Билік пен бизнес бір алаңда
ОҚО Кәсіпкерлер палатасы облыстың дамуына қажетті жаңа бизнес жобаларды, тың идеяларды сондай-ақ, бизнеске кедергі болып отырған негізгі өзекті мәселелерді еркін форматта талқылап, кәсіпкерлердің пікірін тыңдау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлымен кездесу ұйымдастырды. Кездесу еркін форматта өтті. Мұндай форматтағы кездесу осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бірінші кездесу сәуір айында «Атамекен жас кәсіпкерлер клубы» мүшелерімен өткен еді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен өңір кәсіпкерлері және банк директорлары, мемлекеттік мекеме басшылары, даму институттарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Облыс экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Бұл жолда билік пен бизнесті жақындату, белсенді кәсіпкерлердің ойын тыңдап, туындаған мәселелерін дер кезінде шешу үшін осындай шаралар ұйымдастырып отырмыз. Өңірдің экономикасы дамыса, тұрғындардың да әл-ауқаты көтерілері сөзсіз. Оны сіз бен біз бірге дамытуымыз қажет» –деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров
Жүзге жуық кәсіпкерлер бас қосқан жиында олар бизнесті тамытудағы тың идеялардың жүзеге асуын және кәсіпкерлерге кедергі болып отырған негізгі өзекті мәселелерін ортаға салды. Темірбетон және полиэтилен құбырларын өндірумен айналысатын «Телеком трейд» ЖШС-нің бас директоры Нұржан Мамытов өткен жылы 30 мемлекеттік сатып алуларға қатысып, бірде-біреуіне қол жеткізе алмағандығын айтты. Отандық компанияның 2008 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын ескерсек, бұл таңдандыратын жәйт. Кәсіпкердің сұрағына Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды жауап берді.
«Кез-келген мемлекеттік сатып алулар тыңғылықты даяраланған құжаттарды талап етеді. Егер құжаттарыңыз дұрыс болған жағдайда сіз тізімнен шығып қалуыңыз мүмкін емес. Сізді қабылдауыма шақырамын, келіңіз мән-жәйді бірге қарайық», – деді Дархан Сатыбалды деген жауап айтты.
Сонымен қатар, әкім орынбасары мемлекеттік мекемелер өздеріне қажетті затты тендер арқылы алатын кезде жергілікті жерде шығып жатқан өнімдерге басымдық беруін және сол өнімдердің түр-түсі сипатталған реестр жасақталса деген ұсыныс білдірді.
Әйтесе де, кәсіпкерлікке жергілікті билік тарапынан да, палата тарапынан да үлкен қолдау танытылып келе жатқанын жоққа шығару мүмкін емес. Бір ғана ОҚО Кәсіпкерлер палатасы, мамыр айындағы көрсеткішке сүйенсек, сомасы 985 935 000 теңгені құрайтын 268 жобаны сүйемелдеп, кәсіпкерлердің өз саласын кеңейтуге қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ, жиында палата директоры А.Әбубәкіров тауар өндірумен айналысатын кәсіпкерлер үшін «Атамекен-Ордабасы» Индустриалды паркі іске қосылып, дайын өндіріс орындарын төмен пайыздық көрсеткішпен кәсіпкерлерге ұсынылып отырғанын тілге тиек етті.
Осылайша, жиынға қатысқан кәсіпкерлер көкейде туындаған сұрақты мен мәселелерін ешбір кедергісіз билік алдында қойып, дәл сол жерде оған жауап алуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, осы жылғы көрсеткіштер бойынша облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 170 мыңнан астам, ал оның 14 618-і шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар құрап отыр. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің сапасы мен санын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстарды жүзеге асыруды әрі қарай да жалғастырмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: