Қызылордада бақылау, қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлерді тексеру 19 пайызға төмендеген
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бөлім басшысы Дильмұрат Иминов Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Қызылорда облысының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында айтты
«Кәсіпкерлік қызметті жүргізуде заңсыз кедергі келтіретіндердің жолын кесу, бизнеске түсірілетін әкімшілік қысымды азайту біздің жұмысымыздың бағыты», - деген Дильмұрат Иминов өткен жылмен салыстырғанда бақылау, қадағалау органдары тарапынан кәсіпкерлерді тексеру көрсеткішінің төмендегенін жеткізді.
Мәселен өткен жылы бақылау, қадағалау органдары тарапынан 3126 кәсіпкерлік нысанын тексеру тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 19 пайызға төмендеп 2524-ті құраған.
Дегенмен мемлекеттік органдар тарапынан әлі де болса заңсыз тексерушілер қатары азаймай тұр екен. Дильмұрат Иминов Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасымен осы жылы жеке кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 44 фактісінің алдын алғандықтарын жеткізді. Кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге құлықтылардың басым бөлігін қоғамдық денсаулық сақтау органдары мен төтенше жағдайлар органдары құрап отыр екен.
Тиісті органдар жұмыс жасағанына қарамастан кәсіпкерлік нысандарын заңсыз тексеру фактілері бәрібір орын алыпты. Өткен жылы 2 факті ғана болса, биыл бұл көрсеткіш 12-ге жеткен. Заңсыз тексергендер де сол қоғамдық денсаулық сақтау органдары мен төтенше жағдайлар органдары екен. Аталмыш 12 заңсыз тексерудің 10-ы Жаңақорған ауданында орын алса, 2-еуі Қармақшы ауданында болған.
Осы ретте, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының мамандары Бас прокуратура қолданысқа енгізген «Qamqor» мобильді қосымшасын қолданып, тексеруге қатысты шағымдары болған жағдайда жедел түрде мәлімет жеткізуді сұрайды.
Кеңес отырысында Палата мен Басқарма кәсіпкерлерге оңтайлы орта қалыптастыру үшін алдағы уақытта да бірге жұмыс жасайтын болып келісті.
Бұл туралы Палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов: «Қазіргі таңда, Кәсіпкерлер палатасы мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқармасы арасында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында тығыз қарым-қатынас орнатылған. Соның бірін мысал ретінде айтар болсам, Палатаға «Сыр жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасымен тағайындалған жоспардан тыс тексерудің заңдылығын анықтап беру туралы өтініші түскен болатын. Палата заңгерлерінің атқарған жұмыстарының нәтижесінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқармасы мамандарының қолдауымен аталған жоспардан тыс тексеру заңсыз деп танылып, тексеру актісін тіркеуден бас тартылды. Бұл бір ғана мысал, ал бізде бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі жеткілікті», - дейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: