astana-view

Тимур Құлыбаев: Салық салу мәселесінде шынайы диалог орын алуы керек

2017 жылғы 20 Қазан
5370 просмотров

«Атамекен» бизнеске салықтық жүктеменің артпауына күш салады

Қарағандыда өткен Өңірлік кеңес отырысына «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мүшелері, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен бизнес өкілдері де қатысты.

Жиынды ашқан Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҚР ҰКП отандық бизнестің қолдау мен дамыту, сондай-ақ, бизнестің жүйелі мәселелерін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмысына тоқталды. Мәселен, жаңа Салық кодексін әзірлеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізілген.

«ҚҚС бойынша есепке қоюдың шектік мәні өзгермейді, қайтару процедурасы жеңілдетіледі. Талқыланып жатқан заң жобасы бойынша әлеуметтік салық мөлшерін 1,5%-ға төмендетуге күш салудамыз. Жалпы, «Атамекен» бизнеске түсетін салық ауыртпалығының ұлғаймауына қатысты жұмыс істеп жатыр және Қазақстан Республикасының Үкіметі біздің көзқарастарымызбен келіскені өте маңызды», – деді Тимур Құлыбаев.

Осы ретте «Атамекен» басшысы салық төлеу – тікелей бизнесмендердің міндеті, алайда бұл үдерісте ашық әрі шынайы диалог құрылуы керек, ал кәсіпкерлер мүддесі барынша қорғалуы тиіс деп атап өтті.

«Салықтық әрі кедендік төлемдер – бұл кәсіпкерлер, Үкімет, ҚР Қаржы министрлігін біріктіретін фактор. Егер осы үдеріс ашық әрі түсінікті пәрменде жүргізілсе, онда біз Елбасы белгілеген бағытта қозғалатын боламыз», – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа Төрағасының айтуынша «Атамекеннің» үлкен жетістіктерінің бірі ҚР Қылмыстық кодексінен «Жалған кәсіпкерлік» бабын алып тастауы болды. Алайда, салынып үлгерген айппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты мәселе әлі де бар.

Ұлттық палата мәліметі бойынша 180 млрд теңгенің 2/3 бөлігі қысқартуларға жұмсалады, осылайша қаржы бизнесмендердің ақша айналымынан шықпайтын болады. Қазір «Атамекен» бастамасымен Парламент депутаттары осындай контрагенттерге «салық амнистиясын» қолдану мәселесін көтеріп отыр.

Сонымен қатар Тимур Құлыбаев Ұлттық палатаның бастамасымен әзірленген «Бастау Бизнес» жобасы ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашуда шынайы мүмкіндік болып отырғанын тілге тиек етті. Оған дәлел ретінде республика бойынша жүзеге асып жатқан жаңа жобаларды айтуға болады. Төралқа Төрағасы әлеуметтік жауапкершілік тақырыбын да қозғады.

«Көптеген кәсіпкер Елбасының өңірлерде әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы үндеуіне қолдау білдірді. Біз өз кезегімізде жергілікті әкімдіктердің тасада қалмауларын сұраймыз. Бюджетте ресурстар жетпей қалған жобаларды анықтау керек. Өйткені мен қайырымдылықпен айналысатын көп кәсіпкерлерді білемін, олар қол ұшын созуға дайын. Қазіргі таңда қолданыстағы «Парыз» сыйлығының мемлекеттік сыйлық мәртебесіне дейін көтеру үшін жұмыс атқарып жатырмыз, осы арқылы бизнесмендер еңбегі мемлекет деңгейінде елену керек», – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу соңында қатысушылар өңірдегі кәсіпкерлердің жиі қайталанатын мәселелерін тиімді шешуге қатысты пікір алмасты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер