astana-view

Алматы облысында «Бәрі де рақмет үшін!» дүкені ашылды

2017 жылғы 08 Маусым
- Жетісу облысы
6692 просмотров

Әлеуметтік дүкенде 1000-ға жуық жаңа заттар жиналды

«Бәрі де рақмет үшін!» дүкені Кербұлақ ауданының Сарыөзек қаласында ашылды. Әлеуметтік маңызы бар жобаның бастамашысы аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Эля» ЖК директоры Күлсара Әмреева.

«Кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік жөнінде ұмытпауы тиіс. Бүгінгі таңда қоғамда қаржылық және рухани қолдауға зәру жандар өте көп. Біз бизнес өкілдері адамға қиын сәтте көмек қолын созудың маңыздылығын жақсы білеміз. Дүкендегі заттар аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға демеу болады деген ойдамын», - деді ол.

Дүкен «Әйгерім» дәмханасының ішінде орналасқан. Онда әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар қажетті заттарды тегін ала алады. Ашылған күні дүкенде балалар мен үлкендеге арналған мыңға жуық киім-кешек пен заттар жиналды. Сондай-ақ, жобаны аудандық Кәсіпкерлер палатасының филиалы, әкімдік пен тұрғындар қызу қолдады.

Қайырымды жандардың әкелген заттарын қабылдау мен келушілерге қызмет көрсету үшін әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бөлімінің бағыты бойынша дүкенге бір қызметкер жұмысқа алынды.

Айта кетейік, ауданда ашылған «Бәрі де рақмет үшін!»  дүкені Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің екінші жобасы. Осыған дейін әлеуметтік дүкен Талдықорған қаласында ашылған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер