astana-view

Орындалған міндет: кәсіпкерлердің 125,7 млн теңге қаржысы қорғалды

2017 жылғы 31 Шілде
- Жетісу облысы
7236 просмотров

Алматы облысында өңірдегі 23 колледж және 91 кәсіпорынмен дуальді білім беру арқылы маман дайындау бойынша 133 келісімшарт жасалды

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстың қорытындысын жариялады. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметов пен кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Әділет Сұлтанбек сөз сөйледі. Спикерлер Кәсіпкерлер палатасы өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда биыл барлық сала бойынша көрсеткіштерді арттырғанын ерекше атап өтті.

Бірінші жартыжылдықтық қорытындысы бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 114 өтінім түскен. Оның ішінде 59-өтінім оң шешілген, яғни 51,8%. Қалған өтінімдер әлі де қаралу үстінде. Жарты жыл ішінде Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы 125,7 млн теңге мүліктік құқықты қорғаған.

«Өтінімдердің көбі жер қатынастарына байланысты. Кәсіпкерлерден түсетін өтінімдердің ішінде көбі салық қатынастары, мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік органдардың әрекетіне қатысты. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес өзекті мәселелерді шешуде үлкен үлес қосып отыр. Жарты жыл ішінде 4 жиын өткізіп, 15 түйткілді мәселе көтерілді, оның ішінде 9 мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілді», – деп хабарлады Әділет Сұлтанбек

Палата өкілінің айтуынша, мысал ретінде «Сарыөзек мұнай өнімдері» ЖШС жағдайын алуға болады. Кәсіпкерлер палатасының араласуымен компанияға қатысты 5 млн теңге көлеміндегі айыппұл алынып тасталған.

Сонымен қатар, өңірлік палата 6 ай ішінде 22 әкімшілік кедергіні анықтады оның 18-і республикалық деңгейде болса, 4-еуі жергілікті жерде орын алған.

Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдауға ерекше мән береді. Осы есептік кезеңде 3,6 мың кәсіпкер мен жеке тұлға тегін сервистік қызмет алып, 9 мыңдай кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұлғаларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат берілген. Кәсіпкерлер үшін жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 218 бизнес-жоспар жасалған. Оның ішінде 122,8 млн теңге сомасында қаржыландырылды.

Биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасын іске қостық. Бұл жоба кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін білім береді. Курс 30 күнге жалғасады. Бүгінде аудандардан 611 қатысушы білім алып, 53 қатысушы 300 млн теңге сомасында несие алды», – деп хабарлады Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов.

Палатаның маңызды бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп кешеніне қолдау көрсету. Жарты жыл ішінде Палата 12 ауыл шаруашылығы кооперативін тіркеді, оның ішінде 9 кооперативке «Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету қоры» арқылы қаржы бөлінді. Ауыл кәсіпкерлерінің біліктілігін арттыру үшін, сондай-ақ жаңа технологияны енгізуге көмектесу мақсатында облыста мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына арналған 21 семинар өтті, оған 404 тыңдаушы қатысты.

Кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік салада дуальді білім беруді енгізу мен дамытуды жалғастырып келеді. Осылайша бизнеске қажетті мамандарды дайындауға үлес қосып отыр. Бүгінде Дуальді білім беру картасына Алматы облысынан  техникалық және политехникалық мекемелердің 958 білім алушысы еніп, 23 колледжбен және өңірдегі 91 кәсіпорынмен дуальді білім беру арқылы маман дайындау бойынша 133 келісімшарт жасалды.

«Қазіргі таңда «Қытайға – жұмысшы мамандығын алуға» халықаралық жобасы жүзеге асырылып отыр. Ганьсу провинциясының Лянчжоу қаласындағы 3 колледжбен жасалған меморандум аясында біздің студентеріміз жұмысшы мамандығында тегін білім алады», – деп хабарлады Әсет Шаяхметов.

Спикерлер мемлекеттік сатып алулар, туризм, МЖӘ, саласындағы, сондай-ақ Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын жетілдіру жұмыстары жайында баяндады.

Әсет Шаяхметов 2017 жылдың 2-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарында негізгі бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстар жалғасатындығын атап өтті. Мұнымен қоса, халықаралық туристік форум мен аудан орталықтарында салалық іс-шараларды өткізу жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер