astana-view

Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар мен жауаптар

2017 жылғы 01 Шілде
59926 просмотров

Міндетті медициналық сақтандыруға төлем аудару басталды

Сұрақ: Жұмыскер мен жұмыс беруші не төлейді?

Жауап: Жұмыс берушілер Қорға төлейтін аударымдардың мөлшері мынадай:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – жарна есептеу объектісінің 1%;

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 1,5%;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 2%;

2022 жылдан бастап – жарна есептеу объектісінің 3%.

Жұмыскерлер қорға төлейтін жарна мөлшері төмендегідей:

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 1%;

2020 жылы 1 қаңтардан бастап – жарна есептеу объектісінің 2%.

Сұрақ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне қандай қызметтер кіреді?

Жауап: 1) емханалық-амбулаторлық көмек (уәкілетті органның тізімі бойынша белгіленген әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға шалдыққандарға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда), оған:

бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек;

бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек маманы мен салалық мамандардың жолдамасы бойынша көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмек кіреді;

2) стационарлық көмек (уәкілетті органның тізімі бойынша белгіленген әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға шалдыққандарға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда):

- бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек маманының немесе медициналық ұйымның ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу саны шеңберінде беретін жолдамасы бойынша;

- шұғыл көрсетілімдер бойынша – бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бар-жоғына қарамастан;

3) стационарды алмастыратын көмек (уәкілетті органның тізімі бойынша белгіленген әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға шалдыққандарға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін сырқаттарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда) – бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша;

4) жоғары технологиялы медициналық қызмет түрлері.

 

Сұрақ: Маусымдық жұмыстарда істейтін азаматтар жарнаны қалай төлейді?

Жауап: Жұмыс беруші маусымдық жұмыстармен айналысатын азаматтар үшін жарнаны олардың жұмыс істеген кезеңі үшін ғана аударады.

Қазақстан республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, еңбек келісімшарты маусымдық жұмыстарды атқару кезеңіне ғана бекітіледі.

Жарна есептеу объектісіне еңбек келісімшартында белгіленген жалақы жатады.  

 Жұмыс берушілер Қорға төлейтін аударымдардың мөлшері мынадай:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – жарна есептеу объектісінің 1%;

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 1,5%;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 2%;

2022 жылдан бастап – жарна есептеу объектісінің 3%.

Еңбек келісімшартының мерзімі аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші жұмыскерлерге жарнаны өз бетінше төлеуі қажеттігін хабарлауы қажет. Олар жарнаны «өзге де төлеушілер» санаты бойынша аударады.

Өзге төлеушілер 2018 жылы 1 қаңтардан бастап аударым есептеу объектісінің 5 пайызы көлемінде жарна төлейді.

Өзге төлеушілерге арналған жарна есептеу объектісіне республикалық бюджетте тиісті жыл үшін бекітілген төменгі айлық жалақы жатады.

Өзге төлеушілер жарнаны өз бетінше аударады немесе ол үшінші тұлға тарапынан төленеді.

 

Сұрақ: Шаруа және фермер қожалықтары, атап айтқанда, шаруашылық басшысы қожалық мүшелері мен жалдамалы жұмысшылар үшін жарнаны қалай төлейді?

Жауап: Шаруа немесе фермер қожалығының басшысы жеке кәсіпкер болып табылады.

Жеке кәсіпкерлер жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап төлейді. Ол жарна есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленген.

Жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісіне республикалық бюджетте тиісті жыл үшін бекітілген екі төменгі айлық жалақы жатады.

Шаруа немесе фермерлік қожалық мүшелері жарнаны «өзге төлеушілер» ретінде аударады.

Өзге төлеушілердің жарнасы 2018 жылы 1 қаңтардан бастап аударым есептеу объектісінің 5 пайызы көлемінде бекітіледі.

Өзге төлеушілерге арналған жарна есептеу объектісіне республикалық бюджетте ағымдағы жыл үшін бекітілген төменгі айлық жалақы жатады.

Өзге төлеушілер жарнаны өз бетінше аударады немесе ол үшінші тұлға тарапынан төленеді.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жалақысының (жарна есептеу объектісінің) 1 пайызы мөлшерінде жарна аударады.

Одан кейінгі жылдары жарна төмендегі схема бойынша аударылады:

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 1,5%;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 2%;

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 3%.

Жарна есептеу объектісіне жұмыс берушінің қарамағындағы жұмыскерге төлейтін жалақысы жатады.

Бірақ жұмыс берушінің төлеген жарналары жұмыскердің жалақысына әсер етпеуі тиіс. 

2019 жылы 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші қарамағындағы жұмыскерлер үшін төмендегідей мөлшерде жарна аударады:

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу нысанының 1%;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу нысанының 2%.

Төленетін жарнаны есептеу объектісіне жұмыскердің табысы, яғни, айлық жалақысы жатады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы жұмыскердің жалақысынан ұсталады.

 

Сұрақ: Есеп-шоттың қате көрсетілуі т.б. салдарынан ақша дұрыс аударылмайтын кездері болады. Осы ақша қайта ма?

Жауап: Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстау) және аудару тәртібі мен мерзімі ережесі жобасын жасап шықты. Онда артық (қате) аударылған аударымдар мен (немесе) жарналарды, өсімақыларды қайтару тәртібі қарастырылған.

Аталған жобаға сәйкес, мемлекеттік корпорация ЖСН жоқ және (немесе) реквизиттері қате көрсетілген жарналар мен аударымдарды төлеушіге қайтарады.

Ережелер жобасын Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz интернет-ресурсынан табуға болады.

 

Сұрақ: Азаматтар жұмысқа қажетті №86 анықтаманы алу үшін медициналық тексеруден өтеді. Осы қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне немесе Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіре ма?

Жауап: Бұл МӘМС пакетіне де, КТМКК пакетіне де кірмейді. Ол жеке төленетін ақылы қызмет болып табылады.

 

Сұрақ: Қазір дәрі-дәрмекпен қамту мәселесімен СК-Фармация айналысады. Осы мәселеге қатысты заңға қандай өзгерістер енгізіліп жатыр?

          Жауап:  Қазақстан республикасының «Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында Бірыңғай дистрибьютордың КТМКК мен МӘМС шеңберінде көрсетілетін фармацевтикалық қызметтерді мемлекеттік сатып алулар туралы заңды қолданбай сатып алуына мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. Сондай-ақ, онда кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау, тасымалдау қызметін, оларды тіркеу және өткізу тәртібін реттейтін нормалар да бар. Заң ҚР Парламент Сенаты тарапынан мақұлданды.

Сұрақ: Жарналар мен аударымдарды міндетті түрде ай сайын төлеу керек пе? Банктердің әр операция үшін комиссия алатыны белгілі. Осыны ескере отырып жарнаны жылына бір рет төлеуге мүмкіндік беріле ме?  

Жауап: Шынында, МӘМС туралы заңда аударымдар мен жарналарды ай сайын төлеу қажет деп көрсетілген. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек құқығын атына жарна (аударым) аударылған азаматтар ғана пайдалана алады.

Аударымдар мен (немесе) жарналар төленбеген жағдайда, олар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шеңберіндегі медициналық көмекті аударымдар мен жарналар төлеу тоқтатылған күннен бастап үш ай ғана пайдалана алады.

Атына жарна (аударым) аударылмаған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі медициналық көмекті пайдалану үшін жарна төленбей қалған мерзім үшін қаржы аударуы тиіс. Ай сайынғы жарна мөлшері республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы жыл үшін белгіленген төменгі айлық жалақының 5 пайызын құрайды. Бірақ, жарна төлеу мерзімі он екі айдан аспауы тиіс.

Атына жарна (аударымдар) түспеген немесе Қорға жарна төлемеген азаматтар ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберіндегі қызметтерді пайдалана алады.

Сонымен қатар, банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне аударымдар мен (немесе) жарналар төлеген кезде бірден бірнеше айды көрсетіп жазуға болады. Яғни, ақшаны алдын ала аванспен төлеуге болады.

Қазіргі таңда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Қазпошта» АҚ және ҚР Ұлттық банкімен аударымдар мен (немесе) жарна төлеу операциялары үшін алынатын төлемдерді төмендету мәселесін талқылап жатыр.

Бірінші мәселе – отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында біздің компаниямыз бен СК-Фармация КТМКК шеңберінде көрсетілетін дәрілік препараттарды жеткізу жөнінде ұзақ мерзімдік келісімдер бекіткен болатын. МӘМС шеңберінде көрсетілетін дәрі-дәрмектер тізімі КТМКК шеңберінде берілетін дәрілік препараттарға ұқсас екен. Болашақта біздің дәрі-дәрмек жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімдік келісімшарттарымыз МӘМС пакетімен жабыла ма?

Екінші сұрақ – біздің компаниямыз ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) қызметін пайдаланады. Олармен келісімшартты жалғастыра аламыз ба және сонымен қатар МӘМС жарналарын да төлеуіміз керек пе?

Жауап:

Бірінші сұраққа – қазіргі таңда КТМКК мен МӘМС пакеттеріне кіретін дәрі-дәрмектер тізімін анықтайтын жобалар әзірленіп жатыр.

Дәрі-дәрмек жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар бекіткен жеткізушілер жеткізу шарттарын бекітілген келісімдер арқылы реттейді.

Екінші сұраққа – ҚР-ның «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қолданылады. Бұл Заң ЕМС мәселелерін реттемейді.

Сұрақ: МӘМС туралы Заңның 25-бабы 5-тармағына сәйкес, жеке тұлғаның (уәкілетті орган тарапынан «жарна төленбейді» деп танылған табысын қоспағанда) азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде тапқан табысы оның жалпы табысына жатады. Осы жарна төленбейтін табысқа не жатады?

Жауап: ҚР «Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңы шеңберінде Қазақстан республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына енгізілген және ҚР Парламент Сенаты тарапынан мақұлданған өзгерістерге сәйкес (29-баптың 4-тармағы), төмендегі табыстар мен төлемдерден Қорға жарна (аударым) алынбайды:

1) ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 155-бабы 3-тармағында көрсетілген табыс түрлері;

2) ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 156-бабы 1-тармағында көрсетілген табыс түрлері (ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» кодексінің 156-бабы 1-тармағы 8-2), 10), 12), 13-2 тармақтарында белгіленген табысты қоспағанда);

3) ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» кодексінің 200-1 бабы 1-тармағының 13) тармағында көрсетілген табыстар;

4) ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» кодексінің 357-бабы 2-тармағы екінші бөлімінің 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген табыс түрлері».

Сұрақ:

1. Аударымдар мен жарналарды дер кезінде төлемеген жағдайда қанша айыппұл салынады?

2. Жүйеде төленген аударымдар мен жарналар туралы мәлімет беру тетігі қарастырылған ба?

3. МӘМС шеңберінде резидент еместерді сақтандыру механизмдері қандай?

4. МӘМС туралы мәліметтерді қандай сайттан алуға болады?

Жауап:

1. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 31-бабы 1-тармағына сәйкес, дер кезінде аударылмаған аударымдар мен (немесе) жарналарды мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады. Және оған қоса кешіктірілген әр күн үшін (қорға жарна төлейтін күнді қоса алғанда) ҚР Ұлттық банкі бекіткен қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімақы төленеді.

ҚР «Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы» кодексінің 92-1 бабында ҚР Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

          ҚР «Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңы шеңберінде Қазақстан республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына енгізілген және Парламент Сенаты тарапынан мақұлданған өзгерістерге сәйкес (30-баптың 8-тармағы), аталған заңның 14-бабы 2-тармағы 1), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген төлеушілерді қоспағанда, аударымдар мен (немесе) жарналардың дер кезінде әрі толық төленуін мемлекеттік кіріс органдары қадағалайды.

2. Төленген аударымдар мен жарналар төлем құжатымен расталады. 

ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 14-бабы 7-тармағына сәйкес, жұмыс берушілер, салық агенттері азаматтық-құқықтық келісімдер бойынша табыс табатын жұмыскерлер мен жеке тұлғаларды ай сайын аударылған жарналар жөнінде, сондай-ақ, айлықтан ұсталған және азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін  жұмыскерлер мен жеке тұлғалардың атына аударылған жарналар туралы құлағдар етіп отыруы тиіс.

Сонымен қатар, Заңның 14-бабы 5-тармағы 2) тармақшасында «төлеушілер қордан аударылған аударымдар мен (немесе) жарналардың сомасы жайлы мәліметті тегін сұрата алады» делінген.

3. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 2-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес, Қазақстан республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ, оралмандар әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (аталған заңда басқаша көрсетілмеген жағдайда) Қазақстан республикасының азаматтарымен теңдей міндеттер мен құқықтарға ие.

ҚР ратификациялаған халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстан республикасы аумағында уақытша тұратын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан республикасының азаматтарымен теңдей міндеттер мен құқықтарға ие (заңдар мен халықаралық келісімдерде басқаша көрсетілмеген жағдайда).

Шетелдіктердің отбасы мүшелеріне онымен бірге тұратын зайыбы (ері) мен балалары кіреді.

4. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы мәліметтерді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының www.fms.kz сайтынан алуға болады.

Сонымен қатар, Қазақстан республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нормативтік құқықтық актілерінің жобасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz интернет-ресурсында орналасқан ( «заң шығару қызметі»/»нормативтік-құқықтық актілердің жобалары» бөлімінде) (сілтеме – www.mz.gov.kz/ru/kategorii/proekty-normativnyh-pravovyh-aktov).

Сұрақ: Міндетті профилактикалық тексеру МӘМС-ке енгізілген бе?

Жауап: Жоқ, енгізілмеген.

Сұрақ: Аударымдар мен (немесе) жарналарды есептеу (ұстау) және аудару тәртібі мен мерзімі ережесін бекіту туралы бұйрық жобасында және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасында МӘМС жарнасы ұсталатын табыстан міндетті зейнетақы жарнасын (МЗЖ) шегеру мәселесі неге қарастырылмаған?

Жауап: МӘМС туралы заңның 29-бабы 1-тармағына сәйкес, аударымдар мен жарналар жұмыскердің жұмыс беруші тарапынан есептеп шығарылған жалпы табысынан алынады. Яғни, міндетті медициналық сақтандыру жарнасын есептеу объектісіне міндетті зейнетақы жарнасын қоса алғандағы жалпы табысы жатады.

 

Сұрақ: Жеке меншік клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса ма?

Жауап: Жеке меншік клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады. МӘМС жүйесіне қатысатын барлық клиникалардың 30 пайызын жеке меншік клиникалар құрайды.

Сұрақ:

1. Болашақта «1С Бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне МӘМС жарналарын аудару функциясы енгізіле ме?

2. Жеке кәсіпкерлік нысаны жұмысын тоқтатқан жағдайда, бірақ жеке тұлға әлі жалданып жұмыс істеп жатқан болса аталған тұлғадан қосарлы жарна/аударым алыну қаупі жоқ па?

Жауап:

1. «1С Бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне МӘМС жарналарын аудару функциясы аталған ақпараттық жүйенің иелері (жеке кәсіпкер, заңды тұлға т.б.) тарапынан әзірленуі тиіс. 

2. Егер жеке кәсіпкер (ЖК) салық есебін беруді тоқтатқан болса немесе ҚР салық заңы негізінде әрекет етпейтін нысан ретінде танылған жағдайда, мұндай ЖК «МӘМС туралы» заңның 14-бабы, 2-тармағы 9) тармақшасына сәйкес «өзге төлеушілер» санатына жатқызылады.

«Өзге төлеушілердің» жарнасы 2018 жылы 1 қаңтардан бастап аударым есептеу объектісінің 5 пайызы көлемінде бекітіледі.

«Өзге төлеушілер», соның ішінде, салық есебін тапсыруды тоқтатқан немесе ҚР салық заңы негізінде әрекет етпейтін нысан ретінде танылған жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісіне республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы жылға белгіленген төменгі айлық жалақы жатады.

«Өзге төлеушілер» жарнаны әр айдың 25-інен кешіктірмей, банктердің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерімен айналысатын қаржы ұйымдары арқылы төлейді. Қаржы әрі қарай Мемлекеттік корпорацияға аударылады.

Егер жеке тұлға жалдамалы жұмыскер болса, ол үшін МӘМС жарнасын 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші төлейді. Жарна мөлшері – есептеу объектісінің (жалақының) 1 пайызы.

Аударымдарды есептеу объектісіне жұмыс берушінің жұмыскер табысы ретінде төлейтін шығындары жатады.

Сұрақ: Денсаулық сақтау министрлігі күтілмеген шығындарды жабуға арналған 3 пайыздық резерв қалыптастыруға қатысты Ережелер жобасын әзірледі. Аталған Ереже «Қазэнерджи» қауымдастығына жолданған болатын. Алайда, қауымдастықтың берген ескертпелері осы Ережелер жобасында көрініс тапқан жоқ.   

Жауап: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының резерв мөлшері туралы ереже жобасын  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі.

 ҚР «Құқықтық актілер туралы» заңының 19-бабы 4-тармағына сәйкес,

әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредитацияланған бірлестігіне, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жауап жазады. Онда сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерін нақты жазып көрсетеді. Бұл нормативтік құқықтық акті жобасын қабылдағанға дейінгі міндетті қосымша болып табылады.

Қазақстан республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ҚР «Құқықтық актілері туралы» заңының 19-бабы 4-тармағына сәйкес «Қазэнерджи» қауымдастығының атына хат жолдады.

Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған ( «заң шығару қызметі»/»нормативтік-құқықтық актілердің жобалары» бөлімінде) (сілтеме – www.mz.gov.kz/ru/kategorii/proekty-normativnyh-pravovyh-aktov).

Сұрақ: Аймақтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Жергілікті жерлерде бұл жұмыспен кімдер айналысуы тиіс?

Жауап: МӘМС жүйесін ақпараттық-түсіндіру кампаниясы шеңберінде құрылған республикалық және аймақтық штабтар реформаны түсіндіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Олар жұртшылықпен кездесіп, жүйені түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, әр аймақтағы медицина қызметкерлері үшін семинар-тренингтер өткізеді. Аймақтық деңгейдегі штабтарға әкімдердің орынбасарлары жетекшілік етеді.

Сұрақ: Компания «Медикер Ассистанстың» ерікті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде сақтандырылған. МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметтерді «бір терезе» принципі бойынша, соның ішінде, Медикер Ассистанс арқылы алуға бола ма?

Жауап: Қор Медикер Ассистанс компаниясымен ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақтағы ынтымақтастық деңгейі осы келіссөздердің нәтижесіне қарай анықталады.

Сұрақ:

1. Денсаулық сақтау министрінің емханаға тіркелу науқаны жөніндегі бұйрығында кампанияны биылғы жылдың 15-қыркүйегі мен 15-қарашасы аралығында өткізу жоспарланған. Осы халықты тіркеу науқанына жеке меншік клиникалар қатыса ала ма?

2. Жан басына қарай ақы төлеу нормативтері жеке меншік клиникаларды қанағаттандырмайды. 2018 жылы аталған нормативтер көтеріле ме?

3. Жеке меншік клиникалар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу шығындарын түзету коэффициенті қарастырылған ба?

Жауап:

1. «Емханаға тіркел де, өз мәртебеңді анықта» атты шара 2017 жылдың 1 сәуірінен бері өтіп жатыр. Шара 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасын табады.

Ағымдағы тіркеу науқанының маңызы зор және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық шараларының бірі болып табылады.

Азаматтар бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек ұйымдарына тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс орны, оқу орны бойынша тіркеледі. Оларға дәрігер мен медицина ұйымын белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде таңдау құқығы беріледі. Азамат дәрігер мен емхана таңдау құқығын жылына ары кетсе бір рет пайдалана алады.

Бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек ұйымдары азаматтарды жеке өзі барған жағдайда тіркейді. Жазбаша келісімі болса отбасы мүшелерін де тіркеуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін еркін формада өтініш жазу және отбасы мүшелерінің жеке куәліктері талап етіледі.

Тіркеу науқаны барысында еліміздің әр азаматы қандай бастапқы дәрігерлік-санитарлық ұйымға тіркелгенін анықтап қана қоймай, өзінің қандай санатқа жататынын білуі тиіс. Сіз кімсіз? Жалдамалы жұмыскер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ресми табысы жоқ азаматтар немесе ресми түрде тіркелген жұмыссыздар санатының қайсысына жатасыз? Ертең сақтандырылған мәртебесін және қажетті медициналық көмекті алуда қиындықтар туындамас үшін осыны бүгіннен бастап анықтап алыңыз. Бұл шараға КТМКК шеңберінде медициналық қызмет көрсететін ұйымдар тізіміне енген жеке клиникалар да қатысады.

Мұндай акциялар болашақта да өткізіледі және оған МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдар тізіміне қосылатын жеке меншік клиникалар да қатыса алады.

2. Жеке меншік медицина ұйымдары МӘМС  шеңберінде қызмет көрсететін жеткізушілер тізіміне енсе, оларға Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне кіруге мүмкіндік беріледі. Олар қажетті мәліметтерді сол жүйе арқылы алып отырады.

3. Жан басына қарай қаржыландыру нормативтері 2018 жылы өсе қоюы қиын. Өйткені, МӘМС жүйесі енді ғана іске қосылмақ. Болашақта аталған нормативтер көлемі өсуі мүмкін.

Сұрақ: Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын мүгедек МӘМС жарнасын төлеуге міндетті ме?

Жауап: ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 26-бабы 1-тармағына сәйкес, мүгедектер міндетті сақтандырумен мемлекет қамтамасыз ететін жеңілдігі бар 14 санатқа жатады. Яғни, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын мүгедек азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын немесе аударымдарын төлемейді.

Сұрақ: Мен жалдамалы жұмыскермін. Жеке кәсіпкерлік субъектісінің иесімін. Заң бойынша мен үшін жұмыс беруші де, мен өзім де ЖК ретінде жарна төлеуім керек па?

Жауап: Егер сіз жұмыскер болсаңыз сіз үшін жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс беруші төлейді (жалақыңыздың 1 пайызы көлемінде).

Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна төлейсіз.

Жеке кәсіпкерлер, жеке меншік нотариустар мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс табатын жеке тұлғалар 1 шілдеден бастап аударым есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде жарна аударады. 

Жеке кәсіпкерлер үшін аударымдарды есептеу объектісіне республикалық бюджетте ағымдағы жылға белгіленген 2 төменгі айлық жалақы жатады  (ҚР заңдарына сәйкес, салық есебін тапсыруды тоқтатқан жеке меншік нотариустар мен жеке сот орындаушыларын, кәсіби медиаторларды және заңға сәйкес салық есебін тапсыруды тоқтатқан немесе әрекет етпейтін нысан ретінде танылған жеке кәсіпкерлерді қоспағанда).

Сонымен қатар, жарна есептеу объектісі республикалық бюджетте ағымдағы жылға белгіленген 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы тиіс.

Жарна жеке тұлғаның ай сайын табатын табысының жалпы сомасынан есептеледі және оның ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы шарт.

Жұмыскер табысынан алынған жарна 15 төменгі айлық жалақыға (республикалық бюджетте ағымдағы жыл үшін белгіленген) тең болса жеке тұлғаның өзге табысынан жарна алынбайды. Ол үшін жарна төленгенін растайтын құжат болса жеткілікті. Бұл құжаттарға алынған табыс сомасы, есептелген және төленген жарналар туралы анықтама жатады. Анықтаманы салық агентінен алуға болады.

Сұрақ: Егер жеке тұлға ЖШС немесе ЖК иесі болса жарнаны өзі үшін қалай төлейді?

Жауап: Егер жеке тұлға ЖШС иесі болса, қарамағындағы жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде жарна төлейді.

Жұмыс берушілердің Қорға төлейтін аударымдарының мөлшері мынадай:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – жарна есептеу объектісінің 1%;

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 1,5%;

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жарна есептеу объектісінің 2%;

2022 жылдан бастап – жарна есептеу объектісінің 3%.

Егер жеке тұлға жеке кәсіпкер болса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жарна есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде жарна төлейді.

 Жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісіне республикалық бюджетте ағымдағы жыл үшін бекітілген екі төменгі айлық жалақы жатады (салық есебін беруді тоқтатқандар мен ҚР салық заңы негізінде әрекет етпейтін нысан ретінде танылған жеке кәсіпкерлерден басқасы).

Жеке кәсіпкерлер жарнаны өздері есептейді және ай сайын өз бетінше төлейді.

Жеке кәсіпкерлер ай сайынғы аударымдар мен жарналарды банктік операциялардың жекелеген түрлерімен айналысатын ұйымдар (әрі қарай – «Қазпошта» АҚ) немесе банктер арқылы аударады. Қаражат әрі қарай Мемлекеттік корпорация тарапынан қордың есеп-шотына аударылады.

Сұрақ: Жұмыс беруші қарамағында еңбек ететін зейнеткер үшін жарна төлеуге міндетті ме? Сонымен қатар, жұмыс беруші төлейтін әлеуметтік салық қайда кетіп жатыр?

Жауап: Жұмыс беруші қарамағында еңбек ететін зейнеткер үшін жарна төлемейді. ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 26-бабы 1-тармағына сәйкес, зейнеткерлер, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен соғыс мүгедектері үшін жарнаны мемлекет төлейді. Осылайша, жұмыс беруші ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 27-бабы 3-тармағына сәйкес, зейнеткерлер, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен соғыс мүгедектері үшін жарна төлеуден босатылады.

Ал, әлеуметтік салық мәселесі үшін Қор жауап бермейді.

Сұрақ: ОҚО бойынша емханаға тіркелу туралы мәлімет берілген жоқ. Алдағы уақытта бұл туралы ақпарат алуға бола ма? Емханаға кімдер тіркелуі керек және ол үшін не істеу қажет? Медициналық сақтандыру қызметін пайдалану үшін балаларды қалай тіркейміз? Басқа жаққа іс-сапарға барған азаматқа сол жерде медициналық көмек көрсетіле ме? МӘМС туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік беретін интернет-ресурсы бар ма?

Жауап: Емханаға тіркеу науқаны КТМКК шеңберінде жыл сайын 15-қыркүйекте басталады.

Ағымдағы тіркеу кампаниясының маңызы зор және ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық шараларының бірі болып табылады.

Азаматтар бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек ұйымдарына тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс орны, оқу орны бойынша тіркеледі. Оларға дәрігер мен медицина ұйымын белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде таңдау құқығы беріледі. Азамат дәрігер мен емхана таңдау құқығын жылына ары кетсе бір рет пайдалана алады.

Бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек ұйымдары азаматтарды жеке өзі барған жағдайда тіркейді. Жазбаша келісімі болса отбасы мүшелерін де тіркеуге мүмкіндік беріледі. Ол үшін еркін формада өтініш жазу және отбасы мүшелерінің жеке куәліктері талап етіледі.

Тіркеу науқаны барысында еліміздің әр азаматы қандай бастапқы дәрігерлік-санитарлық ұйымға тіркелгенін анықтап қана қоймай, өзінің қандай санатқа жататынын білуі тиіс. Сіз кімсіз? Жалдамалы жұмыскер, жеке кәсіпкер, ресми табысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар немесе ресми түрде тіркелген жұмыссыздар санатының қайсысына жатасыз? Ертең сақтандырылған мәртебесін және қажетті медициналық көмекті алуда қиындықтар туындамас үшін мұны бүгіннен бастап анықтап алғаныңыз жөн.

МӘМС шеңберінде медициналық қызмет 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап көрсетіледі. 18 жасқа толмаған балалар жеңілдігі бар санатқа кіреді және олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Басқа қалаға барып ауырып қалған жағдайда оған шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бірақ жоспарлы емді тұрғылықты жері бойынша тіркелген емхана арқылы ғана алуға болады.

 МӘМС туралы мәліметті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның – www.fms.kz сайтынан алуға болады.

Қазақстан республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нормативтік құқықтық актілерінің жобасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің www.mz.gov.kz интернет-ресурсынан таба аласыздар ( «заң шығару қызметі»/»нормативтік-құқықтық актілердің жобалары» бөлімінде) (сілтеме – www.mz.gov.kz/ru/kategorii/proekty-normativnyh-pravovyh-aktov).

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер