astana-view

«Атамекен» мемлекеттік құрылыс бақылауының кемшіліктерін атады

2017 жылғы 26 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
8455 просмотров

Оралда ҚР Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму Комитетінің көшпелі отырысы өткізілді

Жиын ҚР Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму Комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігімен өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов баяндама жасады. 

 Жиынға, сонымен қатар ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, мәжіліс депутаттары, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев және бизнес өкілдері қатысты.

 Айта кетелік, 28 сәуір күні ҚР Мәжіліснде  «Нұр Отан» Фракциясы депутаттары «Атамекен» ҰКП басшылығымен кездесу өткізген болатын. Кездесу нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған бірлескен іс-қимыл Жоспарына қол қойылды. Бүгінгі  отырыс осы жоспарды іске асырудың аясында ұйымдастырылды. 

 Елдос Рамазанов 2014 жылы Сәулет және қала құрылысы басқармасын ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінен жергілікті әкімдіктерге бергеннен кейін шағымдар саны азайғанын хабарлады. Кәсіпкерлердің айтуынша салада орын алған мәселелер тезірек шешілетін болған.

«Дегенмен бизнес өкілдерін тағы бірқатар мәселелер мазалайды. Біріншісі, Сәулет және қала құрылыс басқармасының техникалық қадағалау бойынша тексерулері. Тексерулер құқықтық стаистика органдарында тіркелмейді, демек құрылыс нысандарына жасалған тексерулер санын ешкім бақыламайды. Осылайша Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері объектілерге техникалық тексеру жасауға қалаған кезде, шектеусіз бара алады. Екінші мәселе – Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қатысты. Бұл басқарманың құрылыс нысандарын тексеру жұмыстары да бақыланбайды. Соның нәтижесінде «Комитет – басқарма-техникалық қадағалау –мердігер» деген сызба пайда болады. Сызба бойынша мердігерді ғана тексереді, айыптайды», – деп мәселені түсіндірді Елдос Рамазанов.  

Жиын барысында мәселені шешу үшін ұсыныстар айтылды.

 «ҰКП бұл түйіткілді шешу үшін мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау жұмыстарын құқықтық статистика органдарында тіркеу, есепке алуды ұсынады. Бұл қажетті процедуралар шенеуніктерді тексеру жұмыстарына тәртіппен әрі жауапкершілікпен қарауға үйретіп, бизнесті қорғауға көмектесіп, пара алуға жол бермейді», – деді Елдос Рамазанов.

 Шара барысында техникалық бақылау нарығының бұзылуы, байқауалды құжаттармен білікті емес мамандар жұмыс істеуі, тапсырыс беруші құрылыс нормативтерін сақтамауы сөз болды. Аталған барлық мәселе бойынша «Атамекен» өз ұсыныстарын айтты.

Демпинг мәселесі де өз алдына бір төбе. 2015 жылы ҚР Қаржы министрлігі «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 26-бабына өзгерту енгізген болатын, осының салдарынан техникалық қадағалау нарығы өзгеріске ұшыраған. 

 «Техникалық қадағалау нарығы, демпинг болсын бәрі деформацияға ұшырады. Осы ретте зиянды бәсекелестік те, нарықтың кәсіби емес құрамы да орын алады.  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл түйіткілдерді бірнеше рет көтерген болатын. Техникалық бақылау құрылыста жеңілдік жасай отырып, мердігерден сыйақы алуға дәмеленетіні түсінікті. Соның нәтижесінде барлық ауыртпалық мердігердің мойнына артылады. Мәселені түбімен жою үшін алдымен техникалық қадағалауды жүзеге асыратын адамдардың біліктілігіне талап қою керек», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары. 

Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты Майра Айсина уәкілетті органдар өкілдеріне бұл мәселеге назар аударуды сұрады.

Өз кезегінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мүшесі Уәлихан Қайназаров Роман Склярға аталмыш салаға өзгеріс енгізу, мемлекет органдары мен ҚР Үкіметіне тиісті ұсыныстар жасау қажеттілігін айтты.

 Жалпы депутаттар заңнаманы оңтайландыруға дайын, жуырда көтерілген мәселелер бойынша құрылыс бизнесі өкілдерінің қатысуымен жиындар легі ұйымдастырылмақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер