astana-view

Талдықорғанда 60-тан астам оқушы квест ойынына қатысты

2018 жылғы 12 Ақпан
- Жетісу облысы
7185 просмотров

Балалар мамандықтар әлеміне саяхат жасады

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы және Didakt-kz кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығы «Х адамдар: Мамандықтар әлеміне саяхат» атты ауқымды квест ойынын ұйымдастырды. Биыл кәсіби бағдар беру іс-шарасы Талдықорған қаласының Оқушылар сарайында өтті.

Квест ойыны әр түрлі мамандықтардан құралатын 10 интерактивті стансадан тұрады. Бекеттерде оқушылар стансаның атын ғана емес, мамандыққа қатысты күрделі тапсырмаларды орындауы тиіс. Шараға Талдықорған қаласының 60-тан астам оқушы қатысты.

«Өткен жылдан бері кәсіби бағыт беру жұмысын жаңаша форматқа ауыстырдық. Мамандықтар бойынша дәрістерді қоя тұрып, оқушылар үшін танымдық квест ойынын ойлап таптық. Балалар тәжірибе жүзінде қарапайым кәсіби қабілеттерді бойларында шыңдауына мүмкіндік береді. Шарамызға қаланың жалпы білім беретін мектептерінен 9 топ қатысты», -  дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ардақ Қашқарова.

Қатысушыларға арналған бекеттерді құрастыруға Алматы облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті, №54380 әскери бөлімі, Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, «Білім» колледжі, Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі, сервис және технологиялар колледжі, агротехникалық колледжі, гуманитарлы-техникалық колледжі, медициналық колледжі және политехникалық колледжі қатысты.

Стансаларда балалардың жылдамдығы, ептілігі мен дәлдігі сарапқа салынды. Мәселен, «Құрыштан жасалғандар» атты бекетте құрастылырымдарды іс жүзінде күйдіріп, дәнекерлеуші мамандығы бойынша сұрақтарға жауап беру керек болды. Ал «Қайнар Құрылыс» бекетінде қатысушылар дайындалған үй макетін бөлшектеп, кейін қайта құрастырды.

«Бұл шара оң әсер мен жарқын сезімдер сыйлады. Ойын болғанына қарамастан, көпшілігіміз үшін болашақ мамандығымызды таңдауға өз көмегін тигізді», - дейді №9 орта мектеп оқушысы Аружан Қадыр.

Квест ойыны қорытындысы бойынша бірінші орынды №9 мектеп иеленсе, екінші және үшінші орындарды №12 мен №17 мектептер бөлісті. Жеңімпаздарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Олар өз кезегінде жалпы ойынның финалына жолдама алады.

«Балалардың көздерінен үлкен қызығушылық мен жаңа бастамаларға деген құлышынысты байқадық. Бастысы, оқушылар бақылаушы емес, белсенді қатысушы ретінде танылды, топ үшін өздерінің үлесін қосты. Біздің балалар өмірдегі ең негізгі - болашақ мамандық таңдауды жасай білуі тиіс», - деп қосты Didakt-kz кәсіби бағыт-бағдар беру және мансапты жоспарлау орталығының жетекшісі Гүлбарам Адамбаева.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, алдағы уақытта «Х адамдар: Мамандықтар әлеміне саяхат» квест ойынының қосымша екі іріктеу ойыны өтеді. Жеңімпаздар ойынның финалына қатыса алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер