astana-view

Бизнес-омбудсменнің көмегімен ОҚО-дағы инвестициялық жобаға келтірілген кедергі алынып тасталды

2017 жылғы 03 Шілде
5903 просмотров

Инвестициялық жобаға айтарлықтай кедергі келтірген кеден қоймасында тауардың бір күн кешігіп қалғаны жөніндегі келеңсіз жағдай кәсіпкердің пайдасына шешілді. Астанада «Ордабасы құс» ЖШС-не тиесілі тауарды тәркілеуге байланысты түпкілікті шешім қабылданды.

Тоғыз айдан астам уақытқа созылған кедендік құқық бұзушылыққа қатысты сот ісіне нүкте қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында кәсіпкерлер палатасына құқықтық көмек сұрап, ОҚО-нан «Ордабасы құс» ЖШС жүгінген болатын.

Еліміздегі күркетауық етін өндіретін жалғыз құс өсіру кешені өз қуатын екі есеге өсіру мақсатында, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен инвестициялық жобаны қаржыландыру жөнінде келісімшарт жасасқан болатын.

«ҚазАгроҚаржы» Түркиядан жабдықтарды сатып алып, аталмыш компанияға лизингке беруі тиіс еді. Барлық құрал-жабдықтар әкелініп болған еді, тек астық сақтауға арналған жалпақ түпті сүрлем ғана жетіспей тұрған болатын. Дәл осы сүрлем бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ (салақтығына байланысты) кедендік рәсімдеуді уақтылы жасамаған және УСҚ-да сақтау мерзімін ұзартпаған. Тауарды бір күнге кешіктіргені үшін сот «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на 106 мың теңге айыппұл салып, құны 60 млн. теңге тұратын жалпақ түпті сүрлемді тәркілеуге шешім шығарды. Кәсіпкер әлі кіріске алып үлгермеген жабдық квазимемлекеттік кәсіпорынның меншігі болып саналатындықтан, сот оны мемлекет меншігіне өткізді.

Осы бір ғана сұрақтың шешімін табу үшін кәсіпкер бірталай сабылды, ал мәселеге бірінші жауапты «ҚазАгроҚаржы» болса тек күтумен шектеліп, бюджет қаржысын сақтауға ниет танытпады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на бәрібір және ол өз қызметкерлерінің салақтығына көз жұма қарағандай әсер қалдырды. Өйткені барлық құрал-жабдықтар 900 мың АҚШ долларына Ұлттық қордың есебінен алынған болатын. Ал кәмпескеленген тауарды (177,3 мың АҚШ доллары) өткізу кезінде ол металл сынықтары ретінде ғана сатылады, себебі ол жабдықтың бір бөлігі ғана және ол Қазақстанда «Ордабасы Құс» ЖШС-нен басқа ешкімге де қажет емес.

ОҚО кәсіпкерлер палатасының заңгерлерінің барлық сатыларда келтірген мемлекеттік тауарды мемлекет меншігіне қайта тәркілеу экономика тұрғысынан тиімсіз деген дәлелдерін ешкім тыңдай қоймады. Сонымен қатар, бұл агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен кәсіпорынның одан әрі жұмыс істеуіне кедергі келтіреді дегенді де естір құлақ болмады. Егер кәсіпорынның алдын-ала жаңа жоба үшін кадрлар дайындағанын ескерсек, бұл инвестициялық жобаның іске аспауының салдарынан қысқарту қаупі  (жақын жатқан 6-7 ауылдың тұрғындары жұмыссыз қалады) және әлеуметтік шиеленіс қаупі төнеді.

Өңірлік деңгейде шешімін таппаған мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланып, «Атамекен» ҰКП-на жөнелтілді. Кәсіпкерді кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов қабылдады. Бизнес-омбудсмен Бас прокурордың атына аталмыш әкімшілік іске қатысты тауарды тәркілеудің күшін жоюды сұрап, хат жазды. Бас прокурор Жоғарғы сотқа кассациялық наразылық енгізді.

2017 жылдың 3 шілдесінде ҚР Жоғарғы сотының кассациялық сот алқасы ҚР Бас прокуратурасының «ҚазАгроҚаржыға» қатысты кассациялық наразылығын қанағаттандырып, аталмыш әкімшілік іске қатысты сот ісі өзгертіліп, құны 60 млн. теңгеден асатын тауарды тәркілеу ісі тоқтатылды.

Осылайша ҚР «Атамекен» ҰКП мен бизнес-омбудсмен тек қана отандық өндіруші «Ордабасы Құс ЖШС»-не ғана көмектесіп қоймай, сонымен қатар, сотта кесілген жазаның экономикалық  тиімділіне қатысты әділдік орнатуға көмектесті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер