astana-view

Кәсіби білім сапалы маманның қатарын арттырады

2017 жылғы 31 Шілде
- Солтүстік Қазақстан облысы
8452 просмотров

Петропавлда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылған қысқа мерзімді курсты 600 адам тәмамдады

Үш ай ішінде білім алушылар әлеуметтік жұмысшы, электрмонтаждаушы, автослесарь, автоэлектрші, тракторшы, слесарь-сантехник,, дәнекерлеуші, бухгалтер, аспаз, «В» санаттты жүргізуші, кондитер, шаштараз, тігінші, маникюр шебері мамандықтарын игеріп, кәсіпкерлік негіздері бойынша тәлім алды.

Оқу курсы аяқталғаннан кейін, емтихан тапсыру сәті де жетті. Комиссия алдында толғанысты жасыру мүмкін емес еді. Қызмет көрсету саласы колледжінде білім алған 37 кондитер, 7 шаштараз, 11 аспаз аттестациядан өтті.

«Тәлім алушылардың жастары әрқалай, дайындық деңгейлері де әртүрлі, дегенмен емтиханды жақсы тапсырды. Сынаққа салалық кәсіпорынның өкілдері қатысып, білім алушылардың көпшілігін жұмысқа шақырды. Түлектердің барлығына да кәсіби дайындығы туралы куәлік берілді. Бұл көпшілігінің кәсіби білім алғаны туралы алғашқы құжаты», – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Светлана Цупко.

Оқу барысында тыңдаушыларға оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіліп, стипендия беріліп, шалғай аймақтан келгендерге жолақысы да берілді. Сонымен қатар, тұратын орынды жалға алушылардың да шығынын өтеу қарастырылған. Ұстаздардың айтуынша, жалпы алғанда білім алушыларға жасалған жағдай жақсы.

«Оқу орындарына шығын материалдарын алу үшін қаражат бөлінеді, бұл практикалық сабақтың жоғары сапада өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндірісте курстан өткенде, тәлімгер-жетекшіге де ақы төлеу қарастырылған», – деп түсіндірді Светлана Цупко.

Түлектер осындай курстардың қажет екенін атап өтті. Себебі жаңа икем мен машық жұмыс табуға, жеке кәсіппен айналысуға жол ашады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер