astana-view

«Алтын сапа»: «Абзал және К» ТС Nestle компаниясының әріптесі

2017 жылғы 27 Қараша
- Қызылорда облысы
5156 просмотров

Желтоқсан айында «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастырумен Астана қаласында өтетін «Алтын сапа» сыйлығына Қызылорда облысынан екі компания қатысады

Екеуі де облыстың ғана емес, республиканың бренді: «Арал тұз» АҚ мен «Абзал және К» ТС  Бүгін біз республикалық шараға қатысушылардың бірі – «Абзал және К» ТС-і туралы айтпақпыз.    

«Абзал және К» ТС ауылшаруашылық саласында, оның ішінде еліміздің күріш индустриясы саласының қарқынды дамып келе жатқан компанияларының бірі. Компания республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне сенімді түрде кіреді, күрішті өндіру және өңдеу қызметімен айналысуда және ауыл шаруашылық саласына инвестиция құюда.

 

Компания 1994 жылы Қызылорда қаласында құрылған. Алғашқы 9 жылда күріш сатумен айналысқан. 2003 жылы Компания дамуының маңызды кезеңдерінің бірі басталды: облысқа қарасты Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарынан әр қайсысынан 600 гектар жерге күріш егуді бастайды және жыл өткен сайын егістік көлемін арттыра береді.

Нәтижесі де көп күттірмеді. Компания екі шаруашылықтан 2003 жылы 4380 тонна өнім жинаса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 16 400 тоннаны көрсетті. Уақыт Компания басшылығына өз өнімдерін өңдеп шығаратын зауыт ашу қажеттігін көрсетті.

2005 жылы «Абзал және К» ТС-і Корей Республикасынан қара күріш ақтайтын қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш ақтайтын зауыт сатып алады. Сапалы өсіріліп, жоғары технологиялы зауыттан шыққан өнімдер 2010 жылдан бастап ішкі нарықтан өзге алғашқы экспортын Түркменстанға шығарады.  

ТМД елдерінің нарығына жолдың ашылуы күріш алқаптарының көлемін арттыруға да себеп болады, яғни 2005 жылы 4000 гектар күріш алқаптары болса, 2010 жылы 5250 гектарға жетеді. Сондай-ақ, күрішті өндірудің 5 жылдық тәжірибесі орташа өнімділіктің артуына негіз болады, 2005 жылы Нағи Ілиясов атындағы ауылда гектарына 42 центнер болса, 2010 жылы 62 ц/гектарға жетті және Бесарық ауылында 2005 жылы 38 ц/га болса, 2010 жылы 51 ц/га-ға жетті. Осылайша қара күріштің жалпы өнімі 2005 жылы 16 400 тоннадан 2010 жылы 30 270 тоннаға дейін көбейді. Осы жылы Компания екінші күріш ақтайтын зауыт алуды шешіп, қуаттылығы 5 тонна/сағат Қытай өндірісінің зауытын алып, іске қосады. Ал 2016 жылы аталмыш зауыт Германия елінің құрал-жабдықтарымен жетілдіріледі.

Бүгінде Компания «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «Фаворит» ақ күріштерін, «Камолино» күріш жармасын түр-түрімен, күріш ұсағы, күріш жемі, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді. Өндірістің ең көп ауқымды бөлігін «Янтарь» ақ күріші, «Лидер» ақ күріші және «Камолино» күріш жармасының түрлі сұрыптамасы құрайды.

«Абзал және К» ТС-нің негізін қалаушы «Еңбек Ері» Абзал Ералиев. Бүгінде Компанияға Мұрат Сәрсенбаев басшылық жасайды.

«Күріш индустриясы нарығында жүргенімізге 23 жыл болды. Бүгінде күріш тұқымынан бастап еліміздің барлық аймағы мен ТМД елдеріне тасымалдаудан тұратын толық жүйені қалыптастыра алдық. Өзіміздің егіс алқаптарымыз, өз зауытымыз бен логистика қызметіміз бар. Мекемемізде 350 адам жұмыс жасайды. Бүгінде тауарымыздың 50 пайызы ТМД елдері мен Монғолияға экспортталады», - дейді Компания директоры.   

«Абзал және К» ТС-і өз өнімдерін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Украина, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан мемлекеттерінің нарығына шығарады. Компанияның негізгі сатып алушылары азық-түлік сатумен айналысатын сауда компаниялары, сауда орталықтары және жарманы буып-түйетін компаниялар болып табылады.

Компанияның тұрақтылық пен орнықтылығының дәлелі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бекітуімен өтетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» республикалық конкурсын қатысып, жеткен жетістіктерін айтуға болады. Аталмыш конкурстың 10 жылдық тарихында Компания үш мәрте жеңімпаз атанды, екі мәрте Алтын белгімен марапатталды. Енді Ел президентінің «Алтын сапа» байқауында бақ сынап көрмек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер