Кәсіпкер әйелдердің белсенділігі артатын болады
Әйел келбетіндегі Жасыл экономика. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Әйелдерді қолдау» жөніндегі сараптама тобы, «Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясы» және «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры жасыл экономиканы әйелге балап отыр. Олар қыз-келіншектерге қосымша жұмыс орындарын құруға септігін тигізетін экономикалық ынталандыру жобасын ұсынды, деп хабарлайды kazakh tv.
Майра АЙСИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
- Тәжірибе алаңы ретінде Алматы және Ақмола облыстарын алдық, шамамен 20 ауыл болады. Үйде отырған әйелдерді сол жерде оқытып, үйретеміз.
Аталған жоба кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, өндіріспен айналысуды қолға алғанға дейін жетекшілік етеді.
Салтанат РАҚЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ G-GLOBAL ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ ТӨРАЙЫМЫ:
- Біз осы жобаға үлкен сенім артамыз. Ақмола облысында жеміс-жидек жинауға болатын жерлер бар. Кейбір жемістердің табиғи түрінен гөрі өңделген кезде ағзаға келтіретін пайдасы көбірек екені анықталды.
Бүгінде Ақмола облысында 22 мың жұмыссыз бар, олардың дені - әйелдер. Жобаның арқасында 500-ге жуық ақмолалық әйел өздеріне лайықты жұмыспен айналысуға мүмкіндік алды. Арнайы оларға 600 мың теңге көлемінде 10 грант бөлініп отыр. Сонымен қатар қаржылай қолдау қорынан да несие алуға болады.
Елена ПРОПП, ВИКТОРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Заңгерлік білімім бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, осында дәмхана ашқым келеді.
Ал Викторовка ауылында тұратын Бибігүл Ақпаеваның отбасы осыдан үш жыл бұрын сүт өндірісін ашқан. 10 миллион теңге несие алып, құрған өндірісінің арқасында жаз кезінде Садовыйдағы сүт зауытына күніне бес тоннаға дейін шикізат жіберіп, ауылдағы әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бибігүл АҚПАЕВА, ВИКТОРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Біз ауылда туып-өстік, осында үйлі-күйлі болдық. Қазір үш бала тәрбиелеп отырмыз. Жұмыспен қамту орталығының бағдарламасы бойынша 5 пайызбен беріп отырған несиені алып, сүт қабылдау пунктін сатып алдық. Қорықпай батыл болсаң, еңбектенсең, мақсатына жетесің. Ал үйде қол қусырып отыра берсең, ешқандай жетістікке жетпейсің.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: