлік егін егу кешені бар. Алайда жасалған сараптамаға сәйкес машина-тракторлардың 50%-ның тозығы жеткен, демек, техниканы жаңарту күн тәртібіндегі басты мәселе.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысын қорытындылай келе, жиында өзекті мәселелер көтерілгенін айтты, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселелерді облыс әкімдігімен бірлесіп шешпек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер