astana-view

Студенттерге soft skills дамыту керек

2017 жылғы 17 Қазан
7269 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскерлік әйелдер кеңесінің қолдауымен елордадағы жоғары оқу орындарда студенттерге арналған тренингтер өтті

Қазіргі заманда көшбасшылық қасиет пен бәсекеге қабілеттілікті әрдайым дамыту қажет. Өзіне-өзі сенімділікті арттырып, әлеуетті ашу мақсатында түрлі семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып келеді. Кәсіпкер мен өз ісін бастағысы келетін адам үшін қай жағынан болса да жетістікке жету маңызды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттеріне арнап тренинг өткізді.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, орта және жоғарғы топтың мамандары мен басшылары үшін ауқымы кең оқу бағдарламалары бар. Алайда, жастар, атап айтқанда ЖОО бітірген және үлкен өмірге қадам басқан студенттер жұмыс берушімен сәтті сұхбат жасауға негізделген қарапайым тренингтерден өтуге шамалары жете бермейді.

Студенттерге арналған тренингті «Филипп Моррис», «Дженерал Электрик» секілді халықаралық компанияларда 20 жылдан астам тәжірибесі бар Ғайни Дүйсенова өткізді.

«Сұхбаттан қалай сәтті өтуге болады?» деген тақырыпта өткен тренингте сұбаттасудың негізгі ережелерімен бөлісті. Әңгімелесу барысында қандай дүниелерге мән беру, жұмыс берушіге сұрақты қалай дұрыс қою, жұмыс істдеу кезінде қандай тетіктерді қарастыру керек екені жайлы мол ақпарат берді.

«Студенттерге біздің еңбек нарығымызда жұмыс істейтін компаниялар туралы ақпарат алуға көмектескім келеді. Қызықты сауалдар қойып, тақырыпты аша түскендері үшін қуаныштымын. Олардың оттай жанарларына, менің тәжірибемді қабылдағандарына қарау сондай жағымды. Студенттерге осындай интерактивті байланыс жетпейді, тұлғалық қабілетті (soft skills ) дамытатын тренингтергі өткізу қажет. Олар үлкен өмірге енді ғана қадам басып келеді, келешекте өзін өздері дамытуы үшін оларға қоғамға үйренісуге, бейімделуге жәрдемдескен абзал», - деп атап өтті Ғайни Дүйсенова.

Студенттер тренингтің пайдасы зор болғанын айтып, әрқайсы өздеріне қажеттіні алғандарын жасырмады. Бизнес-жаттықтырушы таныстырған кейстер сұбаттасуда ғана емес, жеке тұлғалық дамуда да қажет болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер