astana-view

Шымкенттегі түзеу мекемесінде ашық есік күні өткізілді

2014 жылғы 26 Наурыз
4375 просмотров

Қазір елімізде түзеу мекемелерінде кәсібін ашамын деген іскер азаматтарға жеңілдік көп, деп хабарлайды 24kz.

Қажетті ғимарат тегін беріледі. Жұмыс қолы да арзан. Өмірде шалыс басып, жазасын өтеп жатқан жандарды еңбекке тарту мақсатында Шымкенттегі түзеу мекемесінде ашық есік күні өткізілді. Түзеу мекемесінде шеберхана мен наубайхана және тігін цехы жұмыс істейді. Онда қолынан іс келетін жазасын өтеушілер еңбек етіп жатыр. Шалыс басып, жаза арқалағандар түрмеде өндірістік цехтар ашылып жатса, еңбек етуге дайынбыз деп құлшынып отыр.

Жандос Муслимов, жазасын өтеуші:

- Жұмыс орындары, тігін цехы бар. Жаңа жұмыстарды игеріп жатырмыз. Кейбіреулері білім алып, осы жерде тәжірибеден өтуде. Істеген жұмыстарына ақыларын алып, аз болса да бала-шағасына жіберіп жатыр.

Мекеме басшылығы кәсіпкерлер үшін барлық жағдайды жасауға әзір отыр. Ғимарат пен жер тегін беріледі. Тек коммуналдық қызметтер ғана ақылы болады. Қаланың орталығында орналасқандықтан, дайын өнімді тасымалдау да тиімді болмақ. Түзеу мекемесінеде кәсіпкерлікті дамытуға ниет білдіріп отырғандар да бар.

Ғалымжан Орынбаев, кәсіпкер:

- Осында 7 қондырғымыз бен бетон араластыратын құрылғыны қойып, іске қосуға дайынбыз. Болашақта осы жерде 2 ауысымда жұмыс істеу үшін 250 адамға жұмыс беруді мақсат етіп отырмыз.

Аймақта жалпы 5 түзеу мекемесі бар. Оның біреуі қатаң режимде және тағы біреуі – әйелдер колониясы. Онда 3 мыңнан астам адам жазасын өтеуде. Ондағы 1270 жан еңбекке жарамды. Прокурорлар іскер азаматтардың көмегімен түзеу мекемелеріндегі азаматтарды еңбекке тартпақ.

Бақыт Сейфолла, Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары:

- Түзеу мекемелерінде шығаратын тауарларды көрсетіп отырмыз. Жалпы қала аумағындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің 40%-ы жұмыспен қамтылған. Осы мақсатта еңбекпен қамту, оларға еңбекақы төлеу бойынша ашық есік күнін ұйымдастырып отырмыз.

Ашық есік күніне келіп, өздеріне жасалған тиімді ұсынысқа көз жеткізген кәсіпкерлер теміртордың арғы жағынан өз істерін ашуға дайын екендіктерін жеткізді. Демек жаңа жұмыс орны да ашылады. Осы арқылы іскер азаматтар тек табыс тауып қана қоймай, облыс экономикасының дамуына да үлес қосады. Өндіріске қажетті мамандарды өздері осында дайындайды. Түрменің ішінде кәсіби білім беретін мектеп те бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер