astana-view

Ақ халатты абзал жандардың мерекесі құтты болсын!

2017 жылғы 18 Маусым
6602 просмотров

Халық денсаулығы – «Қазақстан–2050» стратегиялық бағдарламасында көрсетілген басым бағыттардың бірі

Бұл стратегияға сәйкес қоғамдағы негізгі даму бағыттарының бірі отандық денсаулық сақтау саласын жетілдіру, медициналық қызмет көрсетуді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің көрсеткішіне дейін көтеру, медициналық қызмет сапасын жақсарту мен осы саладағы жоғары технология жүйесін дамыту екені белгілі.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазіргі таңда бизнестің түрлі саласына, оның ішінде денсаулық сақтау саласына ұсыныстар мен жаңалықтарды талдау-талқылауға арналған ауқымды алаңға айналды.

Бүгінде «Атамекен» де 125 қауымдастық (одақ) аккредиттелген, оның ішінде 12 қауымдастық фармацевтика мен медициналық қоғамдастықтың мүддесін қорғайды. Ұлттық палатаның 16 салалық Комитетінің ішінде Фармацевтика, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызмет комитеті денсаулық сақтау саласын жетілдіру, фармацевтика мен медициналық өнеркәсіпті, медицналық қызметті дамыту мәселелерімен айналысады.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелері – Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтайды!

Әлемде күрделі де қиын саланың бірі – медицина. Оқу, үйрену оңай емес, дегенмен қажырлы еңбекпен әрі төзімділікпен атқарудың нәтижесі көңілді марқайтып, мерейді үстем етері сөзсіз. Дертінен айыққан жанның алғысы, туғаны мен туысының қуанышы әрбір қызметкердің ынтасын арттырып, жемісті еңбек етуіне құлшындырады.

Соңғы жылдары отандық медицинада жаңалық көп: медицина ғылымы дамып, денсаулық сақтау саласында инновациялық технологиялар алынды, жоғары технологиядағы жаңа орталықтар салынып, ауруханалар мен емханалардағы жабдықтар жаңартылды, көпшілік озық технологиялық медициналық көмекті алуға мүмкіндік туды.

Дегенмен ең озық деген технология маманның кәсібилігі мен шеберлігін, қамқорлығын алмастыра алмайды. Дәрігердің сөз қуаты арқылы демегені ауырған адамның көңіліне медеу болып, жақсылыққа, айығуға деген үмітін ұшқындатары анық.

Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, қажымас қайрат, сарқылмас жігер тілейміз! Еңбектеріңіз жемісті болып, әрбір отбасының бақытты өмір сүруіне қосар үлестеріңіз мол болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер