astana-view

Текеліде жұмыссыздарды тігін ісіне баулымақ

2018 жылғы 15 Ақпан
- Жетісу облысы
2304 просмотров

Кәсіпорын жанынан жеңіл өнеркәсіп бойынша оқу орталығы ашылған

Алматы облысы Текелі моноқаласында «Текелі барыс» кәсіпорынының базасында оқу орталығы іске қосылды. Онда жұмыссыз азаматтарды тігін ісіне тегін оқытып, мемлекеттік шәкіртақы төлейді. Оқу орталығы 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыссыздар үшін қысқамерзімді оқыту жүргізу мақсатында ашылған.  

ЖШС басшысы Әйгерім Сәкенқызының айтуынша, қазіргі таңда 30 текелілік орталықта жаңа мамандық алуға ниет білдіріп отыр.

«Оқу орталығында сабақтар мен тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған бөлмелер бар. 13 тігін машинасы, қажетті маталар мен материалдарды сатып алдық. Оқушылар білім алумен бірге тапсырыс алып, оны орындап отырады. Курстың соңына қарай қатысушылардың кейбірін компаниямызға жұмысқа алсақ, ал қалғаны өз кәсіптерін аша алуға біліктіліктері мен мүмкіндіктері жетеді деген сенімдіміз», - дейді кәсіпкер.

«Текелі барыс» ЖШС оқу орталығы Текеліде кәсіпорын базасында ашылып, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Оқу орталықтарының реестріне енген алғашқы мекеме.  

Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовтың сөзінше, алдағы уақытта Текелі тау-кен өңдеу кешенінде де оқу орталығы ашу жоспарланған. Онда метталлургия саласына қажетті мамандарды дайындайтын болады.

Биыл Алматы облысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясындағы қысқамерзімді білім беру курсы барысында 500 адамды жаңа мамандықтар бойынша оқыту жоспарланып отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер