astana-view

Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының кәсіпкерлерімен аймақтағы бизнес қауымын толғандыратын мәселелерді талқылады

2017 жылғы 04 Тамыз
- Ақмола облысы
7605 просмотров

Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев аймақтағы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесіп, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында қатысушылар туристік саланы дамытуға бөлінген қосымша қаражаттың бөлінуін, сауда нарықтарын жаңғыртуды, «БЖК-2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бюджетті арттыруды, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері кооперативтерін қаржыландыруды, елді мекендердің бас жоспарын түзетуді, сонымен қатар Қазақстанда шағын индустриялық аймақтарды дамыту мәселелерін талқылады.

Кеңесте Өңірлік кеңес төрағасы, «Есіл» ЖШС бас директоры Қазбек Ескендіров,«Еңбек» ЖШС басшысы Қуаныш Рақышев, «Торговый дом» ЖШС бас директоры Алексей Смагин, «Новый Кокшетау» ЖШС басшысы Рустам Джангунаков, «Гормолзавод» ЖШС директоры Әсен Жақсылықов, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті Мәди Елубаев, сонымен қатар «Тренд+» ЖШС құрылтайшысы Ержан Қуанған сөз сөйледі.

Көтерілген тақырыптарға орай ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев және ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов түсінік берді.

Сөйлеген сөзінің барысында Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының басты басымдықтарының бір болып табылатынын атап өтті. Бұл бағытта бизнес үшін қолайлы жағдайлар тудыру бойынша шаралар жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде бизнес шығындарын азайту, тексерулерді қысқарту, несиелік қолдауды қайта реттеу мен кеңейту бар. Сонымен қатар, қазіргі кезде жаңа екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда: АӨК дамыту мен өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік, бұл бағдарламаларда да бизнесті қолдау тәсілдері қарастырылған.

Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев аймақтағы бизнес саласын дамытуда облыс экономикасының перспективалы салаларының бірі ретінде туризмге ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Бұл орайда туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру қажет.

Анықтама:

Ақмола облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны биыл 42,1 мың бірлікті құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2,2% көп.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер