Жамбыл ауданының әкімдігі шаруалықтың 15 мүшесін жер учаскесінен айырған
Кәсіпкерлер кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырсында шаруа қожалығының құқығы мен заңды мүддесін бұзу айғағы қаралды.
Өңірлік палатаның Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Әділет Сұлтанбектың айтуынша, Жамбыл ауданындағы «Сейсен-К» шаруа қожалығына 1998 жылы шаруа қожалығын құру үшін 15 азаматқа тұрақты пайдалану мақсатында 1,7 га жер берілген.
«2009 жылы шаруа қожалығының басшысы Сейсен Нұрманов дүниеден өтті. Одан кейін 2013 жылы аудан әкімінің қаулысымен бұрынғы басшы жер учаскесінен өз еркімен бас тартқанын негізге ала отырып қожалыққа тиесілі жер қараусыз деп танылған. 2013 жылы әкімдіктің шағымы бойынша аудандық сот «Сейсен-К» шаруа қожалығының жерін қараусыз деп танып, коммуналдық меншікке берген. Нәтижесінде шаруа қожалығының 15 мүшесі жер учаскесіне берілген заңды құқықтарынан айрылып қалды», – деп түсіндірді Әділет Сұлтанбек.
Заң бойынша жер учаскесін иесіз жыжымайтын мүлік ретінде есепке алуға шешім шығару үшін жер учаскесі иесінің жазбаша түрде өтініші нотариуспен куәландырылуы негізге алынады. Алайда, қайтыс болған басшы 2013 жылы әкімдікке жүгініп, берілген жерден қалайша бас тартқандығы түсініксіз.
Бұл мәселенің мән-жайын анықтау үшін Кеңеске Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев шақырылды. Бірақ істі анықта мүмкін болмады, себебі әкімдік өкілдері кездесуге келмеді. Құқықтық бағасын Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті береді. Сонымен қатар, бұл іске қатысты материалдың барлығы анық-қанығын анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту үшін прокуратураға жолданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: