astana-view

Италиялықтар отандық қайта өңдеу мамандарын серіктестікке шақырды

2018 жылғы 24 Қаңтар
6084 просмотров

Италияның «AmaPlast» (Италия) пластик пен резинаны қайта өңдеуге арналған жадбықты өндірушілер қауымдастығы Қазақстан бизнесмендеріне өз қызметін таныстырып, өз елінде экспорттаушыларға көрсетілетін қолдау жайлы баяндады

Кездесу Ұлттық палата алаңында өтті. Басқосуға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов, «AmaPlast» бас директоры Марио Маджани, «Italian Trade Agency» Италия компанияларын шет елде тарату және Италия Елшілігін интернационалдандыру агенттігінің директоры Сальваторе Парано жетекшілік етті. Сонымен қатар аймақтағы кәсіпкерлер онлайн байланыс арқылы қатысты.

Маджани мырза хабарлағандай, қауымдастықты негізгі міндеті – италиялық технологияны әлемге тарату. Бүгінде қауымдастықтың құрамына 170-тей ірі компания – өндіріс бойынша әлемде 3-орынды иеленетін, пластик пен резинаны қайта өңдеуге арналған жабдық пен пресс-қалып өндірушілер кіреді. «AmaPlast» әлемде қайта өңдеудің заманауи технологиясын таратумен ғана айналыспайды, ол кәсіпкерлер үшін тақырыптық оқу курстарын ұйымдастырып, компаниялардың шетелдегі танымал көрмелерге қатысуына ықпал етеді. Кәсіпорындар жыл сайын дүниежүзіндегі 10-15 көрмеге қатысады, Италияда да әр үш жыл сайын ірі көрме ұйымдастырылады. Биыл Миланда 29 мамыр мен 1 маусым аралығында өтеді.

Италиялықтар Қазақстан нарығы іскерлік ынтымақтастықты дамыту жағынан өте әлеуетті екенін жасырмады.

«Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақтың бөлшегі ретінде қараймыз. Қытаймен шекараласатын, Ресей нарығына шығатын, Азия елдерінің нарығымен байланыса алатын ел әлеті зор әрі қызықты. Бұл жағынан алғанда Қазақстанда мүмкіндік мол, біз Италия бизнесі үшін сіздердің нарықтарыңызды ары қарай дамытуға ықыласымыз бар», – деп атап өтті Марио Маджани.

Қазақстан Қаптаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров елімізде италиялық қауымдастыққа ұзақ мерзімде серіктес бола алатын компаниялар туралы баяндады. Мұнымен қоса шикізат тапшылығын ескеру керек – бұл отандық қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өзекті мәселе.

«Бізде полипропилен өндірісімен айналысатын компаниялар көп емес. Павлодар зауыты жұмыс істейді, Шымкеттегі кәсіпорынның базасында зауыт салу жоспарланған. Шикізаттың тапшылығы өңдеу өнеркәсібінің жұмысын дамытпай отырғаны жасырын емес. Біз шикізатты Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Оңтүстік Кореядан аламыз. Қазіргі таңда қайталама шикізатты жинайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындарға өтемақы төленеді. Сондықтан бұл бағытты дамыту тиімді», - деп атап өтті Батырбек Әубәкіров.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов Италияда отандық жабдық экспорттаушыларға қандай қолдау көрсетілетінін сұрады. Парано мырзаның айтуынша, басты үш құрал жұмыс істейді – несиені сақтаныру, өнімді шет елде өткізуге көмек көрсету және мемлекет бастапқы кезеңде кәсіпорынның акционерлері құрамына кіретін болса, қаржыландыру.

Сонымен қатар Маджани мырза Industry 4.0 ірі қолдау жобасы туралы айтты.

«Төртінші индустриялық революция үкіметтің өндірістік процестерлі анағұрлым көп автоматтандыруға бағыттаған бағдарламасы, ол кәсіпорындар үшін әлеуетті 9 элементтен тұрады. Элементтің бірі – өндіруші мен жеткізуші арасында тығыз байнланыс орнату (Just-in-time). Мысалы, егер мен пластик құты шығарсам, онда менің ақпараттық жүйем жеткізушіге қай уақытта қақпақтың бітетінін білуге мүмкіндік береді. Сол қақпақ жедел жеткізіледі. Мұнымен қоса, өндірістік процестердің виртуалдық «егізі» пайда болады, оның көмегімен өндірістің барлық тетігін бақылап, болжап, жаңа элементтерді енгізуге, технологиялық ауытқуларды ескертуге болады», – деп хабарлады Марио Маджани.

Кездесу соңында италиялық қонақтар екі елдің кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстың нығаятындығына үміт артты. «AmaPlast» өкілдерімен кездесуді «Қазақстан қаптаушылары қауымдастығы» ЗТБ және Италия елшілігінің Italian Trade Agency сауда алмасуды дамыту жөніндегі бөлімі ұйымдастырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер