astana-view

Алакөл жағалауында салалық қауымдастық құрылады

2017 жылғы 04 Тамыз
- Жетісу облысы
10072 просмотров

Кәсіпкерлер көл жағасында орын алған мәселелерді тізді

Алакөл ауданының бизнесмендері саладағы мәслелерді бірігіп шешуге ынталы. Ол үшін салалық қауымдастық құру жоспарда бар. Қауымдастық құрамына көл жағалауында кәсіп ашқан демалыс аймақтар, қонақ үй, кафе мен мейрамхана иелері кіретін болады. Бірігу процесін іске асыру мен түйіткілдерді талқылау мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Табиғат қорғау прокуратурасы, жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік органдар өкілдері мен Көктума, Ақши ауылдарының тұрғындары мен кәсіпкерлері кездесті. Осы ауылдар Алакөл жағалауына едәуір жақын орналасқан елді мекендер.

Кездесу барысында кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары салық төлемдерін реттеу, қоқыстарды уақытында шығару және экологиялық заңнаманы қатаң ұстану бойынша мәселелерді көтерді.

 «Жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар Су кодексі мен Экологиялық кодекс ережелерін қатаң ұстану қажет. Бізге қоршаған ортаны қорғау, жағалаудағы тазалық, жалпы су аумағындағы территория тазалағын қадағалау маңызды. Өйткені жергілікті халықтың негізгі табыс көзі осы көлден келеді. Сонымен қатар Алакөл – өңірдің ғана емес бүкіл мемлекеттің табиғи  жауһары», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Әділет Сұлтанбек.  

Оның айтуынша ауданда қоқыс шығару мәселесі тым өзекті. Қоқыс машақатын түбімен жою үшін қоқыс сұрыптайтын кішігірім кәсіпорындар ашу ұсынылды.

Айта кетелік санитарлық және басқа да нормаларды ұстану мәселелері ҚР Үкіметі отырысында көтерілген болатын, онда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді аталған талаптарды қатаң орындауға шақырды.

Алакөл ауданындағы кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер көл жағалауында қоқыс контейнерлері мен биоәжетханаларды орналастыруды сұрады. Тұрғындар жанармай бекеттерінің тапшылығын да сөз етті. Жергілікті атқарушы органдар бұл сұрақты әкімдікте көтермек, ал әкімдік жаңа бекеттер салуға жер бөлуді қарастыратын болады.

Ал Табиғатты қорғау прокуратурасы көл қолжетімсіздігі жайында ұжымдық анонимді өтінім туралы хабарлады. Онда белгілі бір кәсіпкерлер көл жағалауын заңсыз қоршап,  халықты суға жібермейтіні туралы айтылған. Алайда кездесу барысында мұндай деректер расталмады.

Қазірга таңда Алакөл жағалауында суға түсу маусымы қызып тұр. Туристерді көптеп тарту мақсатында Үшарал қалашығында әуежай ашылды. Болжам бойынша көлге 700 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер