astana-view

Кәсіпкердің тапсырысын арттыратын жоба

2017 жылғы 07 Тамыз
- Маңғыстау облысы
4992 просмотров

«Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыс» жобасын сәтті бастады

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Іскерлік байланыс» жобасы іске қосылды. Бағдарлама аясында Қазақстан-Британ техникалық университетінің Инжиниринг және ақпараттық технологиялар институты мамандары шағын және орта бизнес өкілдерін іскерлік қатынастың әдістеріне, маркетинг және жаңа жобаларды сүйемелдеу тетіктеріне үйретеді.

«Іскерлік байланыс» жобасы еліміздегі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде экономиканың басым бағыттағы секторларында істерін дөңгелетіп отырған шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге бағытталған.

Жоба ағымдағы жылдың мамыр және қазан айларының аралығында еліміздегі 10 қалада өткізілмек. Халық қай қалаға барып оқимын десе де шектеу жоқ. Яғни, Ақтау қаласындағы курсты өткізіп алған бизнес өкілдері Қарағандыға 7-18 тамыз күндері немесе Алматы қаласына 1-21 қыркүйек аралығында барып, жоба қатысушысы атануына мүмкіндік бар.

Оқу 2 аптаға созылады: 1 аптасы іштей (бизнес жаттықтырушылары өткізеді), кейінгісі сырттай (онлайн семинарлар мен қосымша консультациялардан тұрады). Ескерте кететін жайт, семинарлар Қазақстан бойынша тегін өткізіледі. Сізден тек жол ақысы мен оқу кезінде аялдайтын орныңызға кететін шығын қажет етіледі.

Семинарлар аяқталған бойда қатысушылар ҚБТУ мен «Атамекен» ҰКП атынан курсты сәтті тәмамдағаны жөнінде арнайы сертификаттарға ие болып, Германия жеріне барып тәжірибе алмасу мақсатында жолдамаға ие болу үшін бағдарламаның 2-кезеңіне өтеді.

Бұл кезеңде қатысушыларды бизнес өкілдерінен құралған Қазақстан-Германия комиссиясы сұхбаттасу және бизнес-жоспары бойынша іріктеп, Германия еліндегі алдыңғы қатарлы өндіріс орындарында төрт апта бойы тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін жолдама иелерін анықтайды.

Жолдамаға ие болғандар өздері жасап отырған кәсібіне сәйкес неміс жерінде сол саладағы ірі компаниялардың бизнес жүргізудегі тәжірибесін және тың жаңалықтарын меңгереді. Бірінші кезеңдегідей, жоба ұйымдастырушылары бұл сапарды да қатысушы үшін толық тегін жүзеге асырады. Демек, жоба қатысушыларына аз ғана шығын жұмсап, дамыған батыс мемлекетінің жоғары технологиялы өндірістерін өз көзімен көріп, кейін оны өз кәсібі аясында сәтті жүзеге асыруына зор мүмкіндік туады.

Өткен жылы осы жоба аясында екінші кезең жеңімпазы атанып, Маңғыстау облысы атынан кәсіпкер, «АРШЫН» ЖШС атқарушы директоры Шамшадинов Дулат Германияға барып қайтты. Осыған дейін ол басқаратын кәсіпорын тек төсеуіш тас (брусчатка) шығарумен айналысып келсе, батыс Еуропаға барып келгеннен кейін Дулат сол елдегі кәсіпорындардың технологияларын меңгеріп, арнайы төсегіш көлікті сатып алған. Техника адам күшіне қарағанда жұмыс көлемін бірнеше есе сапалы әрі жылдам орындайды екен. Оған дәлел ретінде көліктің 1,5 шаршы метр төсеуіш тасты шамамен 30 секундта орындайтынын айтсақ болады. Жаңа техникамен жұмыс жылдам жүргенімен сапасына кері әсері жоқ. Керсінше бүгінгі таңда кәсіпкер әкімдік тарапынан қала ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды салуға берілген тапсырысты арнайы техниканың көмегімен белгіленген күнен бұрын өткізубек. Кәсіпкер өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысын білдіріп «Іскерлік байланыс» жобасы нәтижелі екенін жсырмады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер