astana-view

Ақмола облысының диқандары вагон ала бастады

2017 жылғы 06 Қараша
- Ақмола облысы
5559 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы араласқаннан кейін Ақмола облысының жүк жөнелтушілерін жылжымалы составпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді

Еске салсақ, Атбасар ауданының кәсіпкерлері қазан айының соңында дабыл қаққан еді. Ақмола облысында егін егетін ірі аудандарының біріндегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері қомақты шығынға ұшырай отырып жиналған егінді өткізе алмаған, басты себеп – вагонның жоқтығы. Бұл туралы Өңірлік палата ұйымдастырған жиында айтылған еді.

Өткен жұмада «ҚТЖ–Жүк тасымалдау» АҚ Жүк тиеу, түсіру және жылжымалы состав департаменті ұйымдастырған жиында қатысушылар таяу уақытта дәнді-дақылды тасымалдауды ұйымдастыру келісіміне келді. Пікір алмасу барысында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов ең алдымен Атбасар ауданының кәсіпкерлерін қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

«Мұнымен қоса, жөнелтуді орындамағаны үшін жүк жөнелтушілерге әр он күн сайын айыппұл санкцияларын қолдануды алып тастау мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді спикер.

Пікір талқысының нәтижесі қазірден-ақ көрінді. Ақмола облысынан 2017 жылдың 6 қарашасында 354 вагон қажеттілігі туралы өтінім түскен. Бүгінде 272 вагон жеткізіліп, 82 вагон жол үстінде. Қазіргі таңда Атбасар бекетіне 37 вагон жеткізілді, ал Жарқайың ауданының Державинск қаласына 35 вагон келді. Мұнымен қоса, «Грейн пул» ЖШС қажеттілігіне бидай тасымалдау үшін 100 контейнер жөнелтілген.

Еске салсақ, Қазақстанның жүк жөнелтушілерін жылжымалы составпен қамтамасыз ету мәселесі «Атамекеннің» бақылауында. Ұлттық палата «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығымен «Атамекен» мен «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында Келісімге қол қою және жұмыс тобын, өңірлерде жедел штаб құру туралы алдын ала келісім жасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер