astana-view

Кәсіпкер құқығы басты назарда

2017 жылғы 22 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
5220 просмотров

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер Палатасында кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлықпен күресу Кеңесінің кезекті отырысы өтті

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды:

1) «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалы мен кәсіпкерлер Палатасы арасындағы газ тарту мәселесі бойынша бірлесіп атқарылған жұмыстарды қорытындылау бойынша;
2) Жаңаөзендік жеке кәсіпкер Қ. Жайлыхановтың мемлекеттік сатып алу саласына қатысты мәселесі бойынша;
3) Жаңаөзендік жеке кәсіпкер Ш. Таубаевтың жер қатынасындағы мәселесі бойынша;
4) Жаңаөзендік жеке кәсіпкер Д. Жанатованың жер қатынасындағы мәселесі бойынша;

Жыл басынан бері кәсіпкерлер газ тарту және ондағы кейбір олқылықтар, сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ МӨФ-мен арадағы даулы мәселелер жөнінде кәсіпкерлер Палатасының қарауына 69 арыз түсірген. 
Осыған байланысты Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер Палатасы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ МӨФ бірлесе отырып, әрбір арызданушының мәселесін жеке қарап, нәтижесінде бүгінгі таңда шағым түсірген кәсіпкерлер проблемасы толығымен шешімін тауып отыр. Бүгінгі Кеңес аясында осы жетістікті ерекше атап өткен кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Жанаев Әмірғали кәсіпкерлер мәселесіне бейжай қарамай, атқарылған істе көмек қолын созған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ МӨФ директорының орынбасары Ибраев Ернұр мырзаға алғыс хат табыстады.

Күн тәртібіндегі қалған үш мәселеге жеке тоқталып өтейік:
Кеңес отырысында жеке кәсіпкер Қ.Жайлыханов пен Жаңаөзен қаласындағы С. Бегендікұлы атындағы №4 орта мектебі арасындағы мемлекеттік сатып алуға байланысты туындаған келіспеушілікке жан-жақты баға берілді. Нәтижесінде анықталғаны – бұрынғы мектеп директоры мен есепшілеріі өз қызметтеріне салғырт қарап, салдарынан жеңімпаз болып танылған жеке кәсіпкер Қ.Жайлыхановқа электронды келісім-шарт заңда көзделген мерзімнен (жеңімпаз анықталғаннан күннен бастап 5 күн ішінде) кешігіп, тек 45 күнде ғана келген. Яғни конкурсты ұйымдастырушы тарап ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заң баптарын өрескел бұзған. Алайда өзгенің жіберген қателігі кәсіпкердің «жосықсыз жеткізуші» болып танылуына себеп болып, бүгінге дейін ол мемлекеттік сатып алу конкурстардың ешқайсысына қатыса алмай келеді. 
Кәсіпкердің мәселесімен жіті танысқан Кеңес қатысушылары заң талаптарын бұзған білім ордасының қызметкерлерін жауапкершілікке тарту жөнінде облыстық білім департаменті мен Жаңаөзен қалалық білім бөліміне ұсыныс жасайтын болып келісті. Сондай-ақ «Атамекен» ӨКП заңгерлері «жосықсыз жеткізуші» болып танылған кәсіпкердің құқығын сотта қорғап, бөгденің жауапсыздығынан зардап шеккен жеке кәсіпкер Қ.Жайлыхановты «жосықсыз жеткізуші» тізімінен алып тастау үшін жан-жақты көмек көрсететін болып шешті.

Ал жаңаөзендік қос кәсіпкер Ш. Таубаев пен Д. Жанатованың мәселелері әкімдік қызметкерлерінің кәсіпкерлердің құқығын шектеуі салдарынан туындап отыр:

• Жеке кәсіпкер Ш. Таубаев Теңге ауылы аймағынан дүкен салу мақсатымен 7 жылға жалға алу құқығымен жер учаскесін алады. Кәсіпкер дүкен құрылысын аяқтап, аталған жер учаскесін жеке меншікке сату жөнінде қала әкімі атына арыз жазады. Яғни заң бойынша жалдау құқығындағы жер учаскесі нысанды іске қосу жөніндегі актісі болған жағдайда жеке меншікке сатыла алады. Дәл осы құжаты бола тұра, кәсіпкерке әкімдік тарапынан белгісіз себептерге байланысты жер учаскесін жеке меншікке сату мүмкін еместігі айтылған жауап келеді. 
Осы мәселе бойынша кәсіпкерлер Палатасының көмегіне жүгінген 
Ш. Таубаев арада аздаған уақыт өте Жаңаөзен қаласы әкімдігі қаулысымен даулы жер учаскесін жеке меншікке сатып алды.

• Жеке кәсіпкер Д. Жанатованың да мәселесі осыған ұқсас. Айырмашылығы – жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша әкімдік тарапынан туындаған заңсыздықтарға қатысты. Дәлірек айтсақ, кәсіпкер Жаңаөзен қаласы аумағынан нысаналы мақсаты - шайхана құрылысы және қызмет көрсету деп көрсетілген жер учаскесін сатып алады. Алайда аталған қызмет түріне сұраныстың болмауы себепті басқа қызмет түрімен шұғылдану үшін жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын үй-жайларға қызмет көрсету етіп өзгертпек болып, қалалық әкімдікке арыз жолдайды. Бұл кәсіпкердің арызы бойынша да түрлі сылтауларға сүйенген жер комиссиясы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту жөнінде шешім шығарған. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер Палатасы бұл жағдайды бақылауына алып, мәселенің оң шешімін табу үшін жұмыстануда.

Осы тұста айта кететін маңызды жағдай бар:
Мемлекет қағазбастылықтан арылып, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында, кәсіпкерлерге сұраныстың аздығына және басқалай себептерге байланысты кәсібін ауыстырған жағдайда (мысалы дүкеннен шаштаразға немесе кафеден көлік жөндеу орталығына) жер учаскесінің нысаналы мақсатын үй-жайларға қызмет көрсету немесе коммерциялық нысан етіп бір рет қана өзгертуге мүмкіндік беріп, жеңілдік жасаған еді. Осы мақсатпен Жер кодексіне де өзгеріс енгізілді. Алайда облыс бойынша жоғарыда көрсетілген жағдайлардан бөлек, кәсіпкерлер осы мәселеге (жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту) келгенде әкімдіктер тарапынан түрлі қиындықтарға тап болу жағдайы көбейіп отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар жоғарыдағы екі мәселеге заң шеңберінде баға беру үшін және алдағы уақытта осындай мазмұндағы заңбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында «Атамекен» ӨКП атынан мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментіне ұсыныс хат жолдайтын болып, ортақ шешімге қабылданды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер