astana-view

«Bastau Бизнес»: Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданынан 173 жоба мақұлданды

2017 жылғы 06 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы

Еліміздің шығыс өңірінде «Bastau Бизнес» жобасының алғашқы легіне қатысушылар бизнес-жобаларын облыстық комиссияның назарына ұсынды

«Өңірдегі 7 ауданнан 173 бизнес-жоба облыстық комиссияның бағалауына берілді. Олардың ішінде 144 жоба ауыл шаруашылығына арналған, ал кейбір жобалар құнын қайта қарау керектігін ескере отырып мақұлданды», ­– дейді «Bastau Бизнес» жобасының үйлестірушісі, ШҚО кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ирина Валиева.

Кәсіпкерлік негіздерінен сабақ алған қатысушылардың белсенділігі жоғары. Маркетинг негіздері, заң, салық бойынша білім ала отырып, бизнес-идеяны жобаға айналдырып, бизнес-жоспар құруды да үйренген.

«Ешкі сүтін қайта өңдеуге арналған жобамды мақұлдағанына қуаныштымын. Жеке кәсібімді ашуға арналған бастаманы жүзеге асыруда біраз жұмыс атқарылды, ендігі мәселе қаржыландыруда, ­– дейді қуанышымен бөліскен Зарина Желудкова. – Басында қайда келгенімді, не істеу керектігін түсінбеген едім. Алайда мамандардың сапалы білім беруінің арқасында жеке бизнесімді жоспарлап, түрлі зерттеу жүргізуді үйрендім. Оның ішінде маркетингтің және тағы басқа да зерттеулер бар».

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 338 тыңдаушы екінші лекті бастап кетті. Топ құрылып, оқыту жүргізіліп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер