astana-view

Бизнесті бастау кеңес алудан басталады

2018 жылғы 01 Ақпан
- Жамбыл облысы
2892 просмотров

Қаңтарда бизнес жүргізуді жылдам да оңай үйренгісі келетін 35 адам «Бизнес Кеңесші» оқыту семинарларына қатысып үлгерді

«Соңғы уақытта тыңдаушылардың санаты мен сапасы өзгерді. Бұрындары өздеріне сенімсіз, бизнестің қай түрімен айналысатынын, қай мекеменің есігін қағатынын білмейтін адамдар келсе, қазіргі таңда көпшілігі нақты шешім қабылдап, тас түйін дайындықпен келеді» – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнес тренері Гүлмира Метерова.

Айтуынша, әлеуетті кәсіпкерлер арасында «Бизнес-Кеңесші» курсына деген сұраныс жоғары, себебі 16 сағаттық оқыту жеткіліксіз білімнің орнын толтырып, маркетинг негіздері, адам ресурстарын басқару, заң тетіктерін білуге машықтайды.

«Кәсіпті бастауда ең басты кедергі ол адамның өз-өзіне деген сенімсіздігі екен.  Семинар қабілетімді айқындап, ой-қиялымдағы бизнес идеяны қағаз бетіне түсіруге ықпал етті, бойыма батылдық сезімін ұялатты. Қарекетім – әрекет». Сұхбаттаса келе әр қатысушының айтқаны осы болды.

Ерлі-зайыпты Мұхамбетәлі Алимов пен Анар Ахжігітова оқыту курсына қол ұстаса, иық тіресе бірге қатысуға келген. Бұл жұп бизнес-кеңесшінің ерекше қатысушылары, себебі бір отбасыдан екі бірдей адамның оқу курсына қатысуы – сирек кездесетін жағдай.   Жолдасының екі білектің, маңдай тердің күшімен құрылыс саласында тапқан ақшасы отбасысының күнкөрісіне ғана татиды. Жұбайы отбасы, ошақ қасы деп қара шаңырақтың берекесін келтіріп, бала-шағаның тәрбиесімен айналысады. Қатарлас жолдастарының басымы жеке кәсіптерін ашып, көл-көсір пайдаға кеңелгенін естіп, көрген олар жора-жолдастарынан мән-жайды анықтау үшін кеңестеріне жүгінеді.       

Кәсіпкер-құрдастары ең әуелі Кәсіпкерлер палатасы өткізетін «Бизнес Кеңесші» екікүндік оқу курсына қатысуға жөн сілтейді. Кеңестеріне құлақ асқан жас отбасы асқақ сенімнен, зор ынтамен оқуға жазылған екен.

«Менің ауылда шағын қора-жайым бар, қазірде ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлінуде, сондықтан да мен ірі қара мал басын асырап, оны көбейтумен айналыссам дейді. Ал, жұбайым кербездерді әрлейтін қалада сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр. Осылайша біз балаларымыздың жарқын болашағы үшін бизнеске қарай бет алдық» - дейді үйдің отағасы Мұхамбетәлі Алимов.

Әлеуетті және жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін өткізілетін «Бизнес кеңесші» жобасы арқылы 2017 жылы 1295 адам оқытылды,  сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ, «Бизнес Өсім» жобасы бойынша 130 адам оқу курсын сәтті аяқтаса, тәлімгерлік қағидатын қолданумен өтетін жобалық оқытуды 75 қатысушы тәмамдаған.  Бизнес тренер әр қатысушымен әлі күнге дейін ұдайы байланыста екенін жеткізеді.

Бизнес тренер Майя Өмірбекованың айтуынша, қатысушылардың басымы мемлекеттік қолдау бағдарламаларының түрі мен оларды қалай пайдаланудың жолын білмейді. Онымен қоса, сертификат «БЖК 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант байқауына қатысуда керекті міндетті құжат екенін кейіннен түсіне бастайды.

-Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды оңтайландыру, валюталық тәуекелдерді төмендету, кәсіпкерлік әлеуетті күшейту және жаңа жұмыс орындарының ашылуын көздейдіә, – деді Майя Оспанова.

Оқытудың бір ерекшелігі кері байланыс – яғни «Feet back» тәсілі арқылы тиімділігін бағалайды. Сұрақ-жауаптар қоя отырып, пікір алмасады.

Еске салсақ, «Бизнес-кеңесші» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бері  жүзеге асыруда.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер