astana-view

Ұлы Жібек жолы: туризм мүмкіндіктері

2017 жылғы 08 Тамыз
8197 просмотров

Ұлы Жібек жолы аясында Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы 

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында 4 тамыз күні «Заманауи Фуцзянь – теңіз жібек жолының басталуы» тақырыбында Қытайдың Фуцзянь провинциясының туристік әлеуеті таныстырылымы өтті. Шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті қызметкерлері, туристік нарық өкілдері мен мүдделі тұлғалар қатысты.

 Шарада Фуцзянь провинциясы Туризм қауымдастығының президенті Лин Юй баяндама жасап, Ұлы Жібек жолының мемлекеттер арасындағы  қарым-қатынасындағы тарихи және замануи маңыздылығын атап өтті.

 «ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы Жібек жолы Астанамен танысты. Астананы тамашалап, ғажап қаланың Фуцзянь провинциясына ұқсастығын аңғардым», – ол Фуцзянь провинциясының туристік әлеуетін таныстырды. Онда қазір теңіз және жағажай туризмі дамып келеді.

 Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Юлия Якупбаева туризм саласы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықтың аралық қорытындысын және негізгі бағыттары жөнінде баяндама жасады.

 «Экономиканың түрлі салалары бойынша Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы жылдан жылға артып келеді. Осы ретте туризмде де ілгерілеу бар. 2017 жыл – Қазақстан мен Қытай туризмі жылы болып белгіленуі де бекер емес. Бізде ынтымақтастық пен ақпарат алмасуға арналған тұрақты алаң да бар – бұл Қазақстан-Қытай туризмінің форумы. Аталған форум алғаш рет 2016 жылы Астанада өткен болатын. Биыл форум жоспарға сәйкес Алматыда өтеді. Сондай-ақ, Қазақстанмен ынтымақтастық бойынша шілде айы басында Бейжіңде өтті», – деді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Юлия Якупбаева қытай туристеріне Қазақстанның көрнекті жерлері атап, ұсынымдар берді. Қытай делегациясына өзге мемлекеттер және қытайлықтар арасында сұранысқа ие қазақстандық брендтерге назар аудару ұсынылды. Юлия Якупбаева Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалануға шақырды. Мәселен, Өзбекстанға барғанда Шымкент пен Таразға бару ұсынылса, ал Әзербайжан, Түркия, Біріккен Араб әмірліктеріне сапарлағанда Ақтауға барып, қала көркін тамашалау ұсынылды.

 «2015 жылы қытай азаматтарына арналған туристік топтар үшін жеңілдіктер туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат та екі ел арасындағы туристік бизнестің дамуына жағдай жасайды. Биыл маусым айында қытайлықтарға арналған визасыз 72-сағаттық режим белгіленген, яғни Қытай қонақтары Қазақстанға «демалыс күннің туристі» ретінде келе алады», – деді Юлия Якупбаева.

Сөз соңында спикер Қытай туристік компаниялары мен туристеріне жағдай жасаудағы «Атамекен» ҰКП рөлін атап өтті. Айтулы шара концерттік бағдарламамен аяқталды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер